Мүмкіндігі шектеулі бала қоғамда көбінесе мүгедек бала деп танылатыны және көп жағдайда енжар өмір сүруге ұшырайтыны жасырын емес. Олар жастайынан үнемі кешенді оңалтуды, педиатр, жүйке ауруын емдеуші дәрігер, сынықшы, реабилитолог, физиотерапевт тарапынан емдеуді, сонымен қатар үздіксіз әлеуметтік-психологиялық көмекті қажет етеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту – олардың тұрмыстық, қоғамдық және кәсіби қызмет мүмкіндігін толықтай немес жартылай қалпына келтіру деген сөз. Шетелдік ғылыми және оқу-әдістемелік емдеу мекемелерінде емделуге бару ата-аналарға көптеген материалдық қиындықтар туғызады.

Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласында балалардың церебралды сал ауруы диагнозымен 644 бала тұрып жатыр. Өткен жылы «Жұлдызай» Корпоративтік қоры «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның демеушілігімен қаламызда 15-18 қаңтар аралығында менторлық бағдарлама бойынша «Мүмкіндігі шектеулі балалар қабілеті шексіз» атты жаңа жобаны іске қосқан болатын. Бұған Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, университеттік клиника және Қазақстан Республикасының Еңбек және дене шынықтыру қауымдастығының президенті Л.В.Дробышева қатысты. Аталған қор ағымдағы жылдың ақпан айына дейін жұмыс жасап, демеуші болмауына байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Ендігі кезекте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қаржыландыруымен өз жұмысын жалғастырып отыр. Алайда, орындар саны шектеулі болғандықтан, орталықта тек 130 бала ғана ем қабылдай алады.

Өткен жылда осы орталықта тұрақты түрде массаж, емдік және шынықтыру, ЭЭГ, магниттік және тоқпен емдейтін аппараты, невропатолог, ортопед-травматолог, логопед және психологтардың емдік шаралардан БЦС ауру диагнозымен ауратын көптеген балалар тиісті оңалту медициналық көмектерді алған. Орталыққа ай сайын еліміздің білікті мамандар келіп, арнайы консультациялық-диагностикалық емдеу шараларын өткізген. Қазіргі таңда «Жұлдызай» медициналық оңалту орталығында елордамызда біліктіліктерін арттырып, арнайы курс оқып келген 10 маман қызмет атқаруда. Олардың ішінде логопед, сылаушы, физиомедбике, нұсқаушылар мен координатор бар. Сырқаты бар сәбидің жанына үңіліп, денін сауықтыруға атсалысқан «жұлдызайлықтардың» қызметінің көрінісі – ем қонып, аяғынан тік тұра алатын балалар болсын.

Әсел ҚОЙШЫБАЕВА