Манаш-республикалық байқаудан жүлдемен оралды

Ақтөбе қаласында белгілі ақын, жыршы Кердері Әбубәкірдің 155 жылдығына арналған «Тамырларым тереңде, бұтақтарым биікте» атты республикалық жыршы-термешілер байқауы мәресіне жетті. Олардың арасынан жерлесіміз, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының қызметкері Манаш Әділбаев бірінші орынды иеленіп, облыс мерейін өсірді.
-Жалпы мен өнер жолына 14 жасымнан бастап келдім. Бұл жолы байқауға бір ай уақыт дайындалдым. Дайындығымды Ізмұрат Молбаев деген ағамыз қадағалады. Байқаудың талабы бойынша бірінші кезеңде Кердері Әбубәкірдің жыр-толғауын орындадым, екінші кезеңде «Қырымның қырық батырын» орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, қазылар алқасының жоғары бағасын алдым. Қазіргі жасап жүрген жұмысым шығармашылыққа еш қатысы жоқ болса да, жыршы-термешілердің байқауына жиі қатысып тұрамын. Менің шығармашылықпен айналысуыма қолдау көрсетіп, түсіністікпен қараған мекеме басшысы Нұрсұлу Мұхамбетяроваға, үнемі ақыл-кеңесін аямаған облысқа белгілі жыршылар Амандық Көмеков, Алмас Алматов, Ізмұрат Молбаевқа алғысымды білдіремін,-дейді Манаш Әділбаев.
Манаш-2014 жылы «Мейірбике» медициналық колледжін фельдшер мамандығы бойынша бітірген. Ұлттық өнерге жаны ашып, бүйрегі бұрып тұратын ол жұмыс жасап жүріп, облыстық, республикалық жыршы-термешілер байқауларына да жиі қатысып тұрады. Бұған дейін Манаш Жаңаөзен қаласында «Жеті қайғы» әндерінен ұйымдастырылған байқауда бағын сынап, екінші орынды иеленген.

Венера МИРЛАН