16 тамыз күні түнгі сағат 2:30-да Маңғыстаудың марқасқа ұлы Әділбек Ниязымбетов Рио Олимпиадасының жартылай финалында жұдырықтасты. Былғары қолғап шеберінің жанкүйерлері облыс орталығындағы «Қазақтелеком» АҚ ғимаратына жиналып, үлкен экраннан кездесуді тамашалап, боксшыға қолдау көрсетті. Жерлестерінің үмітін ақтаған Әділбек бұл жолғы кездесуін 3:0 есебімен аяқтап, финалға жолдама алды.

03

81 келіде шаршы алаңға шыққан жерлесіміз Әділбек Ниязымбетов Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, британиялық спортшы Джошуа Буатсимен кездесті. Бірінші раундтан бастап ширақ қимылдаған жерлесіміз бабында екенін көрсетіп, қарсыласын соққының астына алды. Үш раундта да әдемі ойын үлгісін көрсетіп, 23 жасар британиялық Джошуа Буатсиден ұпай санымен басым түскен Әділбек финалға жолдама алды.


01

-Бүгін Әділбек Алланың қалауымен, ұстазымыз Марат ағаның сызып берген сызығымен британиялық боксшыдан мықты екенін көрсетіп, әдемі жұдырықтасты. Қарсыласын бұрыннан көріп жүр, бірақ бұл жолы одан мықты екенін дәлелдеді, айқын басымдылықпен ұтты. Қазір Әділбек бабында тұрған боксшы. Алда финалдағы қарсыласынан бір бас жоғары басымдылықпен жеңіске жетеді деп сенемін,-деді біздің басылымға берген сұхбатында бокстан Әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов.

Енді Әділбек Олимпиаданың алтынын 19 тамызда Астана уақытымен түнгі сағат 00:30-да сарапқа салады. Бұл жолғы қарсыласы-үш дүркін Әлем чемпионы, кубалық Хулио Сезар Ла Крус. Әділбекке Олимпиаданың шыңын бағындырып, елге алтын медальмен оралуына тілекшіміз.

Венера МИРЛАН

02

3 ПІКІРЛЕР