18-19 шілде күні Ақтау қаласында халықаралық дәрежеде дзюдодан ерлер және әйелдер арасында ашық Азия кубогы өтеді. Жарыс Маңғыстаудың құрметті азаматы Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған. Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сәйкес өткізілетін турнирге 11 елден 250-ден аса спортшы келді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Азия кубогы аймақта ХІ рет өткелі отыр. Онда Гонконг, Оңтүстік Корея, Испания, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қырғызстан, Қазақстан елдерінен келген 250-ден аса дзюдошы бақ сынайды. Турнирде ерлер және әйелдер 7 салмақ дәрежесінде күреседі.

Ақтауда өтетін дзюдодан ашық Азия кубогіне 11 елден спортшы келді

Осы орайда, бүгін «Grand Victory» қонақ үйінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Конференцияға ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев, Азия дзюдо одағының спорт директоры Девит Картер, Азия дзюдо одағының төрешілер комиссиясының мүшесі Мун Вон Бае, Маңғыстау дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев, МО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Әлдібайұлы, Орта Азия елдерінің аға-төрешісі  Нұртазин Мухсин қатысты.

Ақтауда өтетін дзюдодан ашық Азия кубогіне 11 елден спортшы келді

Боз кілемде белдесетін спортшыларды қазақстандық және Оңтүстік Корея, Ресей мемлекеттерінен келген төрешілер бағалайды. Сонымен қатар жеңімпаздарға әлемдік рейтингте ұпайлар қосылмақ. Нақтыласақ 1-орын алған споршыға 100 ұпай, 2-орын алғанға 60 ұпайдан беріледі. Ал 3-орынды иеленген дзюдошыға 40 ұпай қосылады.

«Қазақстанда, оның ішінде Ақтауда өтетін спорттық жарыстардың ұйымдастырылуына, өту деңгейіне жоғары баға беремін. Себебі жыл сайын турнирге қатысушылардың саны артып отыр. Былтыр 9 ел Азия кубогына қатысса, биыл екі ел қосылып отыр. Олимпиадалық ойындар жақындаған сайын әр елдің командалары, дзюдошылары ұпай жинағысы келеді. Сондықтан осы ашық Азия кубогында белсенділік танытқаны біз үшін үлкен жетістік», — дейді Азия дзюдо одағының спорт директоры Девит Картер.

Ақтауда өтетін дзюдодан ашық Азия кубогіне 11 елден спортшы келді

Айта кетейік, ертең 18 шілде күні дзюдодан ашық Азия кубогы «Маңғыстау арена» спорт кешенінде өтеді. Жарыс екі күнге созылады. Жеңімпаздар 19 шілде күні анықталады.

Жарыс бағдарламасы

 18 шілде

10:00 – жарыстың басталуы

Ерлер: — 60 кг, — 66 кг,  73 кг

Әйелдер: — 48 кг, -52 кг, -57 кг, -63 кг

16:30 – жарыстың ашылу салтанаты

17:00 – ақтық белдесулер

19 шілде

10:00 – жарыстың басталуы

Ерлер: — 81 кг, — 90 кг,  — 100 кг, + 100 кг

Әйелдер: — 70 кг, — 78 кг, + 78 кг

17:00 – ақтық белдесулер

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН