ақжігіт

Бүгін, 17 шілде күні халықаралық дәрежедегі Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан тас жолы ашылды. Салтанатты шараға ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Әріпов және Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов қатысты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Екі елдің Премьер-Министрі нысанмен танысып, құттықтау сөз сөйледі. Содан соң жаңа жолда қозғалысты бастауға белгі берілді.

«Осы жолдың ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамуының және достығымыздың символы болып табылады. Оның негізін ҚР бірінші Президенті Н.Назрбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қалаған. ҚР Президенті Қ.Тоқаев Елбасының сыртқы саясат сабақтастығының негізінде жалғастырып, Өзбекстанмен қарым-қатынасының дамуына ерекше көңіл бөлуде», — дейді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Бұл жол — шекаралас аймақтардың транспорттық инфрақұрылымы, сауда көлемінің өсуі мен Қазақстан және Өзбекстанның транзиттік әлеуетінің орындалуына ықпал етеді. Жыл басынан бері тауар айналымы 20 пайызға артып, 1 млрд.долларға жеткен. Бейнеу селосы осы 85 шақырым тас жолды жалғап жатыр. Автожол Құрықтан шет елдерге жүк тасымалдайтын маңызды транспорттық инфрақұрылымдық объектке жатады. Бұл жолда сағатына 50-100 шақырым жылдамдықпен жүруге мүмкіндік туды. Енді жаңа жолда күніне 7 мыңдай көлік жүре алады.

«Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы соңғы жылдардағы біріккен күштің арқасында дәстүрге айналған тығыз қарым-қатынас сапалы жаңа деңгейге шықты, нақты істермен толықтырылды. Қысқа мерзімде біз жоғары көрсеткіштерге жеттік, біріккен ірі жобаларды іске асыруға көштік. Біздің жетістігіміздің негізі Мемлекет басшыларының еркіндігі, экономикалық мүмкіндіктерді әсерлі қолдану және мәдени-гуманитарлы ортадағы үлкен әлеует, соның ішінде Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясындағы іс-шаралар екені сөзсіз. Жаңа жол екі дос мемлекетке ұзақ қызмет ететініне сенімдімін. Құрметті достар, барлығыңызды жобамыздың сәтті аяқталуымен тағы да құттықтаймын. Ақ жол», — деді Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Әріпов.

Айта кетейік, бұл Ресей мен Кавказға шығатын ең қысқа жол. Халықаралық дәрежедегі Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан тас жолды салуды 2017 жылы бастаған. «Теміржол Жөндеу» ЖШС осы жолды қайта өңдеу жұмысын жүргізген. Оған 500-дей адам жұмылдырылған. Бұл жол көлік дәлізі көршілес елдер және Транс Каспий дәлізі үшін маңызы жоғары. Шекарада жолаушылар үшін жол көліктерін жылыту орталығы мен мединициналық орталық қызмет етеді.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Саби МАЙЕМЕРОВ