mangystau маңғыстау
Сурет сайт архивінен

Қазақта «тек», «текті» деген асыл сөздер бар. Мұның мәнісі әркімнің шыққан негізін, нәсілін, арғы атасының кім екенін білдіретін ұғым. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген бұрынғылардан келе жатқан тағылымды сөзге мән берсек, әр пенде өзінің кім екенін тануы үшін шыққан тегін білуге міндетті.

Бұрын шежіре шертер ақпа қариялар айтқанда қағып алатын зерек, құймақұлақ тыңдаушылар көп болған. Солар арқылы жеті ата ғана емес, бір рулы елдің қайдан шығып, қалай өсіп-өнгенін көз жазбай жіліктеп тарата білу – әрбір қазақ үшін өмірлік қажеттік еді. Осы жүйеге сүйеніп, Тобыш Бегей шежіресін ой елегінен өткізіп, сараптап көрелік. Адайдың үлкен бір тайпасы Тобышты алып бәйтерекке теңесек, осы бәйтеректің үлкен бір бұтағы – ер Бегей. Бегейден – Қадырқұл, одан Қозыбақ, Қосақ, Малай. Көнекөз қариялардың айтуынша, осы Бегейдің немересі Қадырқұлұлы Қозыбақ жол бастаушы, ту ұстаушылардың бірі болған. Бұрынғылар туды анау-мынау адамға ұстатпайтындығы сірәдан белгілі. Қозыбақ батыр атына мініп, жол жүре бастағанда төбесінде самұрық құс ұшып тұрады екен. Қозыбақ атамыз жауға қаншама рет шапқанда да туын құлатпай, жаужүрек батыр атанғанынан-ақ тегін адам еместігі сезіліп тұр.

Қозыбақтан – Дәуілдір бай, Қаржау, Қарақұл, Шаян тараған. Дәуілдір бабамыз байлығымен қоса атақты сахи болған адам екен. Ол туралы ұрпақтарының арасында аңыз әңгімелер көп. Өзінің белінен тараған үш бала – Сеңгір мырза, Мыңғыр бай, Еле- мес ірі-ірі үш ауыл болып, өніп-өсіп тараған. Ал Дәуілдірұлы Сеңгір атамызға ерекше тоқталуға тура келеді. Себебі жоғарыда аттары аталған ер Бегейдің немерелері бір төбе болса, қазақ тарихында олардың барлығынан да терең із қалдырғаны Қозыбақ батыр деп білу керек. Қалнияз Шопықұлы жыраудың:

Тартынбай шапқан ерлер-ай,
Қаптағанда жау қалмақ,
Солардың бірі бұрынғы,
Белгілі Бегей – ер Қозыбақ, – деп кіші жүз адайдың төрт тірегінің біріне теңеуінің өзі оның қандай адам болғандығының куәсі. Дәуілдірұлы Сеңгір мырзалығымен елге танылған жомарт кісі болған. Ол да әкесі сияқты сахи атағын алған. Заманында Сеңгір, Мыңғыр бай мырза болғанын қариялар айтып отыратын. Бата жасағанда: «Қозыбақта мырзалығы Мыңғыр менен Сеңгірдей бол, Бабықта байлығы Мыңбай менен Селбайдай бол», – деп ниет ететін. Осы аталған мырзалар Өмір, Темір, Төлеп, Қармыс,  Дауымшар,  Құдабайлармен замандас болған. Осы батырлардың жасақтарын қамтамасыз етуде зор үлес қосқан. Сеңгір атамыз осы адамшылық қасиеттерімен елге сыйлы адам болған. Ыбырай ахун Құлбайұлы жырларында:

Қозыбақ деген бір ауыл,
Жігіттері ер ауыл,
Айқын таза нұр ауыл.
Жақсылығы өлшеусіз,
Жамандықтан құр ауыл.
Дәуілдір, Қаржау болғалы,
Кем болмаған бұл ауыл.
Дәуілдірдің екі ұлы –
Мыңғыр менен Сеңгірдің,
Мысалы, соққан жел дауыл.
Байлығы асқан қатардан,
Өтеғұл мен Сарығұл.
Таусылмастай бар еді,
Бұларға біткен мал мен пұл.

Сеңгірден – Жарылғап, Жақып, Оразалы, Шығыс. Сеңгірдің үлкен баласы Жарылғап 1777 жылы туылып, 1862 жылы 85 жасында дүниеден өткен. Өмір сүрген жерлері қазіргі Байғанин ауданының Жем, Сағыз бойлары, түстігі Бейнеу, орталық Үстіртке дейін келіп қыстаған. Сеңгірдің Үстіртте қаздырған өзінің құдық шыңырауы бар. Ол Тұрыш ауылынан оңтүстік-шығыс бағытта 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Жарылғап атамыз да өзінің заманында малы көп, өте мейірімді кісі болған дейді. Жарылғаптан – Сүгірәлі, Шанай, Дәулет, Құдайберген тарайды.

Қырықмылтық Бақтығалиұлы Үбіғали жыршының толғауында:

Сеңгірден өсіп тараған,
Төрт ауылды ел екен.
Оразалы, Шығыс пен Жарылғап,
Жақып дер екен.
Өрісі кең, көк майса,
Малы, жаны көп екен, – дейді.

Біраз уақыт бұрын Сисем ата қорымындағы №568-ші күмбезді тамының Адай руының Тобыш Бегей тайпасының Сеңгір Жарылғап байға тиесілі екені анықталған болатын.  Көп ұзамай іздестірілудегі Қозыбақұлы Дәуілдір, Дәуілдірұлы Сеңгір аталарымыздың бейіттері де осы қорымнан табылды. Шамамен 1710-1783 ж.ж. өмір сүрген Дәуілдір бай Қозыбақұлы, Сеңгір Дәуілдірұлы 1740-1821 ж.ж. Аталған кісілер басына қойылған көне сәулет ескерткіштердегі арабша жазулар арқылы анықталды. Дәуілдір бабамыздың ескерткіші – сандықтас, үстіне қойтас қойылған, сандықтасының оң жақ қабырғасында араб әріпімен қашалып, есімі Дәуілдір бай екені жазылыпты. №563 құлпытас және тасқоршау: құлпытасындағы араб жазуларының мәтінін аударғанда бұл жерде есімі Дәуілдірұлы Сеңгір бәйбішесімен жерленгені анықталды. Сеңгірұлы Жарылғап атамыздың күмбез тамы ішінде орнатылған құлпытас эпитафиясы: «Адай руы, Тобыш Бегей тайпасы, Сеңгір баласы Жарылғап бай, офат 85 жасында, 1862 ж. Қылдырды баласы Құдайберген».

Батыр бабасының басына Дәуілдір, Сеңгір, Жарылғап ұрпақтары жиналып, рухына Құран бағыштап, садақа таратты. Сонда қалың көпшілік бабалар рухының жебеп-желеп жүруін тіледі.

Өткен тарихымызды толық жаңғыртып, келешек ұрпаққа жеткізу – қорық қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Кезінде осы мақсатта Қазақстан – Ақтау телеарнасының қызметкерлерімен бірлесе отырып, Үстірттегі тарихи орындар жайында бейнематериалдар дайындау мақсатында экспедиция ұйымдастырылған. Іс-сапар мүшелерінің құрамында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жаздырхан Сейдалыұлы және қажы Төремұрат Өмірзақұлы, жүргізуші Қуан Сабалақов болған еді. Іс-сапардың алғашқы нысанасы Сай-Өтес ауылынан Бейнеу тас жолы бойымен жүргенде 45 шақырым солтүстік-шығыс бағыттағы 1998 жылғы қазба жұмыстары нәтижесінде алғашқы көшпелілердің күн Тәңіріне арналған ғылыми әлемде сенсация болған Бәйте құдықтарынан басталды.

Бұрынғылардың айтуынша, Бәйті ата өз заманында дәулетті бай адам болған. Төрт түлік мал ұстап, осы жерден құдық қаздырған, бұл – Бәйті атаның қыстағы және жайлауы болған жер. Бәйтінің арғы тегі Бегей атамыздың Малайынан тарайды. Малайдан – Өтей. Өтейден Бәйті туады. Бәйтінің бесінші ұрпақтарының бірі – Жаздырхан Сейдалыұлы. Іс-сапар маршруты Бәйті құдығынан 35 шақырым солтүстік бағытта, қазіргі Қарақұдықмұнай кен орынындағы батыс үстірт шың жиегінде орналасқан Маңғыстау ауданы бойынша мемлекеттік қорғауда тұрған Қызылтас (Ново-Александровская) бекінісіне жалғасты.

Ескерткіштің қысқаша тарихына тоқталсақ: «Ресей мен Хиуа арасындағы шиеленіс жыл санап, ұлғая түсіп, орыс үкіметі – полковник Ф.Ф.Бергке (1793-1874 ж.ж.) арнайы экспедиция ұйымдастыруды тапсырады. Ол 1825 жылы Сарайшық қаласында экспедицияны болашақ жорыққа әзірледі. Сол жылы экспедиция 15 желтоқсанда Сарайшықтан шығып, Жемнен өтіп, Каспий теңізін жағалай отырып, Қайдақ сорына дейін келіп, Үстірт қыратына көтерілді. Одан Бейнеу, Сам, Желтау айналып, Сарнияз тұсында Жемнен қайта өтіп, Арал теңізіне беттеді. Әскери керуенді жол-жөнекей азық- түлікпен қамтамасыз ету мақсатында қамал салу үшін Маңғыстауға жіберілген белгілі саяхатшы, табиғат зерттеушісі Г.С.Карелин Қайдақ соры маңындағы Қызылтас мүйісін қолайлап, 1834 жылы осы жерде 500 адамдық әскер ұстайтындай Ново-Александровск қамалы салынды. Маңғыстау түбегінде патшалық Ресей ықпалының мықтап орнығуы осы қамалдан басталды. Бірақ кейіннен орыс бекінісі «Каспий – Хиуа» сауда жолының тірегі болуға қолайсыздықтар көрсетуіне байланысты қазіргі Форт-Шевченко қаласы жерінен жаңа Ново-Петровскі қамалы салынып, қоныс аударды».

Табиғаты әдемі, Қызылтас шыңының төменгі орта қабатында қираған мешіт және қорым сақталған. Жазба деректерде бұл мешіт руы Ақбота Бектұр баласы Дүйсенбай қажы есімімен байланыстырылады. Өңделген ұлу тастардан қаланған мешіт үйінің төбесі түгелге жуық ойылып, құлаған. ХІХ-ХХ ғ.ғ. басы кезеңдерімен белгіленетін бұл мешіт үйінің құрылысы төртбұрышты үлкен бір бөлмеден тұрады. Төбесі арка тәрізді етіп қаланған 4 күмбезі, тіреуіші, солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс қабырғаларынан қалдырылған терезе-ойықтары болған. Бөлме ортасында нақышты қашалған тіреуіш бағана және оңтүстік-шығыс қабатында михраб ойылып салынған. Жалпы мешіттің сәулет құрылысы еуразиялық сәулет өнері элементтерін ұштастырып қалаған жаңа бағыттағы ерекше үлгі болып саналады. Дүйсенбай қажы мешіттен 150 метрдей қашықтықтағы қорымда жерленген.

Нұрлан ҚҰЛБАЕВ,
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-­мәдени қорығы қызметкері