Күні кеше «Маңғыстау арена» спорт кешенінің төбесінен су кеткені туралы жазған болатынбыз. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Ақтау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қанат Жұмабаев кешеннің құрылысына жауапты мекемелер жөндеу жұмысын жүргізіп жатқанын айтты. Ол «Маңғыстау Құрылыс Инвест» және «Нұрсәт» мекемесі өкілдерімен жауынды күндері  ғимараттың төбесінен су кетуіне байланысты бас қосып, кешен құрылысының жөндеу жұмыстарын талқылаған.

-Объектіні 2017 жылдың 29 мамырында алу-беру  актісі бойынша қабылдадық. Қабылдау кезінде кейбір кемшіліктер анықталған болатын. Мердігер мен тапсырыс  беруші мекеме оны толықтай аяқтап береміз деді. Оны келісімшартта өздері көрсетті. Мердігерлердің екі жыл кепілдемелері бар. Төбесінен су кетуіне байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бірақ мына қатты жауында бұл жағдай тағы анықталды. Жаңбырға байланысты күрделі мәселе болып тұр. Осы бойынша хаттама жасақталып, тапсырыс беруші «Маңғыстау Құрылыс Инвест» мекемесіне және мердігер «Нұрсәт» мекемесіне толықтай тапсырма берілді. Олар жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын 30 қазанда аяқтап береді. Шатырынан өзге де кемшіліктерді жоятын болады, — деді Ақтау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қанат Жұмабаев.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суретті түсірген  Талант ҚҰСАЙЫН