Мұнайлы ауданының орталығындағы «Миғраж» мешітінің алдында «Отанды сүю—иманнан» деген тақырыпта жастарға арналған қызықты шара өтті. Әскериленген эстафета-марафон түріндегі бұл сайысты ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы және ауданның 10 жылдық мерейтойы аясында ауған соғысы ардагерлерінің Ақтау қалалық «Боевое братство» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Эстафета-марафонды ашқан Мұнайлы ауданының əкімі Нұрлан Тəжібаев жастарды құттықтап, қатысушыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін арнады. Аудандық «Ар-Рахман» мешітінің бас имамы Айдос Муталиев бүгінгі таңда қоғамды алаңдатқан жат діни ағымдар туралы айтып, жастарды Отанын сүюге үндейтін әңгіме өрбітті.

Сайыс жастардың автоматты шашып-жинаудағы жылдамдығын байқаумен басталды. Бұл жарыста көз ілеспес шапшаңдық көрсетіп, тапсырманы 33:06 секундта орындаған №5 орта мектеп оқушысы Еркін Байқұлов 1-орынды жеңіп алды. Ал №4 орта мектеп оқушысы Руслан Муханов 2-орынға шығып, №11 орта мектеп оқушысы Наурызбек Базарбаевқа 3-орын бұйырды.

Жарыстың негізгі кезеңі — эстафета-марафонда әрайсысының құрамына 3 ұл және 2 қыз бала енген 6 командадан құралған жастар мылтықтың үлгісін ала жүгіріп, келесі кезекте тұрған қатысушыға тез беруге тиіс болды. Желаяқ жастар мәренің соңғы нүктесінде орнатылған көк жалауды «Миғраж» мешітінің алдында желбіретуі керек. Бұл талаптарды асқан жылдамдықпен орындай білген №11 мектеп оқушылары бірінші жүлделі орынға ие болса, Қызылтөбе лицейінің оқушылары екінші және №5 мектеп оқушылары үшінші орындарды бөлісті.

Сайысқа қатысқан оқушылардың шеберлігі мен ептілігін аңдап, баға берген қазылар алқасының мүшелері «Миғраж» мешітінің бас имамы Руслан Баймұқанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Рахмет Садық, ауған соғысы ардагерлері Матжан Шаулиев, Мұратбай Оразов, Бердібай Айдынбаев, Жұмахан Қарасартов, Сағынбай Истурлиев  жеңімпаздарды әділ бағалады. Шара соңында аудан басшысы Нұрлан Төлегенұлы жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар тапсырды.

— Бұл шараны Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған және нашақорлық пен есірткіге тәуелді жастарды қоғамдық өмірге бейімдеуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу» туралы тапсырысы аясында ұйымдастырдық,-дейді «Боевое братство» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Шаулиев.-Мұндағы мақсат—өскелең ұрпақтың көкірегіне патриоттық сезімін ұялатып, имандылыққа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Әрине, балаларымыздың бойында осынау қастерлі сезімдер қалыптастырып, оларды  денсаулыққа да, жалпы өміріне зиянды болатын жаман әдеттерден сақтандыру шаралары бүгінгі бір жарыспен бітпейтіні белгілі. Біздің әрқайсымыз, әр ата-ана  осы жолда күш салуы керек. Және имандылыққа тәрбиеленген ұрпақтан өз Отанын шексіз сүйетін, ата дінімізге жат ағымдардың ара-жігін ажырата білетін, дені сау азамат өсіп шығатыны айдан анық. Біздің бүгін басталған шарамыз мұнымен тоқтап қалмайды, басқа аудандар мен ауылдарда да жалғасын табады. Осындай шараларға ата-аналар да қатысса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қатысушылардың барлығына құрмет көрсетілген эстафета-марафонда «Ар-Рахман» мешітінің бас имамы Айдос Муталиев пен ауған соғысының ардагері Мұратбай Оразов «Бауыржан Момышұлы» медалімен марапатталды.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

Бейнежазба фейсбуктегі «Мұнайлы жастар» парақшасынан алынды