Түпқараған аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Дариға Шалабаева

Маңдайы кере қарыс мықтылардың айтуынша, кез келген экономикалық дағдарыс – кәсіпкерлікті бастауға ең қолайлы кезең көрінеді. Шынымен солай ма, жоқ па, оны сөз етуді мақсат тұтпадық. Түпқараған аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі бастығының міндетін атқарушы Дариға Шалабаева ханымға жолығып, сұхбаттасқандағы мақсатымыз – қазіргі дағдарыс біздің өңіріміздегі кәсіпкерлікке қандай әсерін тигізіп отыр, соны білу еді.

— Дариға Бақытқызы, қиындыққа тап болған адам ең алдымен өзіне сенуі керек, солай емес пе? Қазіргі кезеңде еліміз бастан кешіп отырған экономикалық дағдарыс әр адамның дәл осындай қасиетке ие болуын талап етеді. Жұмыс орындары қатты қысқармағанның өзінде табыс азайды, қымбатшылық бар, бұрынғыдай үріп ішіп, шайқап төгіп отыратын уақыт емес. Ендігі жерде әл-ауқат төмендемеу үшін қолдан келген өнерді салмақ керек. Кәсіпкерлік деген осы. Бұл саланың түпқарағандықтарға беріп отырған нәпақасы мол ма?

— Бірер дерек келтіре кетейік. Кәсіпкерлік саласынан түскен табыс 2014 жылы 3,315 миллион теңге болса, 2015 жылы 4,490 миллион теңгеге жетті. Кәсіпкерлік нысандардың саны 2015 жылғы 1 қаңтарда 1357 болса, биылғы 1 қаңтарда 1593-ке жетті. Бұл мәліметтерді мен жалпы бағытты сипаттау үшін келтіріп отырмын. Негізінде біз үшін маңыздысы – кәсіпкерлік нысандардың саны емес, оларда жұмыс істейтін адамдардың саны. Қазіргі мәліметтер бойынша, аудандағы еңбекке қабілетті адамдардың 40,9 пайызы кәсіпкерлік саласында жүр. Міне, осыған қарағанда, бұл саланың түпқарағандықтарға беріп отырған нәпақасы айтарлықтай мол.

— Жақсы екен. Түпқарағандық кәсіпкерлер сонда немен айналысады?

— Сауда-саттықтан бастап ғылымға негізделген күрделі өнеркәсіпке дейін қолдан келіп жатыр. Автомобильдерге техникалық қызмет көрсету, тұрмыстық қызмет, құрылыс жабдықтарын шығару, мал өнімдерін өндіру, егін шаруашылығы, тігін және тоқыма бұйымдарын шығару, құрылыс, құс өсіру сияқты кәсіптер үйреншікті болып алды. Кейбіреуіне тоқтала кетейін. Ақшұқырдағы «Қазосетр» фирмасы – Маңғыстауда қызыл балық өсіретін бірден бір шаруашылық. Қазір оның өнімдері сатуға шығарылып жатыр. Ал, болашақта өндірісті кеңейту, таза, сапалы уылдырық өндіру ойда бар. «Таушық» ауыл шаруашылығы серіктестігі тек ет, сүт, шұбат өндіріп қана қоймай, жүн өңдеуге кірісті. Балық аулайды, бақша өнімдерін, сүт тағамдарын шығарады, нан пісіреді, басқа да кәсіптері бар. Осы ауылдағы кәсіпкер Айгүл Медиманова киім тігумен қоса той жабдықтарын шығаруды, жиһаз жасауды игеріп алды. Сайын ауылында Ерманова Доғдырхан киізді өте жұқа және берік қылып илеп шығарып, одан ұлттық бұйымдар, киімдер тігуді қолға алды. Мырзабаева Майра деген жерлесіміз мақта мен жүнді қайта өңдеуден өткізіп, одан әртүрлі бұйымдар жасап сатып жүр. Жамалбеков Әбілсейіт деген замандасымыз ірі құс фермасын салып жатыр. Осы Ақкетікте бөдене өсіріп, жұмыртқасын сатып жүрген Бодықов Тілеген деген кісі, Сайын ауылында Сағынбаев Нұрберген деген кісі бар. Түйеқұс, күркетауық өсіруді қолға алғандар, жеміс талдарын өсіріп, жеміс консервілерін, шырындар шығаруға талаптанып жүргендер бар. Қысқасын айтқанда, біздің кәсіпкерлердің қолынан бәрі келеді.

 — Озық технологиялы, ғылымға негізделген өндіріс ашу жағына тәуекел етушілер жоқ па?

— Бар. Мен әзірше аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, бір жас жігіт күн мен жел энергиясын пайдаланып, оны қазіргі заманғы инверторлы трансформаторлар арқылы күшейтіп, электр қуатын жыл бойы үздіксіз беріп тұратын құрылғылар жасап шығарып, орнатуды қолға алмақшы. Ол қазір осы бағытта жұмыстанып жүр. Біз өз тарапымыздан ақыл-кеңесімізді бердік, біраз бағыт-бағдар көрсеттік.

Тағы бір жігіт өз серіктерімен бірге қолданылған пластикалық бұйымдарды қайта өңдеп, одан түрлі бұйымдар жасап шығарудың жолын іздестіріп жүр. Балық өңдеп, балық консервілерін шығару жолында жұмыстанып жүрген жігіттер бар. Айта кетейік, ондай қадамдарды аудан басшылығы құптайды және көмек-қолдау көрсетуге әзір. Аудан әкімі кәсіпкерлік саласының дамуын жіті қадағалап отыр.

— Оқу жылы аяқталды. Мектеп бітірген жастардың бәрі бірдей жоғарғы оқу орнына түсе бермейді ғой, солардың арасында кәсіпкерлікке қызығушылар баршылық шығар. Оларға қандай кеңес берер едіңіз?

— Жастар арасында жиі боламын. Әдетте «жастармен кездесуге шақырамыз. Өз бөліміңіз туралы, көрсеткіштеріңіз туралы айтыңыз» деген ұсыныстар жасалады. Құдай-ау, оларға көрсеткіштер не керек? Мен кәсіпкерлікті бастау жолдары, кәсіпкерліктің түрлері туралы айтуды қалаймын. Мысалы, Қостанбек деген кәсіпкер жерлесіміздің бүгінде өзінің жақсы жарақтанған техникалық қызмет көрсету станциясы бар. Ал, ол сонау 90-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында өзі Ақтаудағы кәсіпкерлердің қасында жүріп, үйреніп алды. Бір іспен айналысу үшін алдымен сол істің қалай атқарылатынын көзімен көріп, қолымен ұстап үйреніп алуға кеңес беремін. Қандай іспен айналысқан қолайлы? Шама келгенше тың, басқалардан өзгеше жолды таңдаған жақсы. Өйткені, бәсекелес аз болады не болмайды. Айталық, бізде қағаз қалдықтары көп, соларды өңдеп, әртүрлі мақсатқа қолданылатын қағаз бұйымдар жасайтын құрылғылар бар. Аса қымбат та, күрделі де емес. Міне, бұл да бір жақсы шаруа бола алар еді. Жерге төсейтін брусчатка, қабырғаға жапсыратын бедерлі тастар шығару бізде жолға қойылмаған. Бүгінде ата-аналар балаларының білім алуына баса мән береді. Әсіресе, шет тілдерін үйретуге тырысады. Ағылшын, тіпті қытай тілінің сауатты, білімді репетиторларына сұраныс бар. Біздің аудан – өндірісті аудан. Отандық және шетелдік ірі компаниялдар бар. Солардың тапсырысын, келісімін алып, арнайы жұмыс киімдерін тігуге болады. Талап болса, кәсіпкерліктің жолы көп. «Нұр Отан» партиясының демеушілігімен шыққан «Кәсіпкерліктің 100 жолы» деген қалың кітап бар. Сонда көптеген кәсіпті бастау жолы, ол үшін не керек, қандай құрал қажет, атқару жолдары, бәрі-бәрі жақсы жазылған. Жалпы, кәсіпкерлікті бастаймын деген адамдарға елімізде көмек те, қолдау да бар. Біздің бөлімге келуге болады – бағыт-бағдар, ақыл-кеңес береміз, несие алудың тәртібін түсіндіреміз. «Бизнестің жол картасы» сияқты кәсіпкерлікті дамытуға арналған үкімет бағдарламалары бар, солардың жеңілдіктерін пайдаланудың ретін айтамыз. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының мамандарына жолығуға болады, олар да бизнес-жоспар жасауға көмектеседі, несие алудың жолдарын айтады. Ақтауда «Даму» қоры бар, ол да кәсіпкерлікті қолдау бағытында жұмыс істейді.

Жалпы, кәсіпкерлікті бастамас үшін біздің жерде халыққа не қажет, қандай сұраныс бар, соны білген дұрыс. Мектеп бітірген жастар, әрине, бірден кәсіпкер болып кете алмайды, үлкендердің көмегіне сүйену керек болады. Бірақ, ынталанған, талаптанған жақсы. Ал, біз өз тарапымыздан талаптының тауы шағылмай, беті қайтпай, ілгері басуы үшін жігерін жанып, қолтығынан демеп жіберуге дайынбыз.

 — Дағдарысты тағы бір сөз етсек, оның кәсіпкерлікке тигізіп отырған кері әсері шамалы-ау деген ой қалыптаса бастады…

— Адам тұйыққа тірелгенде, қиындыққа тап болғанда, одан шығудың сан түрлі жолы ойға келеді. Кәсіпкерлік – сондай жол. Кәсіпкерлік дамыса – қосымша жұмыс орындары ашылады, әлеуметтік жағдай жеңілдейді, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарады және инфрақұрылым дамиды. Қалада қандай жағдай болса – ауылда да сондай жағдай болуы керек, яғни, адамдардың тұрмыстық, инфрақұрылымдық сұранысы толық қанағаттандырылуы керек. Оны тек кәсіпкерлік қана қанағаттандыра алады. Бұл – дағдарысқа қарсы ең тиімді күрес. Көріп отырғанымыздай, біздің жерлестеріміздің кәсіпкерлікке бейім, батыл және жаңашыл екенін уақыт дәлелдеп отыр.

— Дариға Бақытқызы, сұхбатыңызға «Ақкетік арайы» газетінің оқырмандарының атынан рахмет айтамыз. Бұл сұхбат кәсіпкерлікке ынталылардың қатарын көбейте түсер деген үмітіміз бар.

Айсағали ҚЫДЫР
Суреттерді  түсірген Анар РАХИМБЕТКОВА