kuryk құрық

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қарақия ауданына сапары барысында бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралап, жұмысымен танысты. Мұндағы өзекті мәселелерді назарынан тыс қалдырмаған аймақ басшысы шешімін табуы тиіс тапсырмаларды орынбасарларына, басқарма мен мемлекеттік мекеме басшыларына жүктеді.

Танысу сапары республикалық маңыздағы жол бойындағы жұмыстың қалай еңсеріліп жатқанын көруден басталды. Ұзындығы 170 шақырым болатын Шетпе – Жетібай –Ақтау бағытындағы жолдың құрылысы 2015 жылы басталған- ды.

–Осы бағыттағы жолдың 67 шақырымы 1 деңгейлі, 85 шақырымы 2 деңгейлі, қалған бөлігі 3 санатты болады. Жолдың бойында 4 көпір салынды. Айналасы абаттандырылып, жарық беріледі.Құны 36 млрд.теңгені құрайтын жобаны Азия Даму банкінен қаржыландырды. Шебін, қиыршық тас, цемент, битум сынды жергілікті құрылыс материалдары пайдаланылуда. Мұнда 750- дей жұмысшы еңбек етіп жатыр. Олардың дені – Мұнайшы мен Жетібай ауылының тұрғындары. Бұл автокөлік жолының бір оське түсетін салмағы 13 тоннаны көтереді. Қазіргі таңда жолға 2 қабат асфальт жамылғысы төселініп тұр. Ағымдағы жылдың қазан айына дейін үшінші қабатын төсеп, халық игілігіне пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді «Дженгиз Иншаат» компаниясының Ақтау қалалық филиалының директоры Мұрат Зейнабилов.

Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы мердігер мекемеге қауіпсіздік шараларын қарастыруды тапсырды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Тұрбек Спановқа әр жұма сайын жасалған жұмыстың есебін беруді жүктеді.

Мұнан соң аймақ басшысы бастаған қонақтар Маңғыстау мұнайының 55, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығына орай ашылған «Еңбек даңқы» мұражайына барды. Маңғыстау мұнайының тарихынан сыр шертетін мұражайда суреттер топтамасы, өндіріс алаңының макеті, кішігірім мұнай мұнарасы, құрал-жабдықтар, Жетібайдың кен орындарынан өндірілген мұнай үлгілері, мұнайшының жұмыс киімдері, үстелі, ыдыс-аяқтары, демалатын орынын тамашалады. Сондай-ақ Жетібай жерінде алғаш мұнай ашушыларға орнатылған ескерткішке барды. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаевқа мұнай- газ секторы арқылы басқа салаларды дамытуға жұмыстануды, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 100 пайызға жеткізуді тапсырды.

Сапар аясында «Жетібай – Достық» карьерінің жұмысымен танысқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов жұмсақ болғандықтан өтімділігі төмен тас, ұлутас өнімдерін қаланы, елді мекендерді абаттандыруға, әсемдеуге пайдалануды ұсынды. Мұндағы ұнтақ өнімдерді осы ауданда ашылатын құс фабрикасына азық ретінде кәдеге асыруды тапсырды. Сонымен қатар облыс әкімі жол бойында қалдықтарын қалдырған бұрынғы карьердің иелерін тауып, жерді қалпына келтіру қажеттігін қаперге салды.

Танысу сапарымен Жетібайда болған облыс әкімі жөнделіп жатқан ауылішілік жолдарды көрді. Жаңа шағынаударда 2016 жылы 5,1, өткен жылы 4,8 шақырым жол жөнделсе, биыл 7,5 шақырымға асфальт төсеу жоспарланған.

Мұнайшыларға арнайы киімдер тігумен айналысатын «Жанарыс» ЖШС тігін цехында болған облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы өндіріс орнының қуаттылығын арттырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында медициналық киім үлгілерін тігуді ұсыныс етті.

–Мен осы цехта 2014 жылдан бері жұмыс жасаймын. Менімен бірге 20-дай тігінші арнайы киімдер мен қолғаптар тігеді. Аптаның 5 күнінде таңертеңгі 8-ден кешкі 17.30- ға дейін жұмыс істейміз. Мұнда күніне120- дай қолғап тігіледі, – деді тігінгші Гүлшат Жұмабаева.

Мұнайшы ауылындағы №5 орта мектепке бет алған қонақтар оқу орнының жағдайымен танысып шықты. Облыс әкімі оқушылар үндеуі салынған арнайы жәшікті ашып, олардың ұсыныс- пікірлерін, тілектерін оқыды. Оқушылар мектеп әкімшілігіне әртүрлі үйірмелер ашылғанын қалайтынын айтыпты. Осы сәтте аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы облыстағы барлық мектептерге осындай арнайы жәшіктер орнатуды тапсырды. Облыс әкімі осы мектепті биыл бітіретін мектеп түлектерімен сөйлесіп, алдағы сынақта сәттілік тіледі.
Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов Құрықта салынып жатқан 500 орындық жатақхананың құрылысымен танысты. Жұмысшыларға арналған жатақханада қазіргі таңда ішкі әрлеу жүргізіліп жатыр. Мұнда 2,3 адамдық жатын бөлмелерден бөлек асхана, кітапхана, кір жуатын бөлмелер бар. Ғимараттың айналасы қоршалып, асфальт төселіп, спорт нысаны, автокөлік тұрағы салынбақ. Мердігер мекеме ағымдағы жылдың шілде айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы енді бой көтеретін жатақханалар отбасымен тұруға ыңғайлы етіп салынуы қажеттігін қаперге салды.

Сапар барысында облыс әкімі аудан орталығында тұратын 97 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Бақтылай Оразалиеваның шаңырағында болды. Красноводск қаласында әскери госпитальда медбике болған ана 8 ұл- қызынан 35 немере, 41 шөбере сүйіп отыр. Облыс әкімі Бақтылай Назарқызының ұрпаққа осындай бейбіт өмір сыйлауға еңбек сіңірген батыр анаға алғысын айтып, гүл шоқтарын ұсынып, естелік сыйлық тарту етті. Ардагер әже ақжарма лебізін білдіріп, бата берді.

Облыс әкімі Құрық ауылындағы минералды күкірт сутекті бұлақ суымен емдейтін емдеу орнының қызметімен танысты. Сапар соңында Қызылқұм жеріндегі «Жалмұрат» шаруа қожалағына соқты.

–Егін шаруашылығымен айналысып, немереме арнап алма, алмұрт, өрік ағаштарын өсіремін. Жылыжайда қызанақ, қияр өсіріп, тамшылата суару әдісін қолданып отырмын. Су тапшы болғандықтан ойда су қорын жинауды жоспарлап отырмын. Ол үшін суды жерге сіңірмейтін ирандық құрал- жабдықтар керек. Біз Мұнайлы мен Қарақияға ортақ электр желісінен жарық алып отырмыз. Жаз айларында жарықтың қуаты жетпейді. Сондықтан Құрық портына салынып жатқан электр желісінен жарық көзін алсақ, жеткілікті болар ма еді?! Алдағы уақытта шаруашылығымды кеңейткім келеді. Инвесторлармен келіссөз жүргізуге көмектесулеріңізді сұраймын, – деді шаруа Төлеген Жалмұрат.

Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы орынбасары Рақымбек Әміржановқа шаруа айтқан мәселелермен айналысуды, ерінбей еңбек етемін деген жандарды қолдауды тапсырды.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ