Бұл жайында өңірге арнайы жұмыс сапарымен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Облысқа жұмыс сапары барысында Т. Дүйсенова нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру, алдағы зейнетақылар мен жәрдемақыларды өсіру, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілін енгізу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, қалалар мен аудандар және ауылдық округтер әкімдері, «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар өкілдері, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарының басшылары қатысты.

4

— Елбасы Н. Назарбаевтың ағымдағы жылы халыққа Жолдауында бес негізгі басымдылық бағыт белгіленіп, орындайтын нақты мақсаттардың да   анықталғаны мәлім. Жалпы өңірдің экономикалық әлеуеті жоғары, алға қойылған міндеттерді орындауға мүмкіндіктері мол екенін көпшілік біледі. Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы сөз жоқ бұл әрбір азаматқа, еліміздің әрбір тұрғынына жасалып отырған нақты іс-шаралар деп қабылдауымыз керек,-деді жиынды ашқан аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

Кездесуде сөз алған ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнетақылар мен жәрдемақылардың көрсеткішіне де тоқталды. Ынтымақты зейнетақы жыл басынан 9%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 11%-ға артатын айтты. Базалық зейнетақы жыл басынан 7%-ға көтерілсе, алдағы уақытта тағы 13%-ға өседі.

2

— Нәтижесінде 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшерінің 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға дейін жоғарылауы қамтамасыз етіледі. Бұл өсім барлық зейнеткерлерді немесе 2 миллионнан астам адамды қамтиды. Бұл санаттағы 45 мың адамның Маңғыстау облысында тұратынын айта кеткен абзал. Бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 2017 жылдың 1 қаңтарынан 7%-ға артқан болса, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап тағы 20%-ға ұлғаяды. Нәтижесінде, 2016 жылмен салыстырғанда, 2017 жылы өсім 27%-ды құрайды. Егер 2016 жылы бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 66 621 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 71 270 теңгені, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 86 222 теңгені құрайтын болады. Бала туғанға байланысты төленетін мемлекеттік жәрдемақы төртінші және одан кейінгі балаларға ағымдағы жылы 111 035 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 118 783 теңгеге дейін жоғарылады, ал 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 142 947 теңгеге тең болады, — деді Тамара Дүйсенова.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

5

6

7

8