Мұнайшылар Жыл басымен қауышты

Жер-дүние жаңарып, күн мен түн теңеліп, шадыман шаттығын ала келетін көктем мерекесі – Ұлыстың ұлы күнін тойлауды дәстүрге айналдырған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы биыл да Әз-Наурызды кең көлемде тойлап, ізгілік мен татулық, ынтымақ пен ырыс бастау алатын жыл басымен қауышты. Бейбітшілік пен құт-берекенің арқауы болған Ұлыстың ұлы күнінде «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында мерекеге лайықталған сахна құрылып, киіз үйлер тігіліп, қазан- ошақ асылып, кең дастархан жайылды.

IMG_3610

Думанды тойда арнайы жұмыс киімін ұлттық киімдерге алмастырған мұнайшылар иық түйістіріп, қол алысып көрісіп, «Амал оң болсын!», «Жыл құтты болсын!», «Ұлыстың ұлы күнімен!» деп бір-бірін құттықтап жатты. Мерекелік көңіл- күймен думандатқан ауыл тұрғындарын, мұнайшыларды, сала ардагерлерін құттықтау лебіздері айтылды. Жетібай ауылының әкімі Қуаныш Асанов, Мұнайшы ауылының әкімі Руслан Джулбаев Қарақия ауданының әлеуметтік- экономикалық дамуына зор үлес қосып отырған «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының ұжымына зор алғысын білдірді. Еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесімен құттықтап, жер байлығын ел игілігіне айналдырған мұнайшылардың еңбегіне табыс, отбасыларына бақ-береке тіледі.

– Құрметті, ағайын, мұнайшылар! Сіздерді тарихи тамыры тереңге бойлған Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Ақ пейіл жұртымыз бұл күні ақ дастархан жайып, ақ тілекпен қарсы алып, елдің тыныштығын, халықтың ынтымағын тілейді. Күн мен түн теңеліп, қыстың көбесі сөгіліп, жер — дүние жаңаратын жаңа жыл басы елімізге молшылық пен құт-береке, ырзық-несібесін ала келеді. Ұлан- байтақ Қазақ елінің халқы жеті түрлі дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт- дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, Ұлыстың ұлы күнін тойлайды. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезіп, адам баласына құт- береке, бақ- дәулет сыйлайды. Ұлттық құндылықтарымызды бағалау, егемендігімізді қадірлеу және халықтың тұтастығы мен бейбітшілігіне ұйытқы болатын бірден- бір мереке – Наурыз мейрамы құтты болсын, халайық! Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа жыл басымен қауышайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін!, –деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев.

Жиылған қауымды «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Айдынов құттықтап, ақжарма лебіздерін жеткізді. Салтанатты сәтте қара алтынды халық игілігіне жаратуда жарқын еңбектің үлгісін көрсеткен мұнайшылар «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапатталды.

IMG_3661

– Менің «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында еңбек еткеніме 40 жылға жуық уақыт болды. Мұнайшы мамандығын бітіргелі бері осы кен орнында оператор болып жұмыс жасаймын. Ұлыстың ұлы күнінде ұзақ жылғы еңбегім еленіп, басшылық тарапынан алғысқа ие болғаныма қуаныштымын. Өнідірісте қол жұмысын қажет ететін кезеңнен өттік. Қазір жұмысымыздың басым көпшілігі автоматтандырылған жүйеге көшті. Кейінгі буын жастарға біздің абыройлы жолымызды берсін. Барша әріптестерімді Наурыз мерекесімен құттықтап, еңбектеріне жеміс, отбасыларына бақ- береке тілеймін, – деді «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты №2 цех мұнай- газ өндіру цехының операторы Гүлсім Тоқтасынова.

Елімізге белгілі Тамаша тарту театры әртістерінің жарасқан әзіл-қалжыңы мен әншілердің әуелеген әні көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жергілікті өнерпаздар мен мұнайшылар әсем әннен шашу шашып, күмбірлетіп күй тартып, мұнайшылардың көңілін бір серпілтіп тастады. Ұлыстың ұлы күнін мерекелеген жұртшылық қаз-қатар тігіліген киіз үйлерге түсіп, ұлттық тағамдардан дәм татты. Алаңда арқан тарту, тоғызқұмалақ, қол күресі және тағы да басқа ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтіп, мерекенің шырайын келтірді.
«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Бақтыгерей Алтыбайұлының айтуынша, Жетібай кен орнында өткен жылы 2 млн.185 мың тонна мұнай өндірілсе, биыл 2 млн. 285 тонна қара алтын шығару жоспарланған. Осындай еңбек тартуын межелеген өндірістік басқармада күніне 6 мың 200 тонна мұнай өндіріледі.

«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы №3 мұнай-газ өндіру кәсіпшілігіне қарасты Асар кен орнының мұнайшылары да Наурызды мерекеледі. Салтанатпен сән құрған сахнада Тамаша тарту театрының әртістері мен мұнайшы өнерпаздар әсем ән шырқап, өлең оқып, мұнайшылардың көңілін сергітті.

IMG_3823

– Бүгінде Асар кен орнында вахталық әдіспен 86 мұнайшы жұмыс істейді. №3 мұнай-газ өндіру кәсіпшілігіне қарасты 170 ұңғы болса, оның 120-ы жұмыс жасап тұр. Өткен жылы №3 мұнай-газ өндіру кәсіпшілігі жоспарды 80 мың тоннаға артығымен орындады. Биылғы жоспар бойынша мұнайды 60 тонна артығымен орындап келеміз. 2016 жылы 15 ұңғы, жыл басынан бері 3 ұңғы бұрғылаудан шықты. Асар кен орнында тәулігіне 1300 тонна мұнай өндіріледі. Осында 3 корпустық жатақхана мен асхананың құрылысы басталды. Барша мұнайшыларды ырыс- құт, молшылығын ала келетін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Алдағы уақытта да осындай қызу еңбек қарқынын жалғастырып, артылған сенімнің үдесінен шығуға тырысамыз, – деді «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы, №3 мұнай-газ өндіру кәсіпшілігінің басшысы Сағыныш Тастығараев.
Бұл күні мұнайшылар әсем әннің толқуында би билеп, мерекелік дастарханның сыйлы қонағы болды.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

IMG_4600

IMG_4454

IMG_4267

IMG_4164

IMG_4143

IMG_4116

IMG_4100

IMG_3850

IMG_3860

IMG_3902

IMG_3574

IMG_3934

IMG_3988
IMG_4036

IMG_3673

IMG_3687

IMG_4052

IMG_4096