«Нейрон» көп бейінді медициналық орталығы «Біз адамбыз-біз біргеміз» қоғамдық қорымен бірлесіп, қайырымдылық туын көтерді. Жақсылық пен жылулық, ізгілік пен шапағатқа толы шара «Нейрон» клиникасының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген дәрігері Борис Чагайдың еске алу құрметіне арналды.

Клиникада өткен «Көп балалы отбасылардың бүлдіршіндері, жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ашық есік күні» қайырымдылық акциясына Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан және Түпқараған, Мұнайлы аудандарынан 150-ден астам балалар қатысты. Олар «Нейронның» білікті де тәжірибелі 30-дан астам дәрігерінің жіті бақылауына алынып, 10 бағыт бойынша жан-жақты медициналық тексерістен өтті. Бұл тексерістің нәтижесімен ем алуға мұқтаж балаларға клиника тегін әрі толыққанды емделуге жәрдем көрсетпек. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар оңалту бөлімінде сауықтыру курстарынан өтуге, көп балалы мен мүжәлсіз отбасының аналарына гинеколог мамандарынан қаралуға мүмкіндік бар.

— Бұл қайырымдылық акциясы облыс әкімшілігі, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадырдың қолдауымен ұйымдастырылды. Біздің қор бұрыннан «Нейрон» клиникасымен тізе қосып, көптеген балақайлардың дауасына шипа, денсаулығына сеп болды. Тегін медициналық көмек, тегін ота жасалды. Бүгінгі игі шара да соның лайықты жалғасы. Психоневрологиялық интернат, балалар үйі, церебральды сал ауруына шалдыққан балалар, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың бүлдіршіндері – акция қатысушылары болды,-деді «Біз адамбыз-біз біргеміз» қоғамдық қорының директоры Иманғазы Досмұханбетов.

DSC_3566

Өткен жылдың шілде айында «Нейрон» клиникасының директоры Б.Чагайдың басшылығымен церебральды сал ауруымен ауыратын балаларға арналған оңалту бөлімі ашылды. Аталмыш жоба облыстық «Нұр Отан» партиясының төрағасының тікелей қатысуымен жүзеге асырылды.

— Акция аясында неврапотолог, стоматолог, окулист, уролог, педиатр, лор сынды дәрігер мамандары бала денсаулығын түзеуге белсене қатысты. «Нейрон» — облыстағы ең алғашқы іргесі қаланған жеке медициналық клиника. Бүгінде медициналық орталық дертіне шипа іздеген қала тұрғындарына адал қызмет етуде. Клиниканың басты бағыттарының бірі – оңалту көмегі. Өкінішке орай, бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалар өте көп. Осы бүлдіршіндерге оңалту емін көрсету үшін жыл сайын «Нейрон» клиникасына мемлекеттік тапсырыс беріліп, жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Өткен жылдың жарты жылдығында 35 млн.-ға жуық қаржы бөлінді. Қазірде болашақ аналардың, бойжеткендердің денсаулығын ұдайы қадағалап, жүкті әйелдерді 12 аптаға жеткізбей ерте есепке аламыз. Медициналық мүмкіндіктерді пайдаланып, іште жатқан нәрестедегі әртүрлі туа біткен ақаулықтарды анықтап, оның алдын алу шараларын қолға алып, жұмыс  істеудеміз,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр.

 Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор

DSC_3534

DSC_3536

DSC_3543

DSC_3549

DSC_3566

DSC_3575

DSC_3585

DSC_3592

DSC_3603

DSC_3612