Жаңаөзен қаласында спорт саңлағы Қайрат  Жолдасовты  еске алу құрметіне орай жасөспірімдер арасында еркін күрестен қалааралық турнир өтті.

Жолдасов Қайрат Бисенбайұлы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында 1970 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Еркін күреспен 22 жыл бойы айналысып келеді.  Сан түрлі додаларда топ жарып, республикалық, халықаралық, өңірлік жарыстар жеңімпазы атанған. Бүгінде ҚР еркін күрестен спорт шеберіне үміткер Қайрат Бисенбайұлы жас буын өкілдерін баулып,  жаңа жетістіктерге жетелеп келеді. Мәселен, Қанат Бердиев, Мұхаммед Далабаев, Ерболат Ахметов, Жақсыбек Қарабалаев, Аббас Тәжіханов, Нұрлыбек Орынов, Тимур Жолдасов, Шыңғыс Жолдасов сынды өңір мерейін өсірген жас өрендер Қайрат Жолдасовтың тәлімін алып, мектебінен өткен.

№2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өңірдің сан түкпірінен батыл бозбалалар бас қосты. Көршілес Қарақалпақ елі, Атырау, Теміртау, Қызылорда, Индер, Құлсары, Жаңақорған, Арал, Ақтау, Жаңаөзен  қалалары мен аудан орталықтарынан зор үміт арқалап жеткен жастар боз кілем үстінде белдесіп, бағы мен бабын сынасты.  Қажыр-қайраты мол, ақыл-айласы басым  балуандар адуынды айқаста алға түсіп, қарсыласын қарымды қимылмен қапы қалдырды. Сайыс қорытындысына сәйкес, Ернұр Өміртай (21 келі), Хусан Юлдашев (23 келі),  Бауыржан Ғабитов (26 келі), Жангелді Өтеулі ( 29 келі), Мирас Сайынов (35 келі),  Райымбек Өтеш (35 келі), Диас Сайынов (38 келі), Жандияр Қиянов (42 келі), Дулат Өткелбаев (46 келі), Асқар Жеңісбеков (50 келі), Дауребек Фермебаев (85 келі) бас жүлдені иемденді.

Голрох Жеменей