Амантай Құлымжанов 1980  жылы  Бейнеу  ауданының Сарға (бұрынғы Жангелді) ауылында туған. Қазір Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылында тұрады. Мамандығы — тоқ саласы, Маңғыстау электртораптық  бөлу  компаниясында еңбек етіп жүр.

Той-мерекеде термелетіп отырған Амантайды біздің де көзіміз шалып қалып, өнеріне сүйсіндік. Сөйтсек атақты жыршы Жақсылық Елеусіновтан бата алған Амантай өз жанына үгіт-насихат өлеңдер, жыр-термелер шығарады екен. Солардың бірсыпырасын оқырманға ұсынуды жөн көрдік. Тәбәрік болсын!

 

ЖҮРЕГІ АЛЛА ДЕГЕН ИМАНДЫ ЖАН

Жалғаншы  тастап кеттің талайларды,

Дүниесің  жұмбақ сырың  ашылмаған.

Тармағы  көп, бұралаң  жолға  салар,

Тағдырдың  тәлкегі де  қатал жаман.

Қарасаң  көрінбейтін  тұзақ  салған.

Пәниге  бірі  келіп, бірі  кетер,

Күресіп  жүре берер  қашанғы адам.

Алдайды  қулығымен  соңғы күнде,

Аяққа  тұсау  салар  темір  қақпан.

Түбіне бір батқасын шығармайды,

Қайықтай өткізбейді көк мұқиттан,

Жақсы-жаман  кезекпен кете барып,

Көміліп  жер астында сүйек болған.

Өмір өзі  сиқыршы  сенімі жоқ,

Алдап-арбап күніне мың құбылған.

Бүгінгі  көзді  алдайтын  дүниені,

Тірі жоқ шыбын жанға пана қылған.

Көшкеннің бәрінен де артта қалған.

Көкірегі  өрлеген  тәкәппарлар,

Құрт-құмырсқа,шаянның аузында,

Күйселіп жем боларын байқамаған.

Қанағатсыз, қайырсыз,сұм-арамдар,

Елден  алар  алғысты  ойламаған.

Көк ашу шөлмектей  сықырлаған,

Денеңді  улағандай  билеп  алса,

Ақылдан  айырады  қылар надан.

Мезгілсіз  кесіп кетсе түрі жаман,

Жүрегі Алла деген  иманды  жан,

Соңында көз жұмады қиналмастан.

Жақсылар жаман болмас даттағанмен,

Алтындай  кір шалып  қараймайды,

Сыртына қара  күйе  жаққаныңмен.

Жаманды  ағармайды   ақтағанмен,

Дән өспейді  жеріне  мақтағанмен.

Дәмі болмас қаншама  қайнағанмен.

Жастық шақ қашасың-ай  тым алысқа,

Талпынсам  ұстайын деп қолым қысқа.

Қайда  ұштың  алысқа  сағынамын,

Осы күнде  жүр екенсің  қай тұста.

Қарай берем көрінердей сағым боп,

Екі  көзім  талады  ғой  жас  толып.

Қимастай жолдас болдық айтпадың,

Көрінбеске  кетеріңді  қош  болып.

Енді менен  көлеңке түспейтіндей,

Кете бардың әрбір талға бір қонып.

Кәрілік  жетіп  келер  байқаусызда,

Алдыңды  болжауға да  ақыл қысқа.

Алқынып талпынғанмен амалың жоқ,

Өмірден  жас  балаша  алданбасқа.

Өткен  күн  қарамайды  енді  күліп,

Жорғалап жүргендейсің тау астында.

Қарасаң көзің көрмей шыңның басын,

Амал жоқ сағыныштан жыламасқа.

Қадірін білмегенге шүкірліктің,

Жігіттен  берекелі  бақ  кетеді.

Астам сөздің зардабы дауасыз,

Денеңе оқ  тигендей  үгітеді.

Мысалы, байқап көрсең адам деген,

Шексіз екен пенденің жұмбақ сыры.

Атадан  ақыл  қалса  бала  үшін,

Өлшесең қымбат болар соның құны.

Исламға бет бұрсаңыз ақ ниетпен,

Ашылар  екі көздің жарқын нұры.

Шөліңді қандырғандай болады ғой,

Қасиетті  мөлдіреген  зәм-зәм суы.

Жүректің  түбіндегі  кірлер  кетіп,

Шер тарқайды көңілдің қайғы мұңы.

Ұмытпаң  мәңгі жамағат,

Мұхаммед  оның  елшісі,

Жаратқан жалғыз Алланы.

Айырады  арасын,

Адал  менен  арамды,

Ақ жүрек пен қараны,

Асықпайды  бір Алла,

Сынайды байқап адамды.

Шаң  тигізбес  адалға,

Қара  болсаң өзіңнен,

Тарттырады  жазаңды.

Жәннатқа барар пырағың,

Тірлікте сауап қылғаның.

Асқар таудай әкеңнің,

Аяулы, асыл анаңның,

Ақ батасын  алғаның.

Насихат  сөзін  қабылдап,

Қадірлеп сыйлап баққаның.

Жұмақтан  орын алғаның.

Ренжітсең  жылатып,

Аллаға қарсы шыққаның.

Махшәр  күні  болғанда,

Қайта айналып келмек жоқ.

Иманың болар жолдасың,

Араша  болмас  жиғаның.

Арқалап алып бармайсың,

Тіршілікте  алданып.

Көзің  қимай жиғанды.

Ақсүйектің  ұрпағы.

Ел қызығар  көргенде.

Жүрегі  болар  иманды,

Өзіндей  көріп талпынып.

Қамқоршың болса жанашыр,

Сыйлап бақ  іні-ағаңды.

Өз қадірін  білмеген,

Жұлдыздай  ағып  сөнетін.

Түсінбес  ойлап  жалғанды.

Қара бұлт  төнбес  басыңа,

Байқап  жүрсең  шамаңды.

Іштарлық пен күншілдік,

Ем табылмас дерт ауру.

Асқынса алмай қоймайды,

Пейілі  тар  адамды.

Бірлігі  кетсе  ел тозар,

Сырыңды берме алданып,

Жолдас  қылма  арамды.

Айдап салып азғырып,

Уласам  дейді  санаңды.

Түрлі  адамды  көрерсің,

Білерсің  сонда  аланы.

Қарыны  тойса  құтырып,

Түсірсем  дейді бағаңды.

Көз  жүгіртсек  тарихқа,

Бірге  туған  тумасын.

Абылды  Қабыл  өлтіріп,

Ойландырған  ғаламды.

Сөз  бұзады  бірлікті,

Ауызға алмаң жаманды.

Басыңды  билей  алмасаң,

Адасып  жолда  қаларсың.

Орынсыз тиген дұшпанды,

Оқ  атпайда  ұтарсың.

Өзі  жаққан  отына,

Өзі  барып  құласын.

Айтқаныңмен  не пайда,

Ырылдап тістеп жүргенде,

Бәрінен  қалар дүние-ай,

Жолыңа  қарап үргенде.

Ақылдан асқан байлық жоқ,

Құныққан  сараң  тояды,

Топырақпен  көмгенде.

Дәулеттен қорлық көреді.

Тасынып сөйлеп мен десе,

Тәубаға келіп шүкір деп.

Аянышты  жандарды,

Менсінбей көзі көрмесе.

Дінге орай  ойланып,

Садақа, зекет  бермесе.

Өз айтқанын  жөн көріп,

Шағып сөйлеп түрленсе.

Қор қылатын басыңды,

Тәкәппар мен арамдық.

Мақтаншақ пен сараңдық.

Аманатқа  қиянат,

Өтірік,өсек,залымдық.

Кемсітіп күлсе үстінен,

Осының бәрі надандық.

Ақы жесе оңбайды,

Қарғыс алса сорлайды.

Бойыңнан  осы табылса,

Алладан келер жамандық.

Тірлікте қылған сауабың,

Астыңа мінген пырағың.

Адам  ойлап  білмейді,

Жұмбақ  мына  өмірдің,

Неше күн баста тұрарын.

Жарқырап жанған шамының,

Тас тиіп қашан сынарын.

Сайраған  қызыл  тілінің,

Күрмеліп қай күн қаларын.

Нұрлы шыңға шығарсың,

Бойыңда болса адалдық,

Сақилық  пен тазалық.

Иманды  мен ибалық,

Қайырымды  мырзалық.

Шүкірлік пен сабырлық.

Садақа,зекет,ораза,

Бес уақыт намаз, қажылық.

Жүректе болса тазалық,

Нұрыңды шашсаң еліңе,

Алладан болар разылық.

Осының  бәрін  атқарсаң,

Алланың сүйген құлысың.

Сөз  қадірін  білмеген,

Өзініңде  білмейді,

Дұрысы мен бұрысын.

ЖІБЕРМЕҢ СЫЙСЫЗ УАҚЫТТЫ…

Раббысы  Әлемнің,

Құдіретін   білдірген,

Жеті қабат көкке ғаламға.

Ақ  ниетпен  сиынып,

Сену  керек  Құранға.

Бүгінгі  сөз  емес  бұл,

Сүйікті  құлы  Алланың,

Пайғамбар айтқан бұрында.

Жәбірейлі   періште,

Алланың бұйрық сөздерін,

Жеткізген  құлы Расулыға.

Талай  қауым  қор  болып,

Күпірлік  билеп  бойларын,

Азапта  қалған  шынында.

Жолдас  болар  шайтанмен,

Көңілі  орта  жаманда.

Өзіне  иман  келтірген,

Алла  деген  құлдарын,

Ризығын  мол  қылып,

Сауаптан  берген  оларға.

Қалаған  құлын  сыйлайды,

Қазына  көп  қой Аллада.

Істегенге  ізгі  амал,

Әлдилеп  тербеп  бесікте,

Су берер жәннат бұлақта.

Бақылаушы   періштең,

Шам жағар саған жұмақта.

Азырақ   ғұмыр  сүргенде,

Құранды  оқың мойындап,

Ақырет  күнін  ұмытпа.

Ақылсыз адам білмейді,

Өмірден  үлес  алуын.

Уақытты  сыйсыз  жібермей,

Сәждеге қойып басыңды,

Иман  келтір  бауырым.

Кеткеннің  бәрі мәңгі ұйқы,

Жер  астында  қауымың.

Аяңдап  сенде барарсың,

Шындық қой келмей қалуың.

Ақылға қарап байлық келмес,

Ұятсызға  Иман  бермес.

Наданға  өмір  бәрібір,

Сауапқа  ешбір  бөленбес.

Күннің шығып батқанын,

Жүрегі  ауырып  елемес.

Қиямет  күнін  ойласаң,

Қиындықты   бойласаң,

Солқылдатып ауырар  бас.

Тұла   бойың  шымырлап,

Еріксізден   шығар  жас.

Мекенің  суық  болды ма,

Көздерден  ағар  ыстық  жас.

Жатырқап  іштен  кеттің бе,

Сезіммен  бір  сәт  ақылдас.

Құпия  сырды  ұрлайсың,

Іздесе  қайта  табылмас.

Соншама  неге  тұйықсың,

Сырыңда  сенің  ашылмас.

Кеткесін  қайыр бермейді,

Әйел, балаң, тумалас.

Сабырлы  болсаң  сақтанып,

Барғанда  жағаң  жыртылмас.

Ауыздан  шыққан  сөз  кетер,

Қайта  айналып  ол келер.

Ойласаң  өмір  көп  емес,

Бәрі де  сонда  көрінер.

Тамыры   шикі  пенделер,

Ақыл  сөзге  сенбейді.

Бой  алдырып нәпсіге,

Ақиқатқа   жүрмейді.

Мейірімін  төксе бір Алла,

Қалаған  құлын жөндейді.

Қайырсыз  арам, сараңды,

Алланың  өзі  сүймейді.

Мен  баймын деп мақтанбаң,

Өзіңнен  өзің  шамданып.

Қаруын  өткен  күнінде,

Байлығына  мақтанып.

Мақтанғанның  дертінен,

Жер тартып кеткен астына,

Жүргенінде  шаттанып.

Басын  соғып  тау-тасқа,

Талайлар  қалған  алданып.

Дүниенің бүкіл  қаймағы,

Артық  емес  Алладан.

Басыңда  тұрған  бағыңды,

Көшпейді  деп  ойламаң.

Бір  намаздың  кезінде,

Күпірлік келіп ойынан,

Отыз  ұлын  Дәуіттің,

Әмірімді  көрсін  деп,

Қазасын  беріп  жалмаған.

Сондада  Дәуіт  қамығып,

Сабырлық  қылып  сақтанған.

Отыз  ұлдың  орынына,

Сүлеймендей  ұл  беріп,

Көңілі  қайта  орнаған.

Қиындық  қанша  келсе де,

Үміт  үзбең  Алладан.

Шүкірлік болар қорғаның,

Орынсыз бекер бұлданбаң.

Мырзамын  деп  мақтанбаң,

Мырзалығың  күшті емес,

Адайда  Әли  Тауаннан.

Сақимын  деп  мақтанбаң,

Сақилығың  аспайды,

Сәдуақас   сақидан.

Би болдым деп мақтанбаң,

Билігің  сенің  жүрмейді,

Ауру  келсе  ыңыранған.

Діндармын деп мақтанбаң,

Иманың  күшті  болалмас,

Әбу- Бәкір, Омардан,

Атақты  Имам -Ағзамнан.

Жыршы  болсаң  озбайсың,

Мойыныңа тұмар тақсаңда,

Жақсылықтай   ұстаздан.

Палуан  болсаң  қайратың,

Аспайды   Қажымұқаннан.

Жауырыны жерге тимеген,

Атамыз   Әли Балтадан.

Шешенмін  деп  мақтанбаң,

Тапқырлығың  өте  алмас,

Жиренше  мен  Сырымнан.

Сұпымын  деп  мақтанбаң,

Дәрежесін  дөреткен,

Бекет — Атам  ұрпағы,

Аспайсың Асар сұпыдан.

Мақтансаңыз  жат  болар,

Бәріне де  шектеу  бар,

Артық  сөйлеп  шалқаймаң.

Қисық сөздің  дертінен,

Жазасын  алмай  қашанда,

Пенде жоқ қашып құтылған.

КҮН БАР МА ЕНДІ КЕШЕГІ?..

Уақыт  тұрмай  кетеді,

Керуендей,бұлттай  көшеді.

Жүгіріп  көшке  ермейсің,

Ескегін  қатты  еседі.

Өмірдің  басын  ойласаң,

Көгерген гүлдей көктемгі.

Тағыда соңын ойласаң,

Қурайтын бақтай күздегі.

Адамды  дүние  алдайды,

Қусаңда мейлі  кеш енді.

Жастық  шағым  балдайсың,

Бес- он жас өзің  қандайсың.

Ойнап  жүрген  балғын шақ,

Баласың  деп  алдайсың.

Жиырма жас өзің қандайсың,

Өткінші жауған жауындай,

Аспанда көшкен бұлттайсың.

Қызуың  сенің  шарықтап,

Жанып  тұрған  шоқтайсың.

Жас  жүрегің  елжіреп,

Алған  беттен  қайтпайсың.

Ғашықтық сезім билейді,

Көзің  қарап  тоймайсың.

Отыз жас  өзің  қандайсың,

Қай жерге келдім екен деп,

Өткен  күнге  түсінбей,

Ұйқыда  көрген  түсіңдей,

Жан  жағыңа  қарайсың.

Көшіп  жүрген  керуендей,

Өзіңді  өзің  қамдайсың.

Қырық жас өзің қандайсың,

Ыстыққа  төзіп  шыдайтын,

Тал түсте тұрған талдайсың.

Жылжыпта -жылжып апарып,

Қоштасып сенде алдайсың.

Елу  жас  өзің  қандайсың,

Алды — артыңа  жалтақтап,

Ары — бері  ойлайсың.

Тұрағың  жоқ  білемін,

Адамға жолдас болмайсың.

Алпыс жас өзің қандайсың,

Сөз  қаймағын  түйіндеп,

Ақыл  айтсаң  жарайсың.

Сырғанап кетпей жүре алсаң,

Жетпіске қарай жалғайсың.

Жетпіс жас өзің қандайсың,

Нұрын шашып күш қайтқан,

Жарығы  әлсіз  шамдайсың.

Армандайсың   жас  кезді,

Бұрынғыдай  болмайсың.

Шамда  бір  күн  күйеді,

Шақырса  енді қалмайсың.

Көңілдің  қошы  болмаса,

Күздегі  шөптей  қурайсың.

Сексен жас өзің қандайсың,

Жаздағы  ыстық жалындай,

Қаһарлы қыстың мұзындай,

Қатпайсың да,  жанбайсың.

Аяқтың  асты тайғанақ,

Қысқарып  қолың кетеді,

Созсаңда  енді алмайсың.

Өткенді  қайта  көрмейсің,

Артыңа  қарап  шөлдейсің.

Жағаласып  толқынмен,

Өзіңнен  қуат  кеткесін,

Аяңдап  енді  жүрмейсің.

Өткен  өмір  күндері,

Тіріге  еріп  жүрмеді.

Қала  берер  артыңда,

Аспанға ұшқан құстардай,

Ғайып  болып  кетеді.

Бір көрінбес қайтадан,

Уақыт қандай күрделі.

Қолдан ұстап жетелеп,

Тағдыр  өзі  келеді.

Ойлы-қырлы белестен,

Құбылып  жүріп  өтеді.

Ащысы мен тұщы бар,

Адамда  оған  көнеді.

Сағынғанмен  қайтерсің,

Күн барма енді кешегі.

ШҮКІРЛІК ЕТСЕҢ ОЗҒАНЫҢ

Адам  іште  білмеді,

Пәниге  шығып  келерін.

Есін  жиып  ойланып,

Жылаумен-бірде  күлерін.

Он екі  мүше  жан  болып,

Жер үстін басып  жүрерін.

Тұрақтай  алмай  қонысқа,

Оралып  жерге  кірерін.

Көңілі  тайыз мен-мендер,

Дүниеге  өзі  келгендей.

Бес күн  қарын  тойғанға,

Желденіп шалқып жүргендей.

Жолап  кетсең  оларға,

Басыңа қайғы төнгендей.

Аулақ  жүрсең  көп артық,

Көкірегі  соқыр  қараңғы,

Ішінде  шамы  сөнгендей.

Ақылдыға  сөз  барма,

Жайқалып тұрған ормандай.

Жапырақ  жайып  сөздері,

Көлеңке  болып  тұрғандай.

Жәрдем  берер  жаныңа,

Ырғалып көңілің толғандай.

Ауыздан  шыққан  сөздерің,

Бұлақ  болып  аққанын,

Пырақ  болып  екі  аяқ,

Бір қадам  алға басқаның.

Ыстыққа  қақсып  шөлдесең,

Қанғанша  суды  жұтқаның.

Шаршағанда  шалдығып,

Керіліп  ұйқтап  жатқаның.

Неше  түрлі  дауысты,

Құлақпен  естіп  тұрғаның.

Қалаған  жерге  өрлеумен,

Көзбенен  көріп  барғаның.

Екі  қолың  ұмтылып,

Несібені  тауып  алғаның.

Иісі жұпар  ауаның,

Түсінсеңіз  жамағат,

Өкпеге  қалай  барғанын.

Бізге  берген  олжасы,

Құдіреті  күшті  Алланың.

Денсаулығың  көп  артық,

Шүкірлік  етсең  озғаның.

Алладан  түскен  парақтың,

Көрерміз  жүрсек  жазғанын.

Соққы  мен күшті ағысқа,

Сабырлық болар қорғаның.

Ащы  зәһар  тілменен,

Тіршілікте   уласаң,

Құрулы  тұрар  қақпаның.

Өзіңде  білмей  қаларсың,

Таяқтың  басқа  батқанын.

Қаһары   келсе  Алланың,

Жиалмай  есті  қалғаның.

 

ПЕНДЕ АЗ ҒОЙ ОНЫ ҚАЗІР ОЙЛАЙТЫН

Өтіп  кеткен  көп  елес,

Мың бұралса  бір келмес.

Ой  тербетер  жүректі,

Шолып  өтсең күнді тез.

Ертеңді  күтіп  жүруге,

Өлшеулі  ғұмыр көп емес.

Шамаң  жетсе  сауап ал,

Қарайып  жүрек жүдемес.

Айдында жүрген пендеміз,

Өлшеулі  күні  кетеміз.

Артыңа  ермес  мүлікке,

Құмар  болып  нетесіз.

Иманнан артық болмайды,

Кетіп  қалмаң  өтеусіз.

Таразыға  салғанда,

Сауабың болсын шектеусіз.

Нәр алмаса  Иманнан,

Жетім болар бұл жүрек.

Залым мен сараң,арамға,

Тас  жауады  күркіреп.

Үкімді  Алла  шығарар,

Күрмелсе де   шешілмек.

Құзырына алып шын сүйсе,

Бақшаңда тұрар гүл гүлдеп.

Доп  сияқты  домалап,

Ұшып  қонып  өтеміз.

Тепкіні  жеп  алаңнан,

Мұңайып бірде күлеміз.

Теңіздегі  кемедей,

Толқынға қарай жүземіз.

Ағысы  күшті  қоярма,

Басқа  салса  көнеміз.

Допта  бірде  жарылар,

Толқында  суға батырар.

Саулықта  адам білмейді,

Қиналса жылап жалынар.

Қабыл  болса  тілегің,

Раббың  өзі  жарылқар.

Алдаушылар   көбейді,

Алладан шындық табылар.

Қайырсыз  іспен  айналып,

Жиналған  мың жаманнан.

Бір жақсы артық жайқалып,

Тұғыры  мықты  қаланған.

Түсірер  орға  ой салып,

Қорғаның  қу мен арамнан.

Ақылдан тарыққанда қолдайтын,

Жақсылар аздың қасы дем берер.

Жамандар өсек айтып былғайтын,

Орынсыз жала жауып шөлдетер.

Ақылды  тауды  аударар,

Сабырлық сақтап жан-жағын,

Жігіттің  нары  көтерер,

Басына  салмақ  салғанын.

Дәрісің  кемдей  қурайсың,

Мінезсіз  болса  алғаның.

Армандар ай асығасың қияға,

Шүкір етіп жаталмайсың ұяда.

Талпынасың таудан асып аралап,

Ойлағаның  бір жүрекке  сияма.

Көңілің мен сезімде бар қимайтын,

Ақылда бар бәрін бірге жинайтын.

Сабыр болар барлығыңа  қорғаның,

Ажалда бар дәм татырмай қоймайтын.

Шөл топырақ жұтып алар аямай,

Пенде аз ғой оны қазір ойлайтын.