премьера
Сурет сайт архивінен

Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры «Мұнайшылар күніне» орай гастрольдік сапарға шығады. Олар 20 тамыз бен 11 қыркүйек күндері аралығында «Қаражанбасмұнай» және «Өзенмұнайгаз» кен орнында өнер көрсетеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«Өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген мұнай саласы қызметкерлерінің еңбегі ерен. Осы ретте Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мен «Қаламқас» кен орнының 45 жылдығын мұнайшылармен бірлесіп атап өту — негізгі мақсатымыз. Облыстық театр ұжымы мұнайшылар сахнасында өнерін паш етуге, мұнай саласы қызметкерлерін мерекемен құттықтауға әрі қолдауға дайын. Гастрольдік сапар барысында мағынасы мол шығармаларға негізделген қойылымдарды сахналаймыз. Әрбір жанға рухани демалыс сыйлаймыз деген үміттеміз», — дейді Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры директорының орынбасары Тоқтамұрат Тілеуұлы.

Жантөрин театры мұнайшылар күнінде гастрольдік сапарға шығады
Сурет Н.Жантөрин театры инстапарақшасынан алынды

Театр ұжымы 20 тамыз күні сағат 19:00-де  «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 55 жылдығына байланысты Мұнайшылар мәдениет үйінде Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» спектакльін сахналайды. 21 тамыз күні сағат 17:00 және 19:00-де «Фариза мен Мұқағали» қойылымын мұнайшылар сахнасында көрсетеді. Ал 22 тамыз күні «Ғашықсыз ғашық» драмасын ұсынса, Қ.Жүнісовтың «Алғашқы махаббат» комедиясын 23 тамыз күні сахналауды жоспарлап отыр.

Жантөрин театры мұнайшылар күнінде гастрольдік сапарға шығады
Н.Жантөрин театры инстапарақшасынан алынды

Сонымен қатар  Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры 29 тамыз күні «Қаражанбас» кен орнына барады. Онда мерекелік концерт ұйымдастырып, 30 тамыз және 10 қыркүйек күні сағат 19:00-де «Алғашқы махаббат» комедиясын көпке ұсынады. Көрермендер 31 тамыз бен 11 қыркүйекте Р.Отабаевтың «Фариза мен Мұқағали» шығармасын тамашалайды екен.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА