Қазақстан туы

Елімізде тамыз айының үшінші аптасы спорт күні ретінде аталып өтеді. Жалпы еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап қазақ жастары қай спорт түрінен болмасын байрақты бәсекеде әнұранымызды асқақтатып, көк туымызды желбіретін жүр. Жеңісті сәттердің артында бапкерлердің жемісті еңбегі тұрғаны ақиқат. Сондықтан да біз облысымызда спортшыларымызды бабында ұстап, аймақта спорт саласының дамуына үлкен үлес қосып жүрген бірқатар бапкерлерден және спорт саңлақтарынан мерекеге орай арнайы тілек жазып алдық.

IMG_8654 (1)

Сергей Волобуев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан еліміздің бас жаттықтырушысы:

-Менің түсінігімде жаттықтырушы-ең алдымен еңбекқор болуы керек. Әрбiр шәкiртiңдi өз балаңдай жақсы көріп, психологиясын тани білгенің жөн. Сенiң қабағыңнан олар бәрiн аңғарғаны дұрыс. Бапкердiң бағыты анық болса, шәкiрттiң де сенiмi орнығады. Сондықтан да менің үмітімді ақтап, республиканы былай қойғанда халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген шәкірттеріме дән ризамын. Олардың арасынан Олимпиада ойындарында еліміздің әнұранын асқақтатып, туын желбірететін чемпиондардың да шығатынына кәміл сенемін. Үздіксіз дайындықтың нәтижиесінде біз ол күнге де жетеміз.

Барша маңғыстаулықтарды, спортшылар қауымын келіп жеткен кезекті мерекемен құттықтаймын. Әр шаңыраққа береке, әр спортшының қоржынына алтын медаль тілеймін. Бейбіт елде берекелі еңбек етіп, толайым табыстарға қол жеткізе берейік!

002222

Берік Жұмағалиев-балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің Жыңғылдыдағы филиалының бапкері:

-Биылғы жыл облыс спортшылары үшін табысты басталды деп ойлаймын. Жыл басталғалы облыс спортшылары әр түрлі облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, өңір намысын абыроймен қорғады. Соның ішінде Жыңғылдыдағы спорт интернатының шәкірттерінің 17-сі «спорт шебері үміткер» атағын иеленді. Мұның барлығы спорт мектебінде дәріс беретін бапкерлердің еңбегі деп білемін. Сондықтан да әріптестерімді спорт күнімен мерекесімен құттықтай отыра, отбасыларына бақыт, дендеріне саулық, еңбекте табыс тілеймін. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранын асқақтататын намысты ұл-қыздарымыздың қатары көбейе берсін. Мереке құтты болсын, ағайын!

00032323

 Жомарт Қобланов, облыстың дзюдо күресінен бапкері:

-Жастайымнан боз кілемге шығып белдесіп, біраз белестерді бағындырдым. Мектепті аяқтаған соң, арман қуып ару қала Алматы қаласына жол тарттым. Алматыдағы спорт және туризм академиясын тәмамдаған соң, ақмаржан қала Ақтауыма келіп еңбекке араластым. Бапкерлікті қолға алып, жинақтаған тәжірибиеммен бөлісіп, шәкірт тәрбиеледім. Бүгінде 15-ке жуық «спорт шебері үміткер» жас балуандарды дайындадым. Соның ішінде самбо күресінен биыл Нұрбек Қуанышұлы-Азия балалар ойынында үшінші орынға ие болып, қола медальді иеленді. Тағы бір шәкіртім Нұрсұлтан Манарбекұлы Еуропа кубогінің күміс жүлдегері атанып, Қарағанды қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай дзюдодан өткен республикалық турнирде және Степногорск қаласында дзюдодан өткен халықаралық турнирде қос алтынды иеленіп, облыс мерейін өсірді. Мен осындай шәкірттеріммен мақтанамын.

Баршаңызды спорт күнімен құттықтаймын. Әр шаңыраққа бейбіт өмір, тыныштық және мол жақсылықтар тілеймін.

04-1

Асхат Хапанов, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің бапкері:

-Дана халқымыз: «Ұстаздан шәкірт озса игі» дейді. Жалпы менің жас бапкер болып қалыптасуыма, спорт саласында белгілі бір биік шыңды бағындыруыма зор үлес қосқан Манарбек ағайым болатын. Сондықтан да бапкеріме еліктеп өскен мен елордамыз Астана қаласынан жоғары оқу орынын бітіріп келгеннен кейін, білек сыбана жұмысқа кірістім. Бүгінде жас жеткіншектерді дзюдо күресінен дайындап, шәкірт тәрбиелеп жүрген жайым бар. Жыл басында Әзірбайжан астанасы Бакуде дзюдодан өткен халықаралық турнирде 4 шәкіртім топ жарып, елге жеңіспен оралды. 400-ге жуық балуанның арасынан шәкірттерім Нұртілек Атшыбай, Мейрамбек Алдаберген тұғырдың ең жоғарғы сатысына көтеріліп, алтын медальмен апталды. Сондай-ақ, Төрекен Қобыланов, Жандос Сағынғалиев үшінші орынды олжалап, қола медальді кеудесіне тақты. Бапкерлікке жаңадан қадам басқан ұстаз үшін мұның өзі үлкен жетістік деп есептеймін. Алдағы уақытта да тынбай еңбектеніп, елімнің көк байрағын халықаралық жарыстарда желбірететін боламыз.

Спорт саңлақтарын айтулы мерекемен құттықтаймын. Үміттеріңізді ақтайтын шәкірттеріңіздің қатары көп болсын. Тәуелсіз елімізде спорт саласының дамуына үлес қосып, әрдайым биік белестерді бірге бағындырайық!

IMG_5733-1

Ерлан Серіков, Маңғыстау облысының жасөспірімдер арасында самбо күресінен аға бапкері:

-Менің алғашқы еңбек жолым-туған жерім Маңғыстау ауданы Шетпе кентінен басталды. Кейін облыс орталығына ауысып, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебіне жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда 9 бен 14 жас аралығындағы 20-дан астам жеткіншекті самбо күресінен жаттықтырып жүрмін. Жеңіске деген ұмтылысы бар, «аймағымның атын республикалық, халықаралық жарыстарда шығарып, елге жүлде сыйласам» деген мақсаты бар, батыр жүректі балуандардың өсіп келе жатқаны мені қуантады. Шәкірттерімнің біразы биыл жарыстарда топ жарып, үмітімді ақтады. Олардың арасында Оралда өткен республикалық жарыстан алтынды иеленген Жасұлан Асаров, Ердос Бегайдарұлын және күміс жүлдегер Мейрамбек Алдаберген, Мағжан Аяпберген, қоланың иесі Ержігіт Тәжімұратты, Талдықорган қаласында самбо күресінен өткен турнирде топ жарып, алтын медальдің иесі атанған Нұрбек Қуанышұлы, Нұржас Қуандықты ерекше атап өткім келеді. Бұл жеткіншектердің Азия, Әлем чемпионаттарында топ жарып, Олимпиада шыңын бағындыратынан сенімім мол.

Барлық спортшыларды келіп жеткен кезекті мерекемен құттықтаймын. Әр жылымыз жақсы өзгерістерге, қуанышты кездесулерге, жеңісті сәттерге толы болып, ел үмітін ақтайтын ерлеріміздің қатары көп болсын.

IMG_2165

Айболат Мұратұлы, әскери самбодан ҚР чемпионы:

-Алғашқы жылдары спорттық самбомен айналысып жүрдім, кейін жауынгерлік самбоға ауыстым. Әр жылдың берекесі, қуанышы, жарқын естеліктері болады. Биылғы жыл мен үшін табысты болды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Атырауда ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Ел біріншілігінде алтыннан алқа тағып, чемпион атандым. Ақтөбе қаласында әмбебап жекпе-жектен алтынды және ҚР кубогі сарапқа салынған жарыста қоланы, Түркіменстанның Ашхабад қаласында өткен Азия чемпионатында қоланы иелендім. Бұл үлкен жетістіктердің бастамасы деп есептеймін. Мен бағындырар шың әлі алда.

Барша спортшыларды мерекемен құттықтаймын. Әрбір игі істер мен жаңа бастамаларыңызға сәттілік серік болып, отбасыларыңызға баянды бақыт пен бақ-береке орнасын. Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында елімнің спортшылары топ жарып, әнұраны асқақтаса екен деймін.

IMG_8441

Сұңғат Жұбатқан, дзюдодан Азия чемпионы және самбо күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

-Өткен жылы толайым табыстарға қол жеткізіп облыс әкімі А.Айдарбаевтың қолынан «Жыл спортшысы» номинациясын алдым. Биылғы жыл да жеңістерге толы болып, табысты өтуде. Бүгінгі таңда дзюдодан Қазақстанның үш дүркін чемпионы және Азия чемпионы, самбо күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегерімін. Менің бұл жетістіктерім әрине, ата-анам мен бапкерлерімнің жеңісі. Сондықтан да мені спортқа жетелеп әкеліп, аламанға қосқан әкеме айтар алғысым шексіз. Ендігі меже-Әлем чемпионы атанып, Олимпиада шыңын бағындыру.

Спортшылар қауымын мерекемен құттықтай отыра, жаңа жетістіктер мен кәсіби табыстар тілеймін. Әрбір күн шаңыраққа бейбіт өмір, мол жақсылықтар әкелсін.

IMG_8563

Бауыржан Сағынғалиұлы, самбодан Азияның үш дүркін чемпионы:

Мені жастайымнан спортқа жетелеп әкелген анашыма, спорттың қыр-сырын үйреткен бапкерлерім Манарбек, Сергей ағайларыма айтар алғысым шексіз. Маған үміт артқан осы жандардың арқасында мен біраз белестерді бағындырып, үш дүркін Азия чемпионы, Әлем чемпионатының жүлдегері атандым. Мұның барлығы еселі еңбектің, маған тәлім берген бапкерлерімнің жемісі деп білемін. Сондықтан да барлық бапкерлерді, спорт саласының жеткіншектерін төл мереке спорт күнімен құттықтаймын. Барлықтарыңызды салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысуға шақырамын.

WhatsApp Image 2016-08-16 at 17.01.46

 Бибігүл Ерназарова, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің көркем гимнастикадан жаттықтырушысы:

-Облыста көркем гимнастиканың дамуына, өркендеу жолында еңбек етіп келе жатқаныма биыл-22 жылға жуық уақыт болыпты. Осы жылдар аралығында талай сымбатты арулардың байқауларда бақтарын сынап, түбекке жүлделі орынмен оралу жолында тынымсыз еңбек еттім. Бүгінгі таңда «Жастар» спорт мектебінде 45 шәкірт тәрбиелеп, ұзақ жылғы тәжірибиеммен бөлісудемін.

Облысымыздың барлық тұрғындарын кезекті келіп жеткен мерекемен құттықтаймын. Спорт саңлақтары әрдайым ел үмітін ақтап, түбекке жүлделі орындармен орала берсін.

10-1

Александр Радунцев, у-шу спорт түрінен облыс бойынша аға бапкер:

-Спорт саласындағы 30 жылдық еңбек өтілімімде талай шәкірт тәрбиелеп, облыста у-шу спортының дамуына үлес қостым. Бұл еңбегім бағаланып, Мемлекет басшының «Спорт саласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен арнайы марапатталдым. Алдағы уақытта да осы қарқынмен еңбек етіп, түбектің дамуына өз үлесімді қосамын деп сенемін.

Әріптестерімді мерекемен құттықтай отыра, дендеріне саулық, отбасыларына бақыт, еңбектеріне табыс тілеймін. Үмітімізді ақтайтын шәкірттеріміздің қатары көп болсын. Жалпы у-шу адамның жаны мен тәнін бірдей шынықтырып, жетілдіретін, алуан түрлі шабуылдан қорғануға өте қолайлы спорт түрі саналады. Сондықтан да, облыс тұрғындарына у-шумен айналысып, дене сымбатыңызды сақтаңыз дегім келеді.

Дайындаған: Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ