Қай елдің де, қайсы дін өкілдерінің де әйелдері жалаңбас жүрмегені әлемдік тарихтан белгілі. Суықтан да, ыстықтан да, сұқ көзден де қорған болған орамал тазалық кепілі де. Бұрынырақта, аналардың жалаңбас жүруі ұят саналатын замандарда, келісімге келе алмай, жауласып тұрған екі жақтың қақ ортасына әйел-ана келіп, басындағы ақ жаулығын жұлып алып, ортаға тастағанында екі тарап та ақ орамалдан аттап кетуге бата алмай, тоқтап қалатын. Шешімі табылмай тұрған кей мәселелер осылайша шешіліп, қантөгістің алды алынатын кездер болды.

Өткен жұма күні республикалық «Ақ орамал» акциясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ мен облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы перинаталдық орталықта ерекше шара ұйымдастырды.

IMG_1053

Облыстық перинаталдық орталықта биылғы жеті айда 4431 сәби өмірге келсе, олардың тоқсан бесі егіз, екеуі үшем. Тамыз айының алғашқы 11 күнінде дүние есігін ашқан 253 баланың жетеуі егіз. Ал күніне 25 шақты әйел осы перзентханадан бөпесін құшақтап шығып, отбасына қосылып жатыр. Облыстық маслихаттың депутаты, өңріміздегі Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Жақаева мен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Жайылханова жаңа туған перзентін қолына алып, жүздері қуаныш пен бақыттан бал-бұл жанған келіншектерге және оларды алып кетуге келген анасы немесе қайын енелеріне қазақ әйелдерінің дәстүрінде болған кіршіксіз ақ орамал сыйлады.

Жас аналардың басына әдемі орамалды өз қолымен тартқан Сәуле Бердіханқызы оларға құтты болсын айтып, болашақ ұрпаққа лайықты тәрбие беру, бейбітшілікті сақтауға үлес қосу да маңызды бір парыз екендігін жеткізді.

IMG_1003

-Қазақстан Республикасы Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде «Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз!» деп айтқаны баршаға аян,-деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Әбдіғалиқызы.-Бүгін Елбасымыздың манифесін қолдау мақсатында және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, «Ақ орамал» акциясы шеңберінде осынау шараны ұйымдастырып отырмыз. Еліміз, ұрпақтарымыз соғыс деген сұрапылды көрмегенін тілейміз. Біз бейбітшілікті қолдаймыз. Ардақтап тартқан ақ орамалын аяқ асты етпеген аналарымыз тек сондай бір дауласуға, не жауласуға апаратын жағдайларда ғана жерге, екі жақта тұрған адамдардың ортасына тастаған. Қоғамның барлық мүшесі және әр азаматы бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына бірдей жауапкершілігін сезінуі керек.  

Ал шексіз шаттық пен қамқорлыққа кенеліп, тамаша сыйлық алған жас аналар өздері күтпеген бұл шараны ұйымдастырушарға алғыс бірдіріп, Отанымызда бейбітшілік пен татулықты сақтауға өз үлестерін қосатындарына сендірді.

   Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

IMG_1095