Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасы Маңғыстау облысына жетті. 14 шілде күні 10 жасар Жансұлу есімді қала тұрғыны #Abai175 челленджін қабыл алды. Ол ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңін оқыды. Эстафетаны Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовқа жолдады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Апта басында Жансұлу Сариева аймақ басшымен қатар кәсіпкер Шамрад Телеубаевқа, актер Артур Төлеповке, Арман Оспановқа, Іскер әйелдер қоғамының төрайымы Сәуле Халелқызына және португалдық әнші Лара Алейшоға эстафета жолдаған.

Ал бүгін Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясынан қабыл алды.

Кезекті эстафетаны Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясына жолдады.

Бұған дейін Жаңаөзен қалалық сотының жолдаған эстафетасын Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев қуанышпен қабыл алған.

Ол инстаграм әлеуметтік желі парақшасында: «Ендігі кезекті Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязовқа, Жаңаөзен қаласының тұрғыны, қоғам жанашыры әрі белсендісі Руслан Ғайбатовқа және «ӨзенМұнайГаз» АҚ «Жас мамандар кеңесінің» төрағасы Бауыржан Бәйімбетовке жолдаймын», — деп жазған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Республикада Абай өлеңдерін жатқа айту эстафетасы жалғасып жатыр 

Әлеуметтік желінің жеделдігі арқылы ақын өлеңдерін дәріптеу мақсатында басталған #Abai175 челленджі әлі күнге дейін жалғасуда. Елге белгілі қоғам қайраткерлері мен өнер саңлақтары да Абай шығармашылығын жатқа айтып, бір-біріне эстафета жолдап жатыр. Бұл ретте маңғыстаулық тұрғындар да белсенді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Видеоны Жансұлу Сариева және МО Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынды