Қоғамдағы бірден бір тыныштықты қамтамасыз ететін полиция қызметкерлерінің жұмысы — жауапты, ауыр да мәртебелі. Көтерер жүгі жеңіл емес. Олар тәуелсіз елімізді құқықтық мемлекет ретінде қалыптастыруда белең алып отырған заңсыздықтарды ауыздықтауда белсене күрес жүргізе отырып, қылмысты ашу, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу сияқты міндеттерді жүктейді. Мызғымас тәртіпті орнықтыру арқасында ел арасындағы тыныштықты ретке келтіріп, қоғам игілігіне адал қызмет етеді.
Осы орайда, жоғарыда аталған қызметтік міндеттерді абыройлы атқарып, жергiлiктi тұрғындардың құрметiне бөленген қарапайым тәртіп сақшылары біздің қаламызда да баршылық. Солардың бірі, газет кейіпкері — Медет Молдақасымұлы Мүшекенов. 27 жастағы Тараз қаласының тумасы құқық қорғау саласында қызмет атқарып жатырғанына 3 жылдай уақыт болған. Жас қызметкер еңбек жолын әкімшілік полиция бөлімшесінің әкімшілік тәжірибе тобынан бастап, 2015 жылдан бері «Бостандық», «Мұнайлы» шағынаудандарының тыныштығын қамтамасыз ететін учаскелік полиция инспекторлығына ауысады. Оның ойынша, бұл салада қызмет ету үшін өжеттілікпен қатар, асқан жауапкершілік бойдан табылуы тиіс. Сонда ғана, аумақтағы құқық тәртібін нығайтып, тұрғындар қауіпсіздігін сақтауға толық мүмкіндік болады дейді.
Медет Мүшекеновтың полиция болам деген қызығушылығы сонау мектеп қабырғасында жүргенде бастау алады. Әкесінің құқықтық салада қызмет атқаратын ағасы Медеттің көз алдында батыр ретінде көрініс тауып, болашағын осы саламен байланыстыруға себепші болады. « Ағам форма киіп, байсалды кейіпте бізге үлгі көрсетті. Әулетіміздегі барлық ұл балалар сол кісіге еліктейтін. Қазіргі таңда әділ, әрі жауапкерщілікті қызметі арқасында «полковник» шені бар». Тоғызыншы сыныпты аяқтап қаржы мамандығына түскен ол, жанына жақын емес есеп-қисаппен достасып кете алмайды. Сонымен, мамандығын жол қозғалысын ұйымдастыру бағытына ауыстырады. Білімін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жалғастырып, аталған мамандық бойынша тәмамдап шығады. Қызмет ету жолын Жаңаөзенмен байланыстыруды жөн көрген ол екі ай ІІМ-ның Шымкент қаласындағы Б.Момышұлы атындағы оқу орталығынан алғашқы дайындық курсын өтеді. Сөйтіп, Маңғыстаудай түбектің мұнайлы қаласы Жаңаөзенге келіп, қызметке кіріседі.
Бүгінгі таңда учаскелік полиция инспекторы қызметі бөлінген аумақтың қоғамдық тәртiбін күзету, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, ұсақ тәртіп бұзушылықтың алдын алу жөнiндегi мiндеттердi дәйектiлiкпен iске асыруда. Аталған аумақтардың тыныштығын көздiң қарашығындай сақтап, әрбір тұрғынның құқығын қорғау, оларға қорған болу бағытында талмай қызмет етеді. Теріс ағымдағы тұлғаларды, жалдамалы пәтерлерді анықтау мақсатында, кешкі уақыттарда жасөспірімдердің көше кезіп жүруі, алкогольді ішімдіктерді сату бойынша күнделікті рейд жүргізеді. Сотталған, не шартты босаған азаматтармен кездесу, бақылау жасау да негізгі міндеттерінің бірі. Сондай-ақ, «Сәлеметсіз бе! Мен Сіздің учаскелік инспекторыңызбын!» атты акция аясында тұрғын үйлерді аралау, танысу, визитка тарату жұмыстарын атқарады. Оның айтуынша, акция уақыты аяқталғанымен, түсіндіру жұмыстарын жүргізу тоқтатылмаған. Өйткені, аталмыш шағынаудандарда орын алған соңғы бес ай ішінде 7 ұрлық қылмысы бойынша, халыққа тұрғын үйлерін, көліктерін, малдарын, жеке нысандарын қараусыз қалдырмауды және терезелерге темір тор орнатуды, сауда орындарын күзет орталығына пультке қосуды ескертіп отырады. Қызметке қажетті барлық жағдай жасалған, арнайы бөлімше мен көлік бөлінген.
Адал қызметімен қатар, үлгілі шаңырақ иесі, 3 баланың әкесі.

Мәдина БЕГАРЫС