2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі қолданысқа енгізілді, заңнамада азаматтық дауларды татуластыру жолымен шешу қарастырылған. Атап айтқанда, сотта татуласу келісімін жасау, медиация немесе соттық медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісімге келу, сондай-ақ, екі тараптың адвокаттарының қатысуымен дауды партисипативтік рәсімдер арқылы реттеу.

Татуластыру рәсімдері арқылы шешімін тапқан іс бойынша төленген мемелкеттік баж салығы тараптарға қайтарылады.
Заңнаманың бір тиімділігі, сотпен бекітілген қандай да бір келісім ерікті түрде орындалмаса, тараптарға атқару парағы арқылы мәжбүрлі түрде орындату туралы мәселені көтеруге құқығы бар.

«Медиация» термині латынның «mediare», делдалдық ету деген сөзінен шыққан. Жалпы, медиация — үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін, дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі. Үшінші тарап дегеніміз — медиатор.

Медиатор — ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, ол бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады.

2011 жылғы 28 қаңтарда «Медиация туралы» қабылданған заңға сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.

Медиациярәсімі төмендегідей негіздер болған жағдайда қолданылмайды:
-медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғалардың және сот әрекетке қабілетсіз не әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың мүдделерін қозғаса немесе қозғауы мүмкін    болса,
-тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға),
-сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.

Медиацияның мақсаты — дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
Медиация — еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық қағидаттар негізінде жүргізіледі.

Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиаторбола алмайды.

Ал, тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады.

Медиатордың қызметі — кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін.
Медиаторқызметін кәсіби емес негізде- қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар, ҚР АПК-не сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар жүзеге асыра алады.

Медиатор қызметін кәсіби негізде -жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар, отставкадағы судьялар жүзеге асыра алады.
Медиатор қызметін жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген өзге қызметті де жүзеге асыруға құқылы.
Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.

Медиация біздің қазақ халқына тән нәрсе десек артық айтқандық емес. Себебі, ертеде белгілі бір дау-жанжалдарды шешу үшін қазіргі медиатор қызметін елге белгілі абыз, ақсақалдар, би, шешендер шешіп отырған. Рулар, түрлі ұлттар арасындағы шиеленістер осылайша шешілген.

Бибігүл ДЕМЕНОВА,

Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісі

талдау және жоспарлау бөлімінің  басшысы