Рысгүл

Шаңырақтың тұтқасы — қашан да үйдің отағасы. Сыртқы шаруа, алуан міндет, ауыр жүк әрдайым соған түседі. Азаматың арлы, өз ортасында сыйлы, арзанды көріп азбайтын, қызылды көріп тозбайтын дәтіне берік, мінезі ұстамды, жігері мұқалмас төзімді болып келсе жанып тұрған бағың емес пе? Ал жұбайы сол отаудың бүтіншісі, барыңды баптайтын, жоғыңды сатпайтын, пейілі кең, ағайын-тумаға мейірімді келсе – шамшырағың. Иә, заманына сай адамы демекші, осы күнгі жаңаөзендік қыз-келіншектердің әлеуметтік желіде іздеп жүріп оқитын, посттары сұранысқа ие жандардың бірі – Рысгүл Амантұрлиева. Қазіргі таңда бір әулеттің келіні, екі баланың анасы, әлеуметтік желідегі Ырекеңмен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Рысгүл, алдымен өзіңнің қайдан білім алғаның, қандай мамандық игергенің жөнінде айта кетсең…

— Мектепке алғашқы дайындықтан бастап он бірінші сыныпқа дейін қаламыздағы №7 орта мектепте білім алдым. Мектеп бітіруген жылы тұрмыс құрдым. Содан мектеп те, еркелік те қалып, келіндік өмірім басталып кетті. Келін боп түскен жерім «сен келінсің, жассың» деп қатты сынға да алмай, керісінше оқуымды жалғастырғанымды қалады. Содан болар, тек өз үйімнен жаңа үйге көшкендей боп жүрдім. Отбасымда үш қыздың кішісімін. Тұрмысқа шыққан жылы жаз мезгілінде қаламыздағы политехникалық колледжге емтихан тапсырып, бағымды сынадым. Үш жыл он ай бюджет бөлімінде оқып, программист мамандығын игеріп шықтым. Оқуға түскен жылы топ басшысы болдым, оқуымның соңына дейін стипендия алдым. Оқу оқып жүріп екі балалы болдым, сол кезде колледждегі ұстаздарым менің пысықтығымды байқаған екен.

— Ал күйеуің ше? Ол қай жақтың жігіті?

— Жолдасым қаламыздағы №2 орта мектепте білім алған, үйінде жалғыз ұл. Мектеп бітірген соң жоғары білім аламын деген ойы болған, бірақ әкесі басқа қалаға кетуіне қарсы болғандықтан оқуға мүлдем тапсырмай қалған. Бірақ қазіргі таңда сырттай жоғары білім алуда, машинист болып қызмет атқарады.

— Әлеуметтік желіде танымалдылық қалай басталды? Жағымсыз пікірлермен қалай күресесің?

— Көптеген жағымсыз пікірлерге мән бермейін десем де, кейбір адамдар мән бергізетіндей қып жазады. Онсыз болмайды. Танымал болмай-ақ жүргеннің өзінде адамның артынан сөз ереді, әйел, келін болсаң тіпті сөздің астында қаласың. Мүмкін абысының жамандар, мүмкін қайның. Оқиғамды басынан бастасам мен танымал боламын деп әлеуметтік желіге тіркелгем жоқ. Тұрмысқа шыққанымда смартфон ұстауыма күйеуім рұқсат бермеген еді. Екінші баламды дүниеге әкелгенге дейін тек үй ішімен хабарласып отыратын қарапайым телефон ұстадым. Оқуға тіке барып, тіке келетінмін. Ата-енем ескінің адамдары, оқуға жоқ еді. Бірақ бала-келінінің ондай болғанын қаламады. Маған бала бағуға көмектесіп, оқуға жіберді. Ылғи «оқыңдар, көріңдер, шығыңдар» деп отыратын. Туған күніме енем алқызыл смартфон сыйлап, сонымен ең бірінші ватсапқа кіріп, таңғы 4-ке дейін әңгіме айтып, қызықтаған едім. Сол ватсаптан басталды, содан кейін инстаграмға тіркелдім. Басында көп функциясын түсінбейтінмін. Жүктілігім ауыр өткен соң басымнан өткен оқиғаларды жазып көрейінші, мүмкін мен сияқты әйелдер ішкі сырларымен бөлісер деген ой келді. Колледжде оқып жүргенде-ақ группамызда қыздардың басынан түрлі оқиғалар өтіп жатты. Тұрмыс құрған қыздар іштегі сырын аналарына айта алмай қиналып жүргендерін көрдім. Менің алғаш жазған посттарымның астында «Рысгүл, баяғыны еске түсірдің-ау» деп қуанып жатқандары да, іштегі сырларын ашып, менің ойымды сұрап жатқандары да болды. Адам проблемасын ішке сақтаса оның соңы жаман ауруға апаратыны белгілі ғой. Группалас қыздар арасында да түрлі қызық оқиғалар өтті. «Бүгін сабақта боламын» деп мамасымен базарда жүргенде алдынан енесі шыққан жағдай да, «сабаққа кеттім» деп үйіне барып отыратын да болған. Осындай жағдай менің басымнан өтпепті, барды бар деп тіке айтуға үйренгенмін. Оқырмандар бірте-бірте жиналып, түрлі жағдайларды сұрастыруына қарап менің осы пост жазуға деген қызығушылығым оянды. Қызылсай ауылында тұрамын, келін боп түскелі құдықтан су тасыдым. Осы жақында ғана үйге су тарттық. Басында 2000-3000 оқырманым болған кезде негатив пікірлерге қатты мән беретінмін, оның өзі үлкен айқайға ұласатын. Ал қазір тіпті мән бермеймін. Негативті қандай адамдар жазады? Нені көргісі келсе көретін, өз ойынан хабардар беретін адамдар ғана теріс пікір жазады.

— Қазіргі Рысгүлдің осындай дәрежеге жетуі кімнің арқасы дер едің?

— Өзіне сенімсіз, бар затына қанағаттанбайтын әйелдер қаншама. Күнде көзіміз көріп жүр. Бала күнімнен алдыңғы қатарда жүргенді ұнатамын. Шыны керек, мектепте тәртібім нашар болды. Біліп тұрғаныммен, тәртібіме бола төрттік алатынмын. Өте ерке өстім. Тұрмысқа шығып, бәрін енемнен үйрендім. Менің осындай болуыма бірден бір себепші сол кісі. Өз туыстарым бала күндегі еркелігімнен мені адам болады, тұрмыс құрып, жақсы тұрып кетеді деп ойламаған екен. Жеңгелерім артымнан қуғыншы болып келгеннің өзінде солай деген. Анам өте қатты кісі, әлі де қатты қарайды.

— Ұлың мен қызыңа өз анаңнан көрген қаттылықты жасайсың ба?

— Басында қызыма қатты едім. Алты айлығында жұмысқа шығып кетіп, ол енемнің қарауында болды. Анам өзімді қалай ұстады, мен де оны солай өсіруге тырысатын едім, бұл ойым қате екен. Психологиялық кітаптарды көп оқып, бала тәрбиесіне байланысты ғаламтордан көп ізденемін. Өзіңде болмаған нәрсені балаға алып беруге тырысу керек екен. Өзім кішкентайымда жоқтықты көп көрдім. Мектепке баратын жылы киетін мектеп формасы болмай қалды, сөйтіп қатарымнан бір жылға кейін қалдым. Келесі жылы күйлі тұратын бір апамыздан форма сұрап, соны киіп мектепке бардым. Әкем де біраз уақытқа дейін жұмыс болмады, шөлмек, бөтелке тапсырып, тиын табатынбыз. Коммуналдық төлемдерді уақытында төлемеген соң біраз қарызға кірген едік. Есікті ашпай отырамыз, ашсақ тоқты қиып кетеді, оны қайтып жалғап аламыз (күлді). Әке-шешем соттың нешеуіне барды. Үшінші сыныпта оқып жүргенімде әкем ТТБ (УТТ) мекемесіне жұмысқа орналасты. Алғаш айлығы 42 мың теңге әкелген кезі есімнен кетпейді, ол кезде 42 мың қарайған ақша. Барлық қарыздарымызды төлеп, есікті айқара ашып қойғанбыз. Тамақты толтырып алып, майдың иісін бұрқыратып бауырсақ пісірдік. Тіпті құр нан мен су ішкен күндеріміз де болды. Оған мен арланбаймын, оның бәрі басымыздан өтті. Ал, қазіргі балалар құр печенье жемейді. Демалыс күні болса «мама, кафеге бармаймыз ба, ойын алаңына барайық», фриді «ұзын картоп» жейік деп шыға келеді. Айлық алғанымызға дейін біліп отырады. Қазіргі балдар жоқтықты түсінбейді. Көп балалар қолдарында айфон, арғы жағында ештеңе жоқ, ата-анасы қарызданып отыр.

— Баланың аузына бәрін тосудың соңы қиын болмай ма? Күшің келмейтін оқу орнына түсір деп, қымбат көлік сатып әпер демей ме?

— Балаларыма қымбат дегенді түсіндіріп жатырмын. Ақшаның жұмыс жасағаның үшін берілетінін, оның да бір жақтан келетінін айтамын. Дүкенге барғанда да ненің қымбат, ненің арзан екенін біліп тұрады.

— Келін айлығын енесіне апарып беруі керек пе?

— Үйге келетін айлық бір жерде жиналуы керек, бізде солай. Енем ай сайын тапсырма береді, сол жүктегенін орындаймыз. Бір үйде тұрып алып күйеуінің айлығын ұстайды, айлығын есептейді дегенді өз басым түсінбеймін. Қаражат үйге келу керек, ортақ ақша әркімнің керегіне қарай бөлінуі керек. Біздің үйдің адамдарды бір нәрсені істей алмай жатырмын деген сөзді ұнатпайды. Кейбір әйелдер үй шаруасына күйеулерін араластырып жатады. Бізде ондай жоқ.

— Қазір үйінде кір мен ыдыс жуатын да, тамақ пісіретін де машиналары бар әйелдер шыдамай ажырасып жатады. Сенің құдықтан су тасығаныңды, кірді қолмен жуатыныңды желіден көріп жүрміз. Тұрмыс құрғалы үйіңе қайтып барып көрдің бе?

— Үйіме кетіп қалған жағдай мүлдем болмады. Басында аяғым ауыр кезде, балалықтың да әсері болар, көп ұрысып қалатынбыз. Қызғаншақтық та болды күйеуімнің тарапынан. Бірақ оның бір жақсы жері керіс кезінде үн-түнсіз шығып кетеді. Ол келгенше үйдің шаруасын қамдап жүремін деп бәрін ұмытып кетеміз. Қазірдің өзінде мен саған лайықпын ба, менің қай мінездерім саған ұнамайды деп сұрап, ашық әңгімелесіп, күйеуім үшін әрқашан жақсы болуға тырысамын. Басында келін болып түскенімде тіпті вермишель де қуырып білмейтінмін. Енем қуыр дегенге вермишель қап-қара болғанша қуырып тұра беріппін. Ол келіп сәл қызарт дедім ғой деп, содан күйген тамақты төгіп, ыдысымды қайта жуып, солайша тамақ пісіріп үйреніп кеттім. Қолымнан келмейді деп айтуға намыстанғаным, айтқанын қағып алғаным енеме қатты ұнаған екен. Ал атам өте қуақы кісі, өзімнің әкемдей болып кетті. Басында шашымды қызыл түске бояғанымда «Рысгүл, мынау шашыңның артындағы қыстырып қойған заколка шығар десем, шашың екен ғой» деп күледі, оның айтқандарын желіге салар болсам соның өзі бір төбе әңгіме. Келін боп түскен кезімнен атаммен еркін сөйлесеміз.

— Келін болғалы өмірден сабақ алған, басыңа түскен ең қиын жағдай қандай болды?

— Келін болғалы анамды сағындым. Бұрынғыдай көл-көсір әңгіме айтып, сапыра беруге де болмайды. Бір жақтан анам, екінші жақтан ата-енем қарап отыр. «Ішіме сыйған сыртыма да сыяды» деп анам айтқан емес. Кеттің бе сол жағыңмен бол деген еді. Адам болайын деген ой басым болып, намысқа тырыстым.

— Желідегі беделің  жұмыс жасайтын орталығыңа оқушылардың көп келуіне оң әсерін тигізеді ме?

— Ия, әсер етеді. Менің бастығыма да жиі айтылады екен. Мені көрген адамдарға бірден «қызыл шаш» және «оқу орталығы» деген ой келеді екен. Орталығымызда адам саны толық, кейде сыйғыза да алмай қаламыз.

— Балаларыңның қай тілде білім алғанын қалайсың?

— Ұлымды орыс мектебіне бергім келген, бірақ өзінің орыс тіліне деген мүлдем икемі жоқ. «Менің зауқым жоқ», «саған не жетпейді» деп таза қазақша сөйлейді. Орысша үйретуге тырыстым. Өзім жұмыс жасайтын оқу орталығындағы орыс тілі мұғаліміне әкеліп сөйлестіріп отырсам, маған қарап «мама, мынау не қыл дейді?» деген, орыс тілін түсінейін деген ниеті де жоқ. Қызым, керісінше, сұрақтарыма орысша жауап беруге тырысады.

— Қазір бір емес бірнеше диплом ұстап отырып, мұнайдан басқа жұмысты жасамаймын дейтін жастар көп. Бір постыңда бұрын еден жуушы болып жұмыс жасағаныңды айтып едің. Еңбекқорлық жөнінде ойыңмен бөліссең…

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жедел жәрдемдегі арулар

— Қазір қимылдағысы келмейтін ерлер де, әйелдер де көп. «Ал Құдай, аузыма сал Құдай» деп жатқандар да бар. Осы орталыққа жұмысқа тұрмыстан бұрын еден жуушы болып жұмыс жасадым. Өндірістегі барлық дерлік мекемелерге барып еден жудым. Үйде отырғанда маған жұмыс керек болды. Қолымда тек резюме, ешқандай тәжірибем жоқ. «Арман» мейрамханасының екінші қабатында жолдамамен жұмысқа жібереді екен дегенді естіп бардым. Құжат қабылдап отырған қыз тек еден жуушы орны бар екенін айтты. Болса болсын, барамын деп кірісіп кеттім. Күйеуімнің айлығына қарап, қашанғы одан «ананы алып бер, мынаны алып бер» деп сұрап отырамын? Әйел адам болғасын алатың нәрсең көп. Құдай қалай еңбектенгенімді көрген шығар, әлеуметтік желідегі жарнаманы көріп, осы жұмысқа ауыстым. Қазір көбісі қара жұмыс жасауға арланады. Бұл туралы постымды оқыған бір әйел ертең-ақ қандай жұмысқа да шығамын деп қанаттанып кеткен еді.

— «Жақсы әйел ерін төрге сүйрейді» дейді ғой қазақта. Күйеуіңді алға жетелеу жағына қалайсың?

— Тұрмыс құрған соң «мен», «сен» дегенді қою керек. Екеуіміз бір бүтінбіз. Ер адамың үшін не істесең де оны сыртқа шығарып, айтудың қажеті жоқ. Еркекте намыс деген болады, сол намысына тиіп, оған сездіртіп қажет емес. Күйеуіңнен көп табыс тапсаң да оны білдіртпеуге тырысу керек. Шіренетіндер бар, рас. Үйге келгенде үй шаруасын істегісі келмейтіндер де жоқ емес. Оның бәрі қате түсінік.

— Әлеуметтік желіде оқырмандарың көп. Соны пайдаланып, ақылы жарнама жасайсың ба?

— Мен ешқандай жарнамамен айналыспаймын. Өзімді сыйлап шақырған жаққа барып, суретке түсіріп салсам жұрт оны жарнама деп ойлайды. Ақыға жарнама жасап көрмедім, бірақ сыйлық беремін десе сол сыйлықтарын суретке түсіріп желіге саламын. Көбінесе сұлулық салондары шақырып, тегін қызмет көретуді ұсынады. Өзімнің күтімімді тек сенімді мастерлеріме тапсырамын. Менің бұл парақшаны жүргізудегі мақсатым пайда табу емес, қыз-келіншектер ішіндегісін бөлісіп, керегін алсын деген ой.

«Диірменнің екі тасы болады. Астындағы тас – әйел, үстіндегі тас — ер азамат. Астындағы тас дұрыс тұрса, мықты орныққан болса, үстіндегі тас айналады-айналады, бәрібір орнында қалады. Екеуінің тапқан табысы ұн секілді жиналады. Демек, отбасының негізі әйел болғаны» дейді балқар халқы. Иә, барына қанағат етіп, бір отбасының отымен кіріп, күлімен шығу, онымен қоса табысты болу заман ағымына ілесіп жүрген әйелдің кез келгенінің қолынан келе бермейді. Күнделікті күйбең тіршілігінің қатпарларынан сыр шерткен Рысгүлмен сұхбат осылай өтті.

Сұхбаттасқан Әсел ҚОЙШЫБАЕВА