Бақытжан Сағынтаев

Елордада еңсе көтерген ЭКСПО қалашығында туристік аймақ ашылды.  Көрме аумағында қала қонақтары мен тұрғындары «Нұр әлем» павильонын, тақырыптық павильондарды, үздік тәжірибелер аймағын, конгресс орталықты, энергия холын және арт-орталықты аралай алады.

Туристік кешендердің ашылуына ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов және қала меймандары мен тұрғындар қатысты.

– Президентіміздің идеясы – көрме келешегінің жарқын болуында. Жаңа туристік орталықтың ашылуы — болашаққа деген инвестиция, адам капиталын дамытудың басты бағыты. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өткен көрме және оның ұсынысымен жүзеге асқан нысандарды қолдану тұжырымдамасы — осының жарқын мысалы. Көрме кезінде «Нұр әлем» павильонына 1 млн. 300 мың адам келген. Бұл нысан «Болашақ энергиясы» музейі ретінде жұмыс істеп, келушілерін әртүрлі жаңартылған энергия көздерімен, осы саладағы жаңа жетістіктермен таныстыратын болады. Мен «Нұр әлем» павильоны Париждегі Эйфель мұнарасы, Брюссельдегі Атомиум іспетті символға айналарына сенімдімін, – деді Ахметжан Есімов.

Туристік аймақтың алғашқы қонақтары тақырыптық павильондарда энергияны үнемдейтін әрі энергетикалық тиімді болашақ қаласын құруға көмектесетін жаңа технологиялардың тәжірибе жүзінде қолданысын тамашалады. Үздік тәжірибелер аймағында әлемнің 13 елінен әкелінген жаңғыртылатын энергия көздері бойынша 24 жетекші жоба ұсынылды. Арт-орталығы заманауи өнер орталығы ретінде жұмысын жалғастырды. Мұнда кішкентай қонақтар үшін білім беру орталығы ашылған.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мамандарының айтуынша, алғашқы екі күн келушілер үшін тегін болды. Келешекте мұнда кіру билетінің құны 1500 теңгені құрайды. Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, ата-ана қарауынсыз қалған балалар мен көпбалалы аналар үшін туристік аймаққа кіру тегін. Зейнеткерлер мен мектеп оқушыларына билет құны 500 теңге болса, студенттер билетті 800 теңге көлемінде сатып ала алады.Билеттер ресми түрде 14 қарашадан бастап сатылды. Билеттерді көрме аумағындағы билет-кассаларында және ЭКСПО-2017 ресми сайты арқылы алуға болады.

Тағы оқыңыздар: Қазақстандықтарға көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқаруға рұқсат берілуі мүмкін

Туристік аймақта 23 тамақтану нысаны жұмыс істейді. Автокөліктер үшін жерасты көлік тұрағы ашылады. Көлік тұрағында алғашқы 3 сағат тегін, кейінгі әр сағат үшін автотұрақ құны 100 теңге болмақ.Алдағы уақытта ЭКСПО кешені аумағында 3,5 мың шаршы метрді құрайтын мұз айдыны ашылады. Сондай-ақ Астана қаласында басты жаңа жылдық шырша ЭКСПО-2017 аумағында орнатылады.

Мамандардың айтуынша, «Астана ЭКСПО-2017» туристік аймақты алғаш екі күн ішінде 18 мыңға жуық адам тамашалаған.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ