ардагерлер

Облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Айсәуле» әйелдер клубының бастамасымен облыстың қаз басып, қалыптасуына еңбегі сіңген аға буын өкілдерімен кездесу өтті.

Рухани жаңғыру аясында ұйымдастырылған басқосуға КСРО­-ның үздік ұстазы, «Ана  даңқы» орденінің иегері, Ақтау қаласының құрметті азаматы Салиха Ыдырысова, КСРО және ҚР «Денсаулық саласының үздігі», Ақтау қаласының құрметті азаматы, дәрігер­невропотолог Меңзипа Есманова, халық депутаттары облыстық кеңесінің 6­шақырылымының депутаты, бірнеше мемлекеттік медальдардың иегері, «Маңғышлақтың архитектуралық ескерткіштері», «Өзгерген өңір өнерпаздары», «Депутат – халық қызметшісі» кітаптарының авторы Дәметкен Орынбаева, Маңғыстау, Бейнеу аудандық кеңестерінің бірнеше рет депутаты болған, «Халық ағарту ісінің үздігі» Перуза Теміралиева қатысты.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов өнегелі еңбегімен, жігер-қайратымен елге танылып, құрметке бөленген, егделікті әлі де мойындамай, мол тәжірибесін көппен бөлісіп, жастарға ұлағатты әңгімесін айтып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген қарияларымызға тілегін арнап, облыстық кеңестің құттықтау хатын тапсырды, «Айсәуле» ардагерлер клубының төрайымы Ақмоншақ Баужанова әлеуметтік сала ардагері Күнзира Айтбатырованы 70 жас мерейтойымен құттықтады. Елімізге танымал өнер шебері Рухия Батыршиева ардагер аналардың құрметіне бірнеше терме орындап, отырыс ажарын аша түсті. Алпысыншы жылдары алғашқы мектептің ұстазы болған, жертөледе тұрып бала оқытқан, Ақтаудың алғашқы кірпішін қалаған азаматтардың көзін көрген, тоқсаннан асса да сергектігінен, елгезектігінен танбаған Салиха апамыздың қызықты естелігі көңілімізді бір көтеріп тастады. Естелік демекші, кездесуге қатысқан Меңзипа, Перуза, Дәметкен апаларымыздың айтқан сөздері де тәлім­-тәрбиелік мәнімен есте қалды. Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаңабай Қаржаубайұлы, орынбасары Талап Жанжігітов, алқа мүшесі Оразғали Өтеулиев, «Айсәуле» ардагер әйелдер клубының мүшесі Маңдайлы Қосымбай бүгінгі басқосуда байыпты әңгімеге арна ашып, кездесудің сәні болып отырған ардагер апаларына ізгі тілектерін арнады.

Болат ҮМБЕТОВ
Тағы оқыңыздар: Түпқараған ауданының 25 жылдығы тойланды