Адай күйі

— «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясындағы Маңғыстау облысының мәдени күндері «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл!» атты гала-концертпен ашылды.

Өңірлік өнер ұжымдарының 350-ден астам өнерпаздары қатысқан бұл шарада Маңғыстаудың өзіне тән бірегей болмысы ашылды. Мұнда қазақтың ежелгі дәстүрден сыр шерткен қойылымдар қойылып, классикалық әндер шырқалды. Маңғыстаудан түлеп ұшқан А.Қосанова, Тамара Асар, Камшат Жолдыбаева, Лұқпан Жолдасов сынды танымал эстрада жұлдыздары да ЭКСПО амфитеатрын әнге бөледі.

Әсіресе Маңғыстау облысының Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар және симфониялық оркестрлері орындаған «Адай» күйі келушілерге ұмытылмас әсер сыйлады. Оған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рахат Мадреев дирижерлік етті.

«15-18 тамыз күндері Астанада «Қарт Каспийден ерке Есілге» атты мәдени күндеріміз өтеді. Мәдени күндер аясында 49 мәдени шара өткізу жоспарланған. Барлық астаналықтарды Маңғыстаудай киелі өңірдің əдебиетімен, тарихи-мəдени құндылықтарымен және рухани мұрасымен танысуға шақырамыз», — деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, «Экспо-2017» халықаралық көрмесінде Маңғыстаудың мəдениет күндерін өткізуге облыс бюджетінен шамамен 220 миллион теңге қаржы бөлінді.

Дереккөз: ҚазАқпарат