— Бүгін Алматыда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен Дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда Қазақстанның шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының қатысуымен жер реформасы бойынша комиссия жұмысының нәтижесі талқыланды.

Өз сөзінде М. Құл-Мұхаммед Елбасының жер реформасын бүкілхалықтық дәрежеде талқылауды қамтамасыз ету және оның мән-мағынасын әрбір қазақстандыққа жеткізу міндетін қойғандығын атап көрсетті. Бұл жерде жаңа енгізілмдерді түсіндіруде зиялы қауым өкілдеріне ерекше жауапкершілік жүктелмек. Өйткені олар елімізді қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуда елеулі рөл атқарады.

«Кез келген заң ел азаматтарына қызмет атқаруы тиіс. Біздің Президент маңызды шешімдерді қабылдар алдында әрқашанда сіздермен жан-жақты ақылдасады. Өйткені, сіздер — халықтың ар-ожданысыздар! Кең көлемді және жалпыхалықтық ашық диалог жер реформасы бойынша орын алған барлық сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік береді», — деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Интеллигенция Елбасының жер реформасын бүкілхалықтық талқыға салу туралы шешімін бір ауыздан қолдады.

«Қазақстанның жері ешқашанда шетелдіктерге сатылмайды. Бұл заңда айқын жазылған. Бұл туралы Мемлекет басшысы тұрақты түрде айтып келе жатыр. Дейтұрғанмен, жер пайда әкелуі тиіс. Сондықтан, біз ауыл шаруашылығы секторына бағытталатын инвестиция мен жаңа технологиялардан бас тартпауымыз қажет», — деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.

Өз кезегінде КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова азаматтарды жер реформасын дұрыс түсінуге шақыра отырып, бейбітшілік, тұрақтылық және халық бірлігі — тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктерінің іргетасы екендігін баса айтты.

«Халық артисі ретінде мен халқымның талап-тілегін қашанда қолдауға тырысамын. Біз жер реформасының барлық қырларын талқылап, қабылданған шешімдерді азаматтарға дұрыс жеткізуіміз керек. Біздің жеріміз кең, бірақ ол арам шөп басып, құр бекерге жатпауы тиіс. Біз оны өңдеуіміз қажет. Ал егер оған мүмкіндік болмай жатса, қатал шарттар қойып, шетелдіктерге жалға беруге болады», — деді КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов.

Жер реформасын талқылауға елге танымал зиыл қауым өкілері қатысты. Олардың арасында Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстанның халық артистері Ескендір Хасанғалиев, Лаки Кесоглу, академиктер Төрегелді Шарманов, Еділ Ерғожин, жазушылар Смағұл Елубай, Бексұлтан Нұржекеев, сондай-ақ, шығармашылық одақтардың жетекшілері мен алматылық жоғары оқу орындарының ректорларды болды.

Олардың барлығы да алдағы уақытта жер реформасын халыққа түсіндіру жұмыстарына белсене қатысатын болады.

ҚазАқпарат