Ақтауда өткен демалыс күндері Елбасы және ел Тәуелсіздігін бейнелейтін «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті. Кинотуындыны облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, облыстық мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов, белгілі актер Алдабек Шалбаев, «Қазақфильм» АҚ эксперттер кеңесінің редакторы, ақын, журналист Болат Жетекбай және қала тұрғындары тамашалады.

 Көрермен назарына ұсынылған көркем фильм кітап жазу мақсатында Қазақстанға келген ағылшын жазушысы Джереми Вильсонның Елбасы Н.Назарбаевпен сұхбаттасуынан басталады. Қаламгер мен тұңғыш Президент ұшақпен кең-байтақ қазақ даласын аралап, тарихтың қойнауына «сапар шегеді». Елбасы 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалып, 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғанға дейінгі кезеңді баяндап береді. Тарихи драмада ел тарихындағы елеулі оқиғалар, Кеңес Одағының ыдырауы, 1986 жылы Тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының күресі, еліміз егемендік алған алғашқы жылдар көркем бейнеленген. Басты рөлді сомдаған танымал актер Берік Айтжанов елдегі саяси жағдайларға Елбасының ұстанымын, көзқарасын, пайымы мен- парасаттылығын шеберлікпен көрсете білген.

Төрт бөлімнен тұратын көркем туынды ақтаулық көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

– Қадірлі көрермендер! Бүгін біз тағы да Елбасының өмір жолы, Тәуелсіздігіміз туралы үздік туындыны тамашаладық. Президентіміз Н.Назарбаевтың өмір жолы біз үшін, әсіресе жастар үшін үлкен өнеге. Елбасының Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда, қиын сәттерде тығырықтан шығу үшін тапқырлықпен қабылдаған шешімдері әрқайсымыздың өмір жолымызда сабақ. Тарихтан тағылымды сыр шертетін осындай туындыны алып келген қонақтарымызға алғыс айтып, барша көрермендер атынан шығармашылық табыс тілеймін,-деді облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов.                      «Қазақи оқиға», «Кек», «Дүние жарық» киноларында басты рөлді сомдаған Алдабек Шалбаев осы фильмде Дінмұхамед Қонаевтың бейнесін шеберлікпен алып шықты. Актер Алдабек Шалбаевпен тілдескенімізде Дінмұхаммед Ахметұлының рөлін сомдау оңайға соқпағанын жеткізді.

– Бұл фильмді «Бәйтерек» киностудиясы мен «Қазақфильм» акционерлік қоғамы бірге түсірді. Осы уақытқа дейін Елбасы Н.Назарбаев туралы «Балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы» фильмдерін тамашаладыңыздар. Бұл –тарихи негізі бар көркем туынды. Тәуелсіздігіміздің тарихын Президентсіз елестету мүмкін емес. Елбасы жолы – елдің жолы. 25 жылдағы елдің жолы осындай. Басты кейіпкер арқылы бүкіл елдің тарихы, сол кездегі әрбір сынақтар, алда тұрған мақсат-міндеттер көркем бейнеленген. Бәлкім, Дінмұхамед Қонаевтың бейнесі сіздер күткендей болмаған шығар. Бұл – режиссердің көзқарасы. Көркем фильмнің қазақша дубляжы жасалды. Өнерге мемлекеттен, көрермен тарапынан қолдау болса, «Қазақфильм» АҚ жемісті жұмысын жасай береді,–деді «Қазақфильм» АҚ эксперттер кеңесінің редакторы Болат Жетекбай.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ