Ақтау қаласы әкімі Серікбай Трұмов  биылғы жылдың 4 айы ішінде атқарылған істер, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, жүктелген міндеттер мен тапсырмалар орындалысы туралы баяндап, облыс әкімі Е.Тоғжанов пен халық алдында есеп берді.

Қала дамуына соны серпін беріледі

Нақты деректерге сүйенсек, Ақтау шаһарында 186 мың 546 адам тұрады. Қаланың бас жоспары 2012 жылы Үкіметпен бекітілген. Қазіргі таңда қала аумағы солтүстік-батыс бағытқа ұлғайып келеді. Бүгінде  жаңа 16 шағынауданның егжей-тегжейлі жоспары жасақталған. Сонымен қоса алдағы уақытта аумағы 865 га жер көлемін құрайтын 13 шағынаудан жоспары жасалады.

«Былтыр қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары 175 млрд. 400 млн. теңге көлемінде өнім өндірді. Соңғы 4 айда 60 млрд. 100 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығы саласы соңғы көрсеткіш бойынша 31 млн. теңгені құрайтын өнімге қол жеткізді. Негізгі капиталға инвестиция салу төрт ай ішінде 20 млрд. 800 млн. теңге көлемінде болып отыр. Әрине, былтырмен салыстырғанда біршама төмен»,-деді қала әкімі.

Өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы қала аумағында  қызмет ететін кәсіпкерлер жұмысына бақылау жасап, инвестиция көлемін ұлғайтуды міндеттеді. Мекемелермен жұмыс істеп, инвестиция құю қарқыны бәсеңдеуінің нақты себеп-салдарын анықтауды және осы сауалды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Құрылыс жұмыстары бойынша есепті мерзім ішінде 10 млрд. 900 млн. теңге игерілді.  95 мың 400 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жалпы жыл соңына дейін 300 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылады.

«Орта кәсіпкерлік саласы бойынша тіркелеген субьектілердің саны 1,9 пайызға өсті. Мұнда жұмыспен қамтылғандар экономикалық белсенді халықтың 63,5 пайызын құрап отыр. Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарда жұмыспен қамтылғандар саны — 700 мың 900 адам. Бұл көрсеткіштер жақсы  деп есептеймін. Өткен жылы қала аумағынан 221 млрд. теңгені құрайтын  салық түсті. Ал биылғы жылдың 4 айы ішінде 72,5 млрд. теңге салық түсімі түсті. Былтырмен салыстырғанда 7 пайызға өсім бар. Орташа айлық көлемі 6,8 пайызға өсті. Қалай бойынша айлық көлемі 258 мың теңгені құрап отыр.  4 ай ішінде 3 755 жаңа жұмыс орны құрылды.  Биыл жалпы саны 11 100 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған»,-деді Серікбай Трұмов.

Қала дамуына соны серпін беріледі

Ақтау қаласы аумағында денсаулық сақтау саласында 21 мемлекеттік ұйым қызмет етеді. Сонымен қатар 20-дан аса жекеменшік медициналық ұйым бар. Ералы Лұқпанұлы 2 емхана қала халқын толықтай медициналық қызметпен қамтамасыз етуге қауқарлы ма деген сауалды алға тартты.

«Елбасы алдымызға бірқатар міндеттер қойды. Профилактика, яғни аурулардың алдын алу шараларына қаражаттың басым бөлігі жұмсалуы тиіс. Сол себепті емханалардың жұмысы мен жай-күйі күнтәртібінде тұрған басты мәселе»,-деді өңір басшысы.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Клара Әбдіғаппарқызы екі емхана толық жүктемемен жұмыс істеуіне байланысты, үшінші емхана салу жобасы жүзеге асатындығын мәлімдеді. Бір мезгілде 500 науқасты қабылдауға қауқарлы емхана мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі аясында бой көтереді. Емхана 34-шағынауданда, «Ана мен бала орталығы» жанынан салынады. Инвестор анықталысымен, құрылыс жұмыстары тамыз айында басталады.

«Қазіргі таңда 33-шағынауданда 670 пәтерлі үш үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы 2018 жылы пайдалануға беріледі. 34-шағынаудандағы 60 пәтерлі 4 үй биыл іске қосылады. «Бәйтерек Девелопмент» АҚ арқылы 17-шағынауданда 600 пәтерлік 10 үйдің құрылысы жүруде. Осы жылы жүзеге асады деп жоспарланған. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ  арқылы 478 пәтерлі  12 үйдің  және «Самұрық -Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» тапсырысымен 32-шағынауданда 812 пәтерлік 15 тұрғын үйдің құрылысы іске асуда. Аталған жобалар тұрғындарды үймен қамтамасыз етуге өзіндік септігін тигізеді»,-деді қала әкімі.

Биыл «НКОК» компаниясы қаржыландыруымен екі жатақхана құрылысы аяқталып, іске қосылады. «Жаңа серпін» мемлекеттік бағдарламасы аясында  өзге аудан, шалғай ауыл, елді мекендерден келген жұмысшылар бөлмемен қамтамасыз етіледі. Сонымен қоса жатақхана мемлекеттік мекемелерде  тапшы мамандарға арнайы беріледі. Облыс басшысы Ералы Лұқпанұлы тұрғын үй құрылысы, сапасы мен ерекшеліктеріне тоқталды. Ол тұрғын үй кешенін тұрғызу барысында үй ауласы мен алаңында көгалдандыру-абаттандыру мақсатында тамшылата суару әдісін орнатуға аса мән беруді міндеттеді. Қала әкіміне құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

«Бұрын мұндай талаптар болған жоқ. Бірақ бүгінде құрылысшы азаматтар бұл талапты ескеруі керек. Қала — баршаға ортақ үй. Құрылыс сапасына аса мән беру керек. Сол үйде тұратын халыққа жан-жақты жағдай жасалуы тиіс. Жергілікті құрылыс материалдарын қолдану арқылы аса сапалы үй салынса деймін. Екіншіден, әрбір  кешен астында  үй жобасына сәйкес келсе, балабақша салуды жолға қою қажет»,-деді Ералы Тоғжанов.

Қала дамуына соны серпін беріледі

«Осы уақытқа дейін 22 үйді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында жөндедік. Бұған республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Бүгінде  қайтарым қаражат есебінен екі үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарладық. Қалада лифт шаруашылығы бойынша мәселе бар. Кеңес кезеңінде Ақтау қаласында 844 көпқатарлы үй болды. Соның 168-і лифтімен қамтылған еді. Бүгінде бұлардың барлығы істен шықты. 2012 — 2018 жылдарға арналған жоспарға сәйкес лифттерді қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асқан еді. Биыл 33 лифтке қаражат бөлінді. Жылдың аяғына дейін қаланың барлық үйлері лифтіні пайдалана алады»,-деді С.Трұмов.

Басқосуда қаланы желілік қуат көзімен жабдықтау мәселесі бас көтерді. Өткен жылы бұл салаға 50 млрд. 600 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қала аумағындағы 234 трансформатор жұмысы кезең-кезеңімен жаңартылу үстінде.

«Былтыр 40 трансформатор жұмысы жаңартылды. Біздің мақсат – трансформаторлар қуатын ұлғайту. Қазіргі таңда 20 трансформатордың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Өткен жылы 40 шақырымдық кабель сымы алмастырылды. Биыл осы жұмыстар жалғасын табады. Сондай-ақ қаланың төменгі шағынаудандарын энергия қуатымен толық қамтамасыз ету жобасы жасақталуда. Облыстық энергетика басқармасымен бірлесе жоспар аясында жұмыс жасаймыз»,-деді қала басшысы.

Ералы Лұқпанұлы Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  басқармасының басшысы Сапар Аманбековке қаланы қуат көзімен қамтамасыз ету жобасының жай-күйі мен қаражат көлемі турасында нақты есеп беруді міндеттеді.

«Қаладағы жыл-су кабель жүйелеріне байланысты «Каспий жыл-су арнасы» МКК жұмыс жасайды. Былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 14  шақырым жылу жүйесі, 20 шақырым  кәріз  желісі және 5,5 шақырым су құбырлары алмастырылды. Биыл 4,9 шақырым жылу жүйесі,  10 шақырым кәріз желісі және 1,7 шақырым су құбырларына қатысты жұмыс жалғасуда. Жылу маусымына дейін аяқтауға толық мүмкіндігіміз бар. Сонымен қоса 14 және 15-шағынаудандарда қыс мезгілі жылуға қатысты мәселе туындайды. Осыған қатысты 43, 44, 45 , 46 үйлердің жылу құбырларын үлкейту бойынша жұмыстар істеліп, қысқа дейін аяқталады»,-деді Серікбай Трұмов.

Қала дамуына соны серпін беріледі

Өңір басшысы екінші кәріздік тазарту стансасын іске қосу мәселесіне баса назар аударды. Қала әкімінің мәліметіне сүйенсек, жаңа кәріздік тазарту стансасының құырылысы ағымдағы жылдың аяғына дейін аяқталып, алдағы жылы толық іске қосылады. Ералы Лұқпанұлы КТС-1 жұмысы мен болашағына қатысты өкілетті органдардан нақты шешімдер мен ұсыныстар күтетіндігін ескертті.

«Тағы бір мәселе, қаланың кей көшелерінде толассыз жаңбыр нәтижесінде су жиналады. Осы мәселені жою мақсатында арнайы жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда»,- деді қала әкімі.

Кездесуде қалаішілік жолдарды салу және жөндеу мәселесі де сөз болды.

«Ақтаудан Жаңаөзен бағытына шығатын төрт жолақты жол құрылысы басталды. Жоба құны — 1 млрд. 700 млн. теңге көлемінде. Мердігер компания анықталды. Сонымен қоса, 33 және 34-шағынаудандардың төменгі бағытымен қаладан шығатын жол құрылысы  жоспарланды. 35-шағындауданда №24 жол құрылысы жалғасады. Сонымен бірге қала іргелеріндегі тұрғын  үй массивтерінде ішкі жолдар салынады. Биыл «Көктем» елді мекенінің ішкі жолдарын салу жұмысы басталды. «Приморский» мен «Шығыс» елді мекендерінің ішкі жолдары кезең-кезеңімен атқарылады. Себебі жоба құны үлкен»,- деді қала әкімі.

Сонымен қоса жол айрықтарын, жерасты жаяу өткелдерін, жаяу жолдарды   салу мәселесі бойынша ұсыныстар айтылды. Облыс әкімі жерасты жаяу өткелдерін салуды толықтай қолдайтындығын айтып, өзгеріс енгізетін тұстарын да атап өтті.

Қоғамдық талқылаудан қаладағы жолаушылар тасымалы мәселесі де тыс қалмады. Қазіргі таңда қала ішінде 68 автобус қатынайды. Басым бөлігі — «Паз» автокөліктері. Автобустарды жаңарту жұмыстары да жоспарға енген көрінеді. Дегенмен, жоба құны едәуір жоғары. Осы орайда, өңір басшысы мектеп жасындағы балаларды тасымалдау қауіпсіздігіне тоқталды.

Сонымен қоса кездесуде аялдамаларды алмастыру, қала көркін арттыру, көгалдандыру мен аббаттандыру жұмыстарын еселеу, дүңгіршектерді жою мәселелері сөз болды. Маңғыстау өңіріндегі туризмді дамытуға аса мән берілді. Өңір басшысы халықаралық талаптарға сай, қызмет көрсету сапасы жоғары туристік нысандарды салуды міндеттеді. Ералы Лұқпанұлы бүгінгі таңда ішкі туризм саласында іске асқан 12 жоба бойынша өз пікірін білдірді.

«Халықаралық деңгейге сәйкес келетін жобаларды көре алған жоқпын. «Достар», «Tree of Life» сынды демалыс не көңіл көтеру орталықтары ғана көңілден шығады. Туризм саласында халықаралық жобалар іске асуы керек»,-деп міндеттерді нақтылады облыс басшысы.

Сонымен қоса басқосуда этноауылдарды дамыту, білім беру сапасын жетілдіру, балабақша мен мектеп ғимараттарын жөндеу, жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару,  заңсыз құрылыстарға тосқауыл қою, жартасты жағалау бойындағы үйлерді бақылауға алу мәселесі талқыланды.  Әсіресе, теңіз жағалауын аббаттандыру  мақсатында 4-шағынаудандағы «Меловая» мүйісін көгалдандыру жобасы жүзеге аспақ.  Облыс әкімі сөз соңында қала келбетін көркейту, дамыту бойынша нақты іс-шараларды жүзеге асыруға тапсырмалар берді.

Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ