«Көрме» кешенінде канадалық ғалым Франк Альбоның «Астана: Сәулет, миф, тағдыр» атты кітабының таныстырылымы өтті.

«Астана әлемнің бірде-бір қаласына ұқсамайды. Ол әлемдік архитектурадағы БҰҰ секілді. Оның ғимараттарында тарих, жер бетінде өмір сүретін барша адамзаттың дәстүрі көрініс тапқан. Оның Бас жоспарына табиғаттың өзі шабыт береді және оған әлемнің бірегей тағдыры — адамзат алдында тұрған үш жаһандық мәселені шешуге әкелетін тағдыр енеді. Өзекті мәселелердің бірі — діни экстремизм. Қалған екеуі — ядролық қаруды таратпау және тұтас ғаламшардағы тұрақты экологияға қолдау көрсету. Осы үш жаһандық мәселенің шешілуі Қазақстан астанасының үш тамаша ғимаратында көрініс тапқан. Ең алдымен, Пирамида — Бейбітшілік және келісім сарайы. Бұл әлемнің барлық конфессиясы пана тапқан заманауи кешені іспеттес. Аталған ғимаратта барлық конфессиялардың дамуына көмек көрсететін барша адамзаттың теңдігі туралы айтылатын маңызды шаралар өтеді. Екінші ғимарат — Назарбаев орталығы. Мұнда жоғарыда аталған үш жаһандық мәселенің шешілуіне күш салып жүрген коммерциялық емес, гуманитарлық ұйымдар өз орындарын тапты. Және үшінші ғимарат — «Нұр Әлем». Бұл ЭКСПО аумағындағы орталық павильон», — деді Франк Альба.

Кітап авторы Қазақстан мен оның астанасының бірегей жерде орналасқанын атап өтті. Сондай-ақ, ғалым бес мың жыл бұрын дәл осы аймақта көшпенділердің үш негізгі жаңалықты ойлап тапқанын еске салды. Бұл өңірде алғаш рет атты қолға үйретті, дөңгелек пен белдеу дүниеге келді және барлық еуропалық тілдер тараған протоүндіеуропалық тілдің негізі қаланды.

Тұсаукесерге қатысқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко өз кезегінде кітап авторының сәулет пен мәдениет саласындағы беделді мамандардың бірі екенін айтып өтті. Франк Альбо «Гермес коды» атты бестселлерді жазған.

Р.Василенконың айтуынша, «Астана: Сәулет, миф, тағдыр» кітабында профессор Альба Астананың Қазақстан елордасы ретінде табысты бой көтеруі мен қарқынды дамуына ғылыми-объективті, тарихи-геологиялық, архитектуралық және мәдени талдау жүргізеді. Соның негізінде ғалым Астананың елдің орталығында табиғи орналасуын Қазақстанның әлемдік қауымдастық елдерімен және халықаралық ұйымдармен саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастығының кең әрі мәңгілік болашағын қамтамасыз ететін географиялық тұрғыда сәтті орналасуымен байланыстырады.

Дереккөз: inform.kz