медицина дәрігер

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес Аймақ даму бағдарламасын іске асыру аясында және медициналық көмектің сапасы мен облыс дәрігерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ағымдағы жылдың 15 мамыры мен 13 маусымы аралығында Маңғыстау облыстық ауруханасының базасында жоғары медициналық технологиялардың айлығын өткізуді жоспарлады.

Оның басты мақсаты – тұрғындарды жоғары сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету, дәрігерлердің біліктілігін арттыру және республикалық клиникалармен өзара тығыз байланыс орнату арқылы жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін облыстың емдеу мекемелеріне енгізу.

Бағдарлама аясында бүгін облыстық ауруханада баспасөз конференциясы өтті.

Онда жоба барысы таныстырылып, оның аясында атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде сөз қозғалды.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Оралбаева Клара Әбдіғаппарқызы алғы сөз сөйлеп, қатысушыларға жоғарғы дәрежелі дәрігерлерді таныстырды. Олар:

*ҚР Білім академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің құрметті профессоры – Ізімбергенов Намаз Ізімбергенұлы;

*Президент іс-басқармасы медицина орталығының бас хирургі, м.ғ.д. – Тоқпанов Серік Имақұлы;

*ҚР еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы – Котлобовский Владимир Игоревич;

*Астана қалалық №1 ауруханасының урология және андрология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты – Абдугалимов Шериязадан Вахапович.

Жоба аясында 8 хирургиялық сала – урология, офтальмология, эндовидеохирургия, кардиохирургия, нейрорентгенхирургия, проктология, оториноларингология және травматология-ортопедия бойынша оперативтік ем түрлері жасалынбақ. Бұл үшін облыстың әр түкпірінен республикалық клиникалар деңгейінде ота жасауды қажет ететін күрделі 30 науқас іріктелініп алынды. Оларға Астана, Алматы қалаларынан және республикалық деңгейдегі 11 клиникадан келген мамандар тегін хирургиялық ота жасайтын болады.

Сондай-ақ, олар облыс дәрігерлеріне шеберлік сыныптарын өткізіп, тәжірибе алмасады. Шеберлік сыныптары операциялық залдан бөлек конференц-залға трансляцияланып, ота барысы егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Осыған орай, кеше және бүгін жасалған оталар кезінде тікелей көрсетілім жүргізіліп отырды.

Кеше шеберлік сабақтары мен арнайы конференциялар өткізу жұмыстары басталып кетті. Оның өтуіне тікелей қолдау көрсеткен «Karl Storz» компаниясы. Олар видео-эндоскопиялық құрал-саймандармен, жаңа технологиямен қамтамасыз етті. Осы орайда компанияның бас директоры Сергей Ахундов мырзаны да сөзге тарттық: «Шамамен екі апта бұрын бізге жергілікті денсаулық сақтау саласы мамандары хабарласты. Біз де оперативті қызмет етуге тырыстық. Ота залынан тікелей көрсетілім жасауды қамтамасыз етіп отырмыз. Және жай ғана бейне емес, 3Д форматта. Оның артықшылығы – бейнені шынайы көруге, сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан осы әдіс арқылы тамашалуды ұсынып отырмыз»,дейді ол.

Біз бүгін баспасөз конференциясына қатысып әрі ота жасау барысын тікелей қосылым арқылы тамашалау мүмкіндігіне ие болдық. Ота аяқталған соң дәрігермен тілдесудің де сәті түсті.

Президент іс-басқармасы медицина орталығының бас хирургі, м.ғ.д. Серік Тоқпанов: «Бүгін екі, кеше бір науқастың ішкі жарығына ота жасалды. Ол дегеніміз, өңештің жанындағы тесік кеңіген, соған асқазанның жартысы кетіп қалған. Соны қалпына келтіру мақсатында жасалады. Тіліксіз ота дейміз, қазір соңғы технологиямен жасалып жүр. Денені 5-10 мм-дей тесіп, сол тесік арқылы ішкі құрылысқа камера, құрал-саймандарды кіргіземіз. Отаны сол арқылы арқылы жасаймыз. Бұрынғы тәсілмен жасағанда қарынды жарып тастаушы едік. Жараның көлемі 25-30, тіпті, 40 см-ге дейін жететін. Және науқас 2-3 күн орнынан қозғалмай жатып, 20 күнге жуық уақытын ауруханада өткізетін. Ал қазір олар сол күні аяққа тұра алады, бас-аяғы 4-5 күнде үйлеріне қайтады. Салыстырмалы түрде қарағанда өте тиімді. Бұл технология барлық жергілікті ауруханада бар. Әріптестерімнің біліктіліктері де өте жоғары деп сеніммен айта аламын».

Шеберлік сабағының алғашқы күні ота үстеліне жатқан науқастардың бірі – қария Любовь Василийқызы. Оның іш құрылысына аса күрделі видио-эндоскопиялық ота жасалды. «Мен біразға дейін ота жасатуға келіспедім. Қазір жасым 77-де. Сондықтан қорықтым. Осындай дәрігерлермен кездескеніме қуаныштымын. Барлық қызметкерлерге де көңілім толды. Өзімді өте керемет сезінемін. Осындай білікті дәрігерлер бізге жиірек келіп тұрса екен. Қазір жағдайым жақсы. Жақын арада үйіме ораламын, немерелерімді де ойната аламын. Барлықтарыңызға кеңес беремін. Бұған дейін жасатуым керек еді. Дәрігерлер өте жақсы қарым-қатынас жасайды, жақын туысыңмен сөйлескендей әсерде боласың. «Қорықпаңыз, уайымдамаңыз. Бәрі жақсы болады. Біз сіздердің жазылып кетулеріңіз үшін барлық жағдайды жасаймыз» деді» , — деп көзіне жас алды кейуана.

Жоба аясында республикалық клиникалардың мамандары науқастарды қабылдап, оларға кеңестер береді. Сондай-ақ, алдағы күндері 3 науқасқа буын ауыстыру оталарын жасау да жоспарланып отыр.

Осындай кең көлемде айлықтар ұйымдастыру арқылы Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жоғарылату және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру бағытында республкалық ғылыми орталықтармен тығыз байланысты дамытуды жоспарлап отыр. Болашақта тәжірибе алмасу мен аймақтың мамандарын оқыту үшін алыс-жақын шет ел клиникаларымен байланысу көзделуде.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

медицина дәрігер

медицина дәрігер Маңғыстауда тегін медициналық көмек көрсету науқаны басталды (ФОТО) Маңғыстауда тегін медициналық көмек көрсету науқаны басталды (ФОТО) медицина дәрігер медицина дәрігер

медицина дәрігер Маңғыстауда тегін медициналық көмек көрсету науқаны басталды (ФОТО) Маңғыстауда тегін медициналық көмек көрсету науқаны басталды (ФОТО)

Маңғыстауда тегін медициналық көмек көрсету науқаны басталды (ФОТО)