«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры»  жаңа іске серпін беріп, қаржылық қолдау танытуда жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Жыл сайын түрлі отандық өнім үлгілерін өндіріп,  шағын, орта кәсібін дөңгелеткендер қатары артуда. Мемлекет тарапынан туындаған мүмкіндікті мүлт жібермей, кәсіп көзін тауып, пайдаға асырған нағыз ісмер, еңбекқор жандар жетерлік. Табанды еңбекпен табысқа кенелген кәсіпкерлер өз кезегінде өзге мұқтаж жандарға қол ұшын беруден тайынбайды. Мәселен, жуырда  «Даму-Көмек» жобасы аясында бизнес-құрылым өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созып, жаңа кәсібін жүргізуге  қажетті дүниелермен қамтамасыз етті. Оң бастама тағдыр тәлкегіне түскен қамкөңіл жандарға зор қуаныш сыйлады. Өмірге деген үміт отын үрлеп, өз ісін бастауға шынайы батылдық қажет екеніне көз жеткізді.

«Даму-Көмек»  жобасы аясында 13 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге демеушілік танытылды.  Жоба 2010 жылы бастау алды. Осы уақыт аралығында 81 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге көмек көрсетілді. 2016 жылы 19 мүгедек кәсіпкерге 1 млн. 500 мың теңге қаржы көлемінде қолдау танытылды.  Ал биылғы  жылы «Бизнестің жол картасы – 2020»  жобасына қатысушылар 13  мүгедекке көмек қолын созуда. Жобаның негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіпкерлікке  баулу, бизнес ортаға тарту. Мүгедек жандар арасында «Даму» қоры арқылы  екінші деңгейлік банктерден несие алып, өз  ісін бастағандар да бар. Бүгінгі таңда «Даму-Көмек» жобасы аясында  900 мың теңгеге  мүгедек кәсіпкерлерге қажетті нәрселер табысталады»,-дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» Маңғыстау облыстық филиалы менеджері Абай Момбеков.

«Даму-Көмек» жобасы аясында Айгүл Айыпқызы, Людмила Анатольевна, Нұрзада Абылқызы, Диляра Талапқалиқызы, Марина Гераевна, Камха Амангелдіқызына тігін машинасы табысталды. Ал Анар Алишерқызы, Жұлдыз Абдоллақызы, Мадемхан Есмағанбетова көпфункционалды оверлок тігін  машинасына ие болды.  Нәзік жандылар тігін шеберханасын ашуды мақсат тұтады. Ал Айдынбек Сақтапбергенұлы, Ботагөз Балтабекқызы, Нұрлан Әбілханов, Самат Дюсупов ноутбук, компьютер, мамандандырылған принтер құрылғысы, шаштараз машинкасі, автокөлік жөндеуге арналған құрал-саймандарды иемденді.

Екінші топ мүгедегі Мадемхан Есмағанбетова көптен күткен тігін машинасына қол жеткізді. Жиырма жылға жуық уақыт  төсекке таңылып, кейін таяққа сүйенген Мадемхан апа туа бітті ұршық ақауынан азап шегіп келеді. Он бес мәрте отаны бастан кешірген. Сәтсіз жасалған ота нәтижесінде екі жылдай кереуетке байланған күйі жатады.  Қамкөңіл жанға кәсіпкер Анатолий Жданов барынша көмектеседі. Кәсіпкер иелігіндегі фитнес клуб қызметін тегін пайдаланып, жеке жаттықтырушымен айналысады. Шарапаты мол, жомарт жан Мадемхан апаның аяғына тік тұрып кетуіне септеседі.

авиа

«Анатолий Ждановқа айтар алғысым зор. Сауығып кетуіме зор үлесін қосқан жан арада сан жыл өткенде қажетті дүниемді алып берді. Тігін машинасы дені сау адам үшін болмашы дүние ғана. Бағасы да қолжетімді. Бірақ мен секілді мүмкіндігі шектеулі жандар сан түрлі кедергілермен ұшырасады. «Даму» қорына ризамын. Кәсіпкерлер мен мүгедектер арасындағы  байланысты үзбеуге жұмыстанып келеді»,-дейді Мадемхан апа.

Қажетті құрылғыға қол жеткізген өнерлі жан ендігі ретте киім-кешек, төсек-орын жабдықтарын тігу, кестелеу, ою-өрнек салумен айналысады. Жалғызбасты жан осы арқылы күнделікті нәпақасын табуды көздейді. Себебі мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы жеткіліксіз. Жеке кәсібін жүргізу  де жоспарында бар.

Голрох Жеменей