Ұлттың тарихын зерделейтін, ұлықтайтын басты мереке – ҚР Тәуелсіздігінің 25-жылдық мерейтойына санаулы күндер қалды. Ел егемендігін алғанда өндірістің өрге өрлеуін тоқтатпай, қайта табысын еселеп, жарқын болашаққа қадам басқан ұлттық компаниялар республикада аз емес. Олардың ішінде Жаңаөзен қаласындағы өндірістік кәсіпорындар да еңбек дүрсілін бәсеңдетпей, биіктерден көрінуде.

 Тәуелсіздіктің жемісі

Жазда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-на еншілес компаниялар — «Жөндеу» мен «Круз» ЖШС мекемелерін біріктіру туралы шешім қабылданды. Екі серіктестікті тиімді басқару мақсатында жүзеге асырылған біріктіру процесі сәтті аяқталып, нәтижесінде күз айында «ӨзенМұнайСервис» ЖШС болып құрылды. Ұңғыларға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізетін компанияда бүгінде 1368 қызметкер еңбек етеді. Олар — білімі жоғары, тәжірибесі мол жұмысшылар.

— Тәуелсіздік таңы атқалы еліміз толағай табыстарға қол жеткізіп, дамуы тежелмей, айқын мақсатпен, нық қадаммен жетіліп, әртүрлі ұлт өкілдерімен бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруде. Экономика, медицина, әлеумет, құқық, мәдениет, спорт және тағы басқа салаларда тың бастамалар көтеріліп, оң өзгерістер орын алды. Мәселен, осыдан 10 жылдай бұрын компанияда 10-ақ техника болса, қазір оның саны 80-ге жетті. Шақырғанда дер кезінде келіп, жүктелген міндетті жедел әрі сапалы орындайтын техникаларымыз озық. Саналы өмірін «қара алтын» өндіруге арнаған ардақты ардагерлеріміз техникалар тапшы кезінде қара күшке сеніп, маңдай терін төккен. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бүгінгі буын мұнайшылары соңғы үлгідегі үздік техника мен технологияларды қолдану арқылы бабалар салған сара жолды лайықты жалғастыруда. Жастарды қолдау мақсатында кәсіпорындарда құрылған «Жас мамандар кеңесі» Жаңаөзен қаласының шырайын кіргізуге, қоғамдық жұмыстарды іске асыруға, қайырымдылық шаралар жүргізуге белсенді қатысады. Мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында семинар, тренингтер ұдайы өткізіледі, — деді ІІІ-дәрежелі бұрғышының көмекшісі Дәулет Нөкеров.

dsc_2826

Серіктестік жұмысшылардың жағдайына айрықша назар аударып, көрсетілетін әлеуметтік көмегі қомақты. Табысты еңбек етуіне барлық қолайлы жағдай жасалған. Жұмысшыларды тасымалдау, ыстық тағаммен қамтамасыз ету, материалдық көмек көрсету, балаларын жазғы демалыс ақшатырларына жіберу, тегін медициналық көмек, шипажайларға жолдама сияқты әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мұнайшылардың осындай жақсы жағдайға жеткені Тәуелсіздіктің арқасы дейді жұмысшылар. «Ел егемендігі халыққа тұрақтылық, бостандық, ертеңге деген сенімділікті берді. Сүйікті іспен айнылысуға мүмкіндік сыйлады. Әлемнің алпауыт мемлекеттерімен тереземіз тең болып, әріптестік байланыс орнатып, озық техникаларға қол жеткіздік, жақсы жаңалықтарға кенелдік»,-деді Әлеуметтік саясат және шаруашылықпен қамсыздандыру бөлімінің жетекші инженері Дінасыл Құрманқызы.

dsc_2832

Жарқын жетістіктер жолында…

1973 жылы құрылған, өлкенің өндіріс саласында маңызды орын алатын «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-де 1000-нан астам жұмысшы қызмет етеді. Бүгінде зауыт табиғи және ілеспе газ өңдіріп, республиканың едәуір бөлігін сұйытылған газбен, аймақ халқын құрғақ бензинмен, өңделген газбен қамтамасыз етеді. Қазақстандық сұраныстың басты бөлігін қанағаттандыруға қауқары жеткілікті «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС өнімдерін шетелге шығарады.

Зауыт тарапын жас мамандарға зор қолдау көрсетіледі. Кезекті демалысқа шыққанда жұмысшыларға материалдық көмекпен қатар денсаулықты түзету, хал-жағдайын оңалту үшін еліміздің шұрайлы жерлеріне, шипажайларға жолдама беріледі. Өндірістік орындарда қауіпсіздікті сақтап, жазатайым жағдайлардың алдын-алу мақсатында зауыт толық автоматтандырылған.

dsc_2895

— 1972 жылы «Маңғыстау газ өңдіру басқармасына» (бұрын осылай аталған) оператор болып қызметке кірдім. Газ саласында қызмет еткеніме 44 жыл болды. Кеңес Одағы кезінде ашылған зауыттың жұмысы бірқалыпты болды. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алып, үкімет құлап, мемлекеттер жан-жаққа тарағанда, ел жағдайы, зауыт жағдайы мүшкіл болғаны жасырын емес. Мұнай-газ көлемі азайып, жұмыс қарқыны тежелді. Құлдырау заманы еді ғой… Алайда осы қиындықтарға қарамастан еліміз еңсесін тіктей бастады, зауыт та тұрмысын түзеуге бет бұрды. Барлық қызметкерлер зауыт болашағы үшін бір жұдырықтай жұмылды. Бүгінде зауытқа тәулігіне екі миллионға жуық газ келіп, өңделіп, тұтынушыларға таралады. Тәулігіне 430-450 мың тонна сұйық газ, 1 миллион 500 мың текше метр құрғақ газ өндіріп отырмыз. Келешегін кеңейтуді көздеген зауыт енді ескі техникаларды жаңарту бойынша жұмыстануда. Қызметкер жағдайы да басшылық назарынан тыс қалмайды. Оларды арнайы киіммен қамтып, асханалар, әлеуметтік үйлер жұмыс істеуде. Алдымыздағы басты мереке – Ел Тәуелсіздігінің 25-жылдығын зауыт зор табыстармен қарсы алайын деп тұр. Өндіретін өнімдерді жоспардан тыс артық орындау жоспарланған, — деп ақтарыла сөйледі «Қазақ газ өңдіру зауыты» ЖШС директорының газ және газ конденсатын өндіру және биология жөніндегі орынбасары Мыса Жәңгірхан.

dsc_2907

«ӨзенМұнайГаздың» қарышты қадамдары

Өндірістік өрлеуді бетке алған «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнайшылардың тұрмыс-тіршілігіне айрықша көңіл бөліп, әлеуметтік жәрдем беріп, қаланың ажарын ашып, өндірістің қуатын арттыру жолында іргелі істер атқаруда. Оның ширек ғасырда бағындырған биіктері, жеткен жетістіктері таңғалдырады. Жаңаөзен қаласының дамуына септігін тигізіп отырған кәсіпорынның бүгінде дамуы қарқынды. Оған жаңадан бой көтеріп жатқан ғимарттар, басталған құрылыстар дәлел.

— Мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының өндірістік базасының құрылысы кәсіпорынға жаңа дем бермек. Бұрынғы цехтардың ғимараттары ескірген, ішіндегі техникалардың тозығы шыққан. Оның орнын басатын бұл ғимарат жаңа техникалармен жабдықталмақ. Тербелме станоктар, сорғы жабдықтар зақымдалса, осында жөнделмек. Ғимарат 2017 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі. 150 адам жұмыс істейтін болады. Бұл зәулім ғимараттар, үлкен нысандар тәуелсіздіктің арқасында бой түзеп, халық игілігіне тапсырылып жатыр. Игі істер әлі де жалғасын таба береді деп сенемін,-деді «ӨзенМұнайГаз» АҚ құрылыс департаменті бөлімінің бастығы Серік Аманиязов.

Сонымен бірге, жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностикалау орталығы жанынан тереңдік сораптар, сораптық-компрессорлық құбырларды, шыбықтарды жуып, өндіріске дайындау ваннасы салынуда. Аталған өндірістік нысан қызметкерлері үшін 75 орындық тұрмыстық-шаруашылық кешеннің құрылысы басталуда. Қазіргі таңда өндірісті модернизациялау жобасы іске асуда. Аталған жоба аясында Жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностикалау цехы пайдалануға берілді. Жерасты жабдықтарын кешенді түрде жөндеуден өткізетін цех заманауи технологияның ірі жетістігі болып табылады. Мұндай кешенді жоба ТМД елдерінде алғаш рет жүзеге асып отыр. Жаңа цех жылына 400 мың дана сораптық-компрессорлық құбыр, 300 мың дана сораптық штанга, 10 мың дана тереңдік сорапты жөндеуге, диагностикалауға толық мүмкіндігі бар.

dsc_2947

Қазіргі таңда «Өзенмұнайгаз» АҚ-на қарасты 16 құрылымдық өндірістік басқарма бар. Оның төртеуі мұнай газ өндіру басқармасы, ал өзге басқармалар өндіріске қосымша сервистік қызмет көрсетеді. Компанияда 9 000-нан астам адам жұмыс істейді.

«Өзенмұнайгаз» АҚ өз жұмыскерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға ерекше ден қояды. Мұнайшылардың еңбек жағдайын жақсарту, жұмыс орындарындағы әлеуметтік ахуалды түзеу мақсатында 2009 жылы мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзеу бағдарламасы қабылданды.

2009-2016-жылдары мұнайшылардың киім ауыстыруына, жуынып тазалануына арналған 29 тұрмыстық-шаруашылық кешен, 10 асхана салынды. Бұған қоса топтық қондырғы және сораптар станцияларының жұмысшылары үшін 70 мәдени үйшік жаңадан салынды. «Кендірлі» демалыс базасын қайта жаңғырту бойынша 2016 жылы демалушыларға арналған 10 коттедж үй күрделі жөндеуден өтті, база персоналы үшін 40 орындық жатақхана пайдалануға берілді.

— Жыл сайын ардагерлерімізге шипажайға жолдама мен қаржылай көмек береміз, отандық мерзімді басылымдарға жазылуды ұйымдастырамыз. Кәсіпорын қуатын еселеп, мұнай игеруіне үлес қосып жүрген жұмысшыларға да жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мұнайшылардың денсаулығы, тұрмыс-тіршілігі әрдайым компанияның назарында тұрады, — деді «ӨзенМұнайГаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаменті директорының орынбасары Мұханбетберді Сүйитов.

dsc_2929

«Өзенмұнайгаз» Акционерлік Қоғамы ұзақ жылдардан бері Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына қолдау көрсетіп келеді. Компания қала-аудандардың әлеуметтік-инфрақұрылымын дамытуға, әлеуметтік құрылыс қарқынын нығайтуға өз септігін тигізуде.

Мәселен, Ә.Тұяқов атындағы 3000 орындық орталық стадион, Р.Өтесінов атындағы денешынықтыру-сауықтыру орталығы, Жаңаөзен қаласындағы Неке сарайы, Жетібай кеніндегі 50 орындық балабақша, 300 орындық Қызылсай ауылдық мәдениет сарайы, 300 орындық Теңге ауылдық мәдениет сарайы, «Даңқ» аллеясы, «Қосай-Ата» мешіті, Қызылсай ауылдық ақсақалдар үйі, Жаңаөзен қалалық ардагерлер үйі, көп қабатты үйлердің аулаларында 63 дана балалар алаңшасы, жасанды жабындылар төселген 10 дана футбол алаңшасы Компания есебінен салынған.

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып, мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне серпін беруде.

Қуатты үнге, екпінді лепке қосылған кәсіпорындар

Республикадағы алғашқы жеке кәсіпорындардың бірі — «КЕЗБИ» ЖШС 1992 жылы негізін қалап, бүгінде мұнай ұңғыларын бұрғылау және жөндеумен айналысады.

Келешегі зор бұл серіктестіктің қызметкерлері жоғары біліммен сусындаған, өндірістік алаңдарда, тәжірибеде машықтанған. Қазіргі таңда 800-ден астам жұмысшы екі қолға бір күрек ұстап, жұмыс жасауда. Серіктестік күрделі климаттық және таулы геологиялық жағдайларда мұнай мен газ кен орындарында ұңғыларды бұрғылау және жөндеу бойынша үлкен тәжірибе жинақтаған мамандарымен мақтана алады.

Халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде биіктерден көрініп, марапат пен құрметке ие болған компанияның мұнай-газ өнеркәсібін дамытуда үлесі зор. Кәсіпорын жұмыссыздықпен күресіп, қайырымдылық шараларға белсене қатысып, облыс көлеміндегі әлеуметтік-мәдени, спорттық шараларға демеушілік көрсетіп келеді.

«КЕЗБИ» ЖШС басты мақсаты — жеткен жетістіктерін сақтап қана қоймай, одан әрі өндіріс көлемін ұлғайтып, құрал-саймандарын жаңартып, алға қойған жоспарларды орындауға, өзінің 20-жылдық мерейтойын зор табыстармен атап өтуге қызмет жасау болып табылады.

dsc_2838

Ал «МұнайФилдСервис» ЖШС компаниясына келер болсақ, олардың әлеуметтік жағдайы көңіл қуантарлық. Жұмысшыларының жағдайына ерекше көңіл бөліп, Алматы, Шымкент қалаларына шипажайларға жолдама беріп, балаларын Ақтау, Алматы, Көкшетау қалаларындағы ақшатырларға жіберді. Серіктестік аумағында спорттық зал орын тепкен. Онда қызметкерлер спортпен шұғылданып, денсаулығын жақсартады. Жуырда спорттық залға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, футбол, волейбол, үстел теннисі және тағы басқа ойындарға арналған спорттық құрал-саймандар сатып алынды.

Мекеме құрылғалы бері 50 орындық жатақхана жұмыс істейді. Онда басқа қалалардан келген жұмысшылар тұрады. Ағымдағы жылы жатақханаға жөндеу жасалып, жаңа жиһаздар, телевизор сатып алынды. «МұнайФилдСервис» ЖШС әрдайым қызметкерлерінің әл-ауқатын басты назарда ұстап, олардың арнайы киіммен, ыстық тағаммен қамтамасыз етілгенін қадағалап отырады. Сондай-ақ желтоқсан айынан бастап мекеме жұмысшыларының жалақысын өсіру жоспарланған.

Бүгінде кәсіпорындар мол мүмкіндіктерге қол жеткізген. Тәуелсіздік алған кезде отандық өнімдердің сапасын арттыруға, бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға арналған берекелі бағдарламалар, жарқын жобалар құрылды. Компаниялардағы бұл жаңашылдықтар елдің ілгері дамуының, өркендеуінің айғағы. Тәуелсіздік алғалы бері жеткен жетістіктер легі. Қарт түбектің қойнауынан тынысы ашылған «қара алтын» өндірісінің өркен жайып, қарышты дамып жатқанының айғағы деп білеміз.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор

dsc_2931

dsc_2956

dsc_2954

dsc_2890

dsc_2875