Тілі басқа болғанымен, тілегі бір, түрі басқа болғанымен жүрегі бір алуан түрлі ұлттар өкілдері өңірімізде тату-тәтті өмір сүріп, ұрпақ өрбітуде. Тағдыры талқыға түскен сонау ауыр жылдары Қазақстанға амалсыз қоныс аударған ұлттар мен ұлыстардан өнген перзенттер қазақ жерін өз отаны санайтын жөні бар. Олар өз еңбегімен ел экономикасына үлес қосумен қатар әр түрлі шараларға белсене қатысып, рухани және мәдени дүниетаным мен халықтар достығын нығайта түсуге де себепкер болып жүр.

Жақында Ақтау қаласындағы №31 «Еркем-ай» балабақшасында бірнеше ұлттардың басын қосқан қызықты шара отбасы күніне арналды. Оны Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы отбасындағы толеранттылық мәселесімен айналысатын аналар кеңесі ұйымдастырды. Бұл—көпұлтты отбасылар арасында өткен «Бір шаңырақ астында» байқауы.

  Байқауға Көшпенов, Нажмеденов және Жұбаназаровтың отбасылары қатысты. Сегіз кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы «Тұсаукесер» кезеңінде сайысшылар өз командалары және ұранымен таныстырып, отбасылық фотосуреттерін слайдтар түрінде көрсетті. «Отбасындағы жағдайлар» кезеңінде олар тұрмыста кездесетін түйткілдер жазылған билеттер суырып, «бағына тап болған жағдайдан» шығудың жолын қарастырса, «Дәстүрде» отбасылық дәстүрлері жайында әңгімеледі. Ал «Дене тәрбиесі-эстафета» кезеңінде отбасылар өзара жарысып, спортқа деген сүйіспеншілігін байқатты.

  Бесінші кезеңде сайысқа қатысушылар Қазақстан тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, алтыншы кезеңде «Менің арманымдағы үй» жобасы бойынша өз қиялдарын айтты. Байқаудың жетінші кезеңінде барлық отбасылар бірігіп, әрқайсысы әкелген дәмдерін қосып, борщ пісірді. Соңғы қорытынды кезеңде сайысшылар әралуан әуенмен би билеп, өнер көрсетті.

  Тартысты да көңілді өткен байқауда ешкім де артта қалған жоқ. Қатысушылардың жеткен жетістігін реттейтін орындар да болған жоқ. Сынға түскен отбасылар тарту-таралғысыз да қалмады. Олардың әрқайсысына лайықты  деп табылған атаулар мен дипломдар, бағалы сыйлықтар берілді. Атап айтсақ, Нажмеденовтер спортшы отбасы деп танылса, Жұбаназаровтар үлгілі деген атақ алды. Ал Көшпеновтың отбасы ең талантты деп аталды.

   -Өзім орыс қызы болғаныммен отағасым қазақ болған соң қазақ халқының барлық салт-дәстүрін сақтауға тырысамын. Осыдан жеті жыл бұрын тұрмысқа шыққанмын. Қазір біздің Темірлан және Милана есімді ұл-қызымыз өсіп келеді. Балаларым осы балабақшаға барады. Өзім қазақы әдеппен үлкендерді сыйлаймын, қазақша сәлем етемін, ет асып, бауырсақ пісіремін. Басқа да ұлттық тағамдар дайындауды үйренгем. Мен де қонақжаймын, үйімнің есігі қонақтар үшін әрдайым айқара ашық. Ал мұндай шараларға тұңғыш қатысуым. Басында қобалжып едім, ойынға жан-тәніммен кіріскен соң, ба, тез ширап кеттім. Сайыс қызықты өтті және осындай басқосулар ұлттар арасындағы достықты нығайта түсуге себеп болады деп ойлаймын,-деді Алена Көшпенова.

  -Елімізде жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні ретінде аталып өтетіні белгілі,-дейді балабақша директоры Гүлбану Қожабергенова.-Осы күн құрметіне қызықты шаралар, байқаулар өткізуді дәстүрге айналдырдық. Биыл әралуан ұлттар өкілдерінен ата-аналар байқауын ұйымдастырып отырмыз. Өйткені, өнегелі ата-ана өнегелі отбасын құрайды. Ал отбасылар мықты болмайынша, мемлекеттің де мықты болуы екіталай.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА