Қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы

Ақтауда облысымыз бойынша «Соттар әкімшісі» және облыстық Азаматтық Альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің бірлесуімен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімге негізделген маңызды кәсіби стандарт» тақырыбында сұқбат алаңы өткізілді. Мақсат – мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы әрбір қазақстандықтың арасындағы тікелей байланыс екенін ұғындыру.

Шараға облыстағы құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, діни және этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен студенттер қатысты. Қазіргі заманда еліміз бойынша белең алған жемқорлыққа тосқауыл қойып, жыландай жайлаған індеттің алдын алу – ортақ мүдде. Мінбеге көтерілгендер қоғамда сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру қажет деген пікірді қолдады. Негізінен мемлекеттік мекемелерде жүргізіліп отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мен кадрлық мәселелердің шешілуімен алдын-алудың жолдарын баяндады. 2016 жылы облысымыз бойынша соттар әкімшісі 219 бірлікті құраған. Жыл басынан бері өңір соттарында 50 орын бос болған. Осыған орай, соттар әкімшісі 37 бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға 6 конкурс өткізген. Дегенмен, бүгінде сот саласында бірнеше бос орын бар. Қиын да күрделі салада елге қызмет етуге ниеті бар жандар облыстық соттың мамандар бөліміне хабарласа алады. Ал, ағымдағы жылы облысымыздағы судьялар мен қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық деректері орын алған жоқ.

Қоғамда әділеттілік орнатып, заңмен жұмыс атқаратын сот судьялары мен қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстарына бой алдырмауы заңдылық. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта бұрынғыдан да жоғары деңгейде жүргізіледі деп сенемін. Барлығымыз жең ұшымен жалғасқан жемқорлықпен күресте белсенділік танытайық! Таулар да кішкентай тастардың жиналуынан тауға айналады емес пе? Сондықтан сіздің кішкене көмегіңіз сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құруда үлкен еңбек болмақ!-дейді облыстық Соттар әкімшісінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Е. Қазиев.

Сұхбат алаңына қатысушылар мемлекеттік мекемелердің кейбір қызмет түрлерінде заң бұзушылықтар жиі орын алатындығын айтады. Әсіресе, тұрғындар жазған шағымдары мен хаттарына уақытылы жауап алмайды. Заң бойынша ресми жауап хат 15-30 күннің ішінде берілуі тиіс. Бірақ, тұрғындар кейде жауапты 80 күн күтуге мәжбүр.

Анар ШАМШАДИНОВА