сот

Елбасы «Нұр Отан» партиясының  ХVI съезінде мемлекетті әрі қарай дамыту үшін Бес институционалды реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамын» ұсынады. Ұлт жоспары бес бөлімнен тұрады және оған жетудің жолы ретінде « Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын негізгі болімдерде атқарылуға тиіс 100 нақты қадам рет-ретімен жіктелген.

Заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған екінші реформада 19 жаңалық енгізілген болса, оның 11-кадамы республикамыздағы сот жүйесін реформалауға қатысты мәселелерді қамтыған. Сот саласына қатысты реформалардың іске асырылуы заман талабына сай. Қазіргі таңда еліміз қарқынды дамуда, қоғамдық қатынастардың, әлеуметтік-экономикалық процестердің ауқымы кеңеюде, Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енгізу міндетін орындау көзделуде. Сондықтан, соттар мен судьялардың ең жоғары талаптарға сай болуы уақыт талабынан туындаған міндет. Ұлт жоспарының 16-қадамы бойынша азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу қарастырылған. Әлемдегі сот тәжірибесі көрсеткендей, аралық сатылардың көп болуы сот процестерін қасақана ұзартуға және сот шешімін сөзбұдайға салуға ықпал етеді. Сот шешімінің бірнеше рет өзгеріп, күшін жоюы республика атынан шешім қабылдайтын соттардың беделіне нұқсан келтіретін факторлардың бірі. Кеңестік кезеңнен қалған бұл жүйе бүгінгі күннің талабымен үйлеспей, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, адамның, қоғамның және мемлекеттің заңды мүддесін неғұрлым жедел әрі сапалы қорғауға кері әсерін тигізуде. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірінші саты-аудандық, апелляциялық саты-облыстық соттар,кассациялық саты – Жоғарғы Сот болады деген шешім қабылданып отыр. Бұл шешімді  Мемлекет басшысы да мақұлдаған. Аталған өзгерістер Еліміздің Конституциясына және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы»  конституциялық заңына өзгертулер енгізуді қажет етеді. Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайтуға баса назар аударылып, сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі 17-қадамда міндеттеледі. «Судьялар корпусындағы орыннан үміткер кандидаттың нотариуста, полицияда немесе заңгерлік жоғары оқу орнында емес, сот жүйесінде бес жылдан кем емес, сынақ мерзімін енгізу де маңызды, одан табысты өткеннен кейін олардың үздіктері судьялыққа сайланады» — деді Елбасы. Ұлттық комиссия судьялыққа үміткерлердің жасын 30-ға дейін өсіру және олардың сот саласына тікелей қатысты бес жылдық жұмыс өтілін еңгізу жөніндегі ұсыныстарды қолдады. Болашақта барлық судьялар міндетті түрде Сот төрелігі институтының магистратурасында даярлықтан өтуі тиіс. Аталған институт Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрамынан шығарылып, Жоғарғы Соттың құзырына берілетін болды. Онда оқитын магистранттар мен сульялыққа үміткерлер үшін тағылымдама мерзімі бір жылға дейін арттырылды. Бұған қоса, судьялыққа үміткерлдердің біліктілік емтиханын тапсыру тәртібі қайта қаралып, судьялыққа лауазымға ұсынылған тұлғалар үшін бір жылдық сынақ мерзімі енгізілді. Ұлт көшбасшысы судьялардың есеп беру тәртібін күшейту мақсатында судьялардың жаңа этикалық кодексін жасауды тапсырды. Кодексте азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша еліміз Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алады. Жоғарыдағы талаптардың бәрі сот саласын реформалауға ықпалын тигізіп, құрылым жумысына серпін береріне сенім мол.

Ө. Садықов
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы