бұранданы кесіп алды

Маңғыстау облысының құтқарушылары мен дәрігерлер жас баланың саусағында кептеліп тұрып қалған бұранданы кесіп алды. Балақай оны ағасымен ойнап отырып қолына таққан екен, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты МО Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Баланың ата-анасы Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне 12 маусым күні сағат 20.30-да хабарласқан. Баланың ораңғы саусағына бұранда темір кептеліп қалыпты.

Баланың ата-анасының айтуынша, балақай ағасымен бірге ойнап отырып бұранданы саусағына тағып алған. Балалар бұранданы үйден өздері шығарып алуға тырысқан. Еш нәтиже болмаған соң дәрігерлердің көмегіне жүгініпті.

«Баланың саусағына тұрып қалған бұранданы кесу үшін дәрігерлер мен төтенше жағдайлар қызметкерлері бір сағат бойы әрекет етті. Операцияның қиындығы сонда аралаған кезде темір қызып, бала ауырсынған. Сондықтан дәрігерлердің балаға наркоз салуына тура келді», — делінген хабарламада.

Дегенмен бәрі сәтті аяқталып, мамандар балаға еш зиян келтірместен бұранданы мұқият кесіп алды.

Қазір баланың жағдайы жақсы, ем алып жатыр.

Видеоны МО Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды