Біз жеті ағайынды едік. Бәрі жақсы болатын. Біреуден ілгері, біреуден кейін, қарапайым отбасында өмір сүріп жатыр едік. Аллаға шүкір едік. Біреуге бес берешегіміз, алты алашағымыз жоқ еді…

Бұдан біраз жыл бұрын үйдің үлкені Жанардан жазатайым айырылып, есеңгіреп қалдық. Уақыт өте келе, жараның аузы бітелгендей, қайта бақытты күндерге аяқ басқандай болып едік. Жанарды жүрегімізге құлыптап, тұрмыс қиындықтарынан басқа қайғымыз жоқ-тұғын. Сөйтіп, біз жетеу емес, алтау болдық…

Сол бақытымыздың күлі көкке ұшты. Бір күнде. Бір күнде емес-ау, бізді бақытымыздан айыру 11 айға созылды. Тағдыр біздің соңымызға түскендей болып, ақыры, өз дегеніне жетті. Сұм тағдыр, қатал тағдыр деген тіркестерді өз шығармашылығымда қолданғаным рас. Бірақ, ол кездерде тағдырдың шын мәнісінде қатыгез екендігін білген жоқпын. Қатыгездік пен қаталдықтың осыншама ауыр болатынын түсінбеппін.

Солайша, сен біздің үйдің үлкені атандың. Атыңды көрші шал Гүлбану деп қойыпты. Ата-анамыз үлкен кісінің таңдауымен келісе салыпты. Мүмкін, сол бір ауылдың сыйлы ақсақалындай ғұмыр кешсе деп ырымдаған шығар. Сен жасыңнан салмақты да тәртіпті бала болып өсіпсің. Анам сенің сәби кезің туралы айтқанда, «жер қозғалса да, қозғалмайтын едің деп» әзілдейтін. Сабақты жақсы оқитын, тілалғыш баладан ақкөңіл, адал, инабатты да кішіпейіл жанға айналдың. Адамгершілігің, адамдарға деген жанашырлығың өз алдына бір төбе. Білімді едің, білікті маман едің. Үйдің үлкені жастайынан қайтыс болған соң, көздері қорыққаннан ба, ата-анамыз отбасындағы сабақты озат оқыған біздерді алысқа оқуға жібермеуді шешті. Сен Қазақ Педагогикалық университетіне оқуға барғың келді. Оған сенің білімің де, күш-қуатың да жететін еді. Бірақ, ата-ана ырқынан шықпай, Атырау институтының студенті атандың. Бір жылдан соң біліміңді дәлелдеп, Алматы университетіне ауыстың. Арман қалада болашақ жарыңды кезіктіріп, оқу орнын үздік тәмамдап, отбасын құрдың. Оқу орны сені оқытушы етіп алып қалғысы келді. Сен өмірлік серігіңмен қол ұстасып, Бейнеуге оралдың. Бейнеудегі бақытты да бейжай күндеріңді өмірге бірінен соң бірі келген 3 ұлың мен бір қызың толықтырды. Бәрі де жақсы еді. Аллаға шүкір еді…

2000 жылдары көппен бірге Ақтауға қоныс аудардың. Ақтау қалалық білім бөліміне орналасып, өз қызметіңді асқан біліктілікпен атқара білдің. Қызметіңе байланысты тек жақсы лебіздер ғана естілетін. Кейін білім үйлестіру орталығының, сосын балабақша басшысы қызметтерін абыроймен атқарып жүр едің. Ұжымды сабырлы да салмақты мінезіңмен ақылды басқара білдің. Қызметкерлермен әрдайым жақсы қарым-қатынаста болдың.

Біздің отбасы үшін ғана емес, әулетте сенің орның ерекше еді. Қыздардың ішінде Ханым ападан кейінгі үлкеніміз болғандықтан, ешкім сенің алдыңды кеспейтін, үлкен де, кіші де сенімен ақылдасып, сенің шешіміңді сыйлайтын. Қандай шаруа болмасын, бәріне белсенді атсалысып, жанашырлықпен көмектесетін едің. Біздің отбасының үлкені болғандықтан, сенің әрбір сөзің бізге заңдай көрінетін. Ал, қамқорлығың мен мейірімділігіңе шек жоқ еді. Салмақты жүзіңмен жымиып қана жүретінсің. Арасында ұрсып алатын едің. Бірақ, кемшілігімізді көп сөзбен емес, бір-екі сөзбен ғана айтып тастайтынсың. Әрине, қателігімізді кешірер едің бәрібір.

Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін тірлікте басқа пенделер сияқты қарапайым өмір сүріп жатыр едік. Арманымыз көп болғанымен, біздер мұң-шаттығымызбен, көздің қарашығындай ата-анамыз, еркелеген ұл-қыздарымызбен өзімізше бақытты едік. Біз алтау едік. Бауыр едік. Жақын едік. Ешкім айырмастай едік…

Сәуір айы болатын. Тәуір дейтін еді бұл айды қазақ. Бірақ, 2015 жылдың сәуірі бізге тәуір болмады. Көктем бізге күлмеді, қайта өктем болды. Шөлді аймағымызға нұр секілді қайта-қайта жауған нөсер жауынның кейін біздің көз жасымызға айналатынын ол кезде кім білген?

Сен ауырып қалдың. Әлдеқандай сырқат шығар деп ана дәрігерге, мына маманға бардың. Ешкім қорқынышты ештеңе айта қойған жоқ. Ал, сырқат бірте-бірте өзінің бар екендігін білдіріп, сені мазалай бастады. Ойымызда ештеңе жоқ. Дәрігерлер мандытып ештеңе айтар емес. Ультрадыбыстық зерттеулер де ештеңе көрсеткен жоқ. Көңіліміз жәйланғандай болды. Бірақ, Еркебай оташы сенің одан әрі қаралуыңды дәрігер ретінде, ауылдас жанашыр ретінде сұрай берді. Содан кейін бәрі басталды.

Ең ауыр да қашып құтыла алмайтын дәрігерлік шешім қабылданды. Сен жазылмайтын ауруға тап болыпсың…

Сен еңсеңді түсіріп, бірден егіліп, езілген жоқсың. Асқынған ауруға сенбейтініңді, бола қалған жағдайда онымен күресетініңді айттың. Сабырлы қалпыңнан таймай, қайсарлықпен айттың. Көзіңде де қайсар үміт пайда болды. Жетпіске жеткен ата-анамызға ештеңе айтпауды әбден тапсырдың бізге. Сонда жаның күйреп тұрса да, өзіңді емес, ата-анаңды ойладың. Біз солайша жаман аурумен өзіміз күресуге бел будық.

Біз алтауымызға сенің жан жарың қосылып, қайтадан жетеу болдық. Сен Ақтөбеге халық емшісіне барамын дедің. Бұл жерде жетеудің пікірі әр түрлі болып кетті. Мен емшіге баруға үзілді-кесілді қарсы болдым. Алайда, сен де, сені қолдаушылар да басым болып, сен 4 ай бойы емшінің емін қабылдадың. Сенімнен бе, жақсарып, жазылып келемін дедің. Ал, көпке аты шыққан емші сені толықтай ауруыңнан айықтырамын, ешқайда кетпе деді. Сен сендің. Тіпті, сен үшін біз де сендік. Қасиетті атамыздың атын өзіне есім еткен ақтөбелік емшіге сенімен бірге мен де бардым. Намаз оқымайтын дауагөйдің сені айықпас дертіңнен жазатын күшіне көзімді жұмып, сене бердім. Қолыма қалам алып, «құдіретті болмысы» мен «қасиетті істерін» тердім. Әрине, мейірімді де рақымды Алланы ұмытқан жоқпыз. Сен үшін, сенің сенімің үшін біз алтауымыз қандай іске де дайын едік. Көзқарасымыз түгілі, сен үшін өмірімізді өзгертіп, тіпті, етімізден ет кесіп беруге дайын едік. Сен жақсарып келе жатқандай көріндің…

Алтын күз де күңіреніп, жанды жадырата алмады. Ештеңе өзгерген жоқ. Алла тағалаға қанша жалынсақ та, сенімнен бір сәт ажырамасақ та, қолдан келген барлық ем-домды жасасақ та, таңғажайып оқиға бола қоймады. Сенің ауруың күшейе түсті. Сен енді үйден көп шықпайтын болдың. Тәніңді дендеген дерттен қанша қиналсаң да, сабырлы болдың. Шыдай бердің, шыдай бердің. Тістеніп, қиналып жататынсың. Үнсіз ғана төзетін едің. Тағдырға налып, өмірге өкпелеп, адамдарға ренжіп, не кінәм бар еді демедің. Аллаңа сыйынып, аты өшкір сырқаттан жазылатыныңа сене бердің. Сенімнен еш ажырамадың. Бұл сенің басқалардан өзгешелігің еді. Бізден де соны сөзсіз талап еттің. Аяушылық пен мүсіркеуді, жылап, құлағанды жақтырмадың. 11 ай біз алтауымыз бір жылаған жоқпыз.

Күзбен ауру күшейіп, Астанаға жол тарттың. Елорда дәрігерлері де жақсы хабар айтпады. Қазақстандық медицина шарасыздық танытып, дертті басар ем жасай алмады, не алға жолды сілтемеді. Бірақ, бізді тоқтату мүмкін емес еді. Біздің қаруымыз – жүрегімізде сеніміміз бар ғой. Бар жиған-тергенді жинап, сені Оңтүстік Кореяға шығарып салдық. Ұлты, нәсілі бөлек кәрістер саған жақсы сөздерін жаудырып, сеніміңді ұлғайтты. Ең бастысы – ем жүргізе бастады. Біздің күткеніміз де осы еді. Енді одан сайын қанаттанып, сенің жазылатыныңа толық сеніп, қымбат ем-домға қаржы табуды ғана ойладық. Барымызды сатып, жоғымызды табуға дайын болдық. Сенің науқасың туралы ағайын-тума, дос-жаран хабардар бола бастады. Барлығы да шын тілектерімен қарлығаш-көмектерін ұсынды. Көңіліміз бірленгендей болды. Сенің де көңіл-күйің көтеріліп, кәріс мамандарының мұхит асып, бір үміттің жетегінде жанұшырып келген қазақ қызына деген жанашырлығын жыр қылып айтатынсың.

Сөйтіп, шетелде 4 ай ем қабылдадың. Ұшақпен 20 сағат ұшып, жолдан шаршап келетінің болмаса, бәрі жақсарып келе жатты. Бұл күндер туралы қазір оңай жазып отырғаныммен, ол қиын күндер еді. Сен үшін бәріне дайын екенімізді айттым ғой. Қаржы жетпеген жеріне несие алдық, әйтеуір, сенің еміңді тоқтатқан жоқпыз. Арманымыз — сенің ем қабылдауың ғой. Кәсіпкер азаматтар мен қала әкіміне де қаржылай көмек сұрап, бедел салып, хат жаздым. Қаржылы бір жерлесім «Ақшам жоқ» деді. Қалғандары көмектесуге уәде берді. Басымызға күн туып, жанымыз қиналғанда дүние түгендеп, бізді тастап кеткен «жақынымыз» да болды. Бірақ, бізді ештеңе мұқалта алмады. Өйткені, бізге сенің денсаулығыңның жақсарғаны ғана керек еді. Біз алға қарай жүре бердік.

Қыраулы қыс та жетті. Ішімізден осы күндерге бірге жеткенімізге шүкірлік етіп жүрдік. Жаңа жылды бірге қарсы алдық. Бірге жүре берсек деп тіледік. Алтауымыз да 31 желтоқсан түні сенің қасыңда отырып құдайдан тек сенің жазылып кетуіңді сұрадық.

Қаңтардан соң асығып ақпан келді. 6 ақпанда сенің туған күніңді атап өтеміз дедік. Амал нешік, 45 жасқа шыққан күн де қуаныш сыйлай алмады. Ақ дастархан жайылмады, тілектер айтылмады. Ауылдан келген Өмір көкем саған «жазылып кеткейсің» деген жалғыз тілегін айта алмай есіктің алдында, далада тұрды. Сен ауырып қалдың. Туған күнің сенің өз үйіңде отбасың мен бауырларыңмен өткізген соңғы күнің болды. 7 ақпанда жеделдетіп жедел жәрдем сені ауруханаға жеткізді. Сенің содан кейін сол ауруханадан шықпайтыныңды, өз үйіңе, балапандарыңа оралмайтыныңды ешкім білген жоқ…

Астаналықтар да, кәрістер де емес, маңғыстаулық дәрігерлер шұғыл ота жасап, қарғыс атқыр ісікті алып тастады. Жүрегің мықтылық танытып, аман-есен ояндың. Жан сақтау бөлімінде жатып бас дәрігерге тезірек палатаға шығаруын сұрапсың. Себебін сұрағанда, бауырларыңа барғың келетінін айтыпсың…

Енді ауруханадағы күндер басталды. Жан-жағыңда қаумалап жүрміз. Жақын тумаластың бәрі осында. Жақсарып келе жатқандай едің. Бірақ, амал нешік, жан жарасы да, тән жарасы да жазылмады. Маңғыстаулық Әмірхан, Айнұр емшілердің құранның қасиетті сөздерімен жасалған ұшықтары сенім бергенімен, шипа бола алмады. 19 күн жатып сен өмірден өттің.

Адамдардың жүрегі тек екі сағатқа қана шыдайтын халде сен таңертеңнен кешке дейін жаттың. Жүрегің 9 сағат бойы асқан шыдамдылықпен соғып, сен өмірді солай қимадың. Өмір сүргің келді, жазылғың келді. Бірақ, тағдыр тым қатал болды. Үмітіңді паршалап, сеніміңнің быт-шытын шығарып, армандарыңнан айырды, ақыры бізден әкетіп тынды.

Ең соңғы сәтіңде де мен сенің қасыңда болдым. Көзіңді жұмып, демсіз, еш қиналыссыз жатқан денеңді, қолыңды, бетіңді сипадым. Сен үнсіз, бірақ, сондай әдемі едің! Әлде, тәніңді азаптаған жаман аурудан, мынау уақытша дүниенің өсек-өтірігі, сатқындығы мен таусылмас мәселелерінен құтылғанына қуандың ба екен?! Қасыңда үнсіз тұрмын, жерді теуіп, шашымды жұлып жыламадым. Даусым қаттырақ шықса, сені ажал суырып әкететіндей, сенің өлімің анық болатындай мен де сендей үнсіз мәңгіріп тұра бердім. Сені өлдіге қия алар емеспін…

Мен сені сағындым. Сенің тұп-тұнық көздеріңді, ақылды сөздеріңді, бақыттан күлімсіреген сәттеріңді, тіпті, маған ұрсатын кездеріңді сағындым. Сенің өмірге шарасыз талпынып, үмітіңнен айырылмай, сеніміңді бір сәт күмәнданбай жатқан кездеріңді ойласам, жүрегім қарс жарылатындай болады. Қан құсып, көз жасыңды жұтып жатсаң да, мынау жалған, арзан өмірден көңіліңді суытпадың-ау! Әттең, сен сүйген өмір саған араша түсе алмады!

Мен сені сағына беремін. Бұл сағыныш – мәңгілік бітпейтін, кәусар бұлақтай мөлдір, жанған оттай ыстық. Демім біткенше сені ұмытпасым анық. Әрине, сені енді көре алмайтыным, сен үшін енді ештеңе жасай алмайтыным өкінішті. Қолымнан жылаудан басқа ештеңе келмейді. Адамдар осындай әлсіз, осындай мүсәпір екен…

Діндердің асылы – ислам жақсы адамдар ақиретте жұмаққа барады дейді екен. Сол рас болса, сенің жұмақта екеніңе сенем. Өйткені, сен жақсы адам едің. Нағыз адам атына лайық едің. Менің бауырым едің… ..

Анар ШАМШАДИНОВА