— Маңғыстау облыстық ауруханасында дәрігерлер тобы жүрек кемістігінен дұрыс дамымай қалған салмағы 7 келі болатын екі жасар сәби — Мейіржанға ерекше ота жасады. Бұл ота ауруханада тұңғыш рет жасалды.

Оған «жүректің басты тамырлары транспозициясы» деген диагноз қойылған.

«Баланы Астана қаласындағы балалар кардиохирургиясы мамандары қараған және осы ақауды жою үшін отаға кезекке тұрғызылған. Кезек уақыты өте ұзақ болғандықтан ата-анасы уақыт оздырмау үшін отаны Маңғыстауда жасатуға шешім қабылдады. Ота барысында диагноздың қатерлі екені белгілі болды. Кардиохирургтар бірден 3 түзетуді орындады: жүрекше мен қарыншаның арасын жамап (баланың жүрек тіндерімен), қолқа және жүректің өкпе артериясы арасындағы патологиялық кемістікті жойды», — деді «Маңғыстау облыстық ауруханасы» КМК директоры Нұрлан Тілепов.

«Алғашында зондпен тексеру кезінде біз астаналық дәрігерлердің диагнозын («жүректің оң жақ қарыншасынан тамырлардың шығуы») растадық. Бірақ, ота барысында басты тамырлардың өзгерген транспозиясы анықталды. Алдыңғы диагнозбен ота көлемі бірдей болғанмен, бұл диагноз айтарлықтай қиын болды және баланың қарыншасының да өзгергені белгілі болды. Осындай анатомиялық ерекшеліктер біраз техникалық қиындықтар тудырды, бірақ біз қарынша арасындағы ақауды жамау, жүрекшелер арасындағы ақауды, қолқа жолдарын қосу отасын сәтті жасадық. Баланың жағдайы тұрақты бірақ ауыр, жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр. Дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілді, жүрек қағысы бұзылған, бұл отадан кейінгі қалыпты жағдай», — деді «МОА» кардиоорталығының жетекшісі Жеңіс Қозыбаев.

Ота бес сағатқа созылды. Оған 3 хирург (үшеуі де «Болашақ» бағдарламасымен Мәскеуде оқыған, Франция, Италия, Испания, Голландияда маманданған), 2 анестезиолог (олардың бірі Юрий Гуляев, Мәскеу қ. А.Н.Бакулев атындағы Ресей медицина ғылымдары академиясы, жүрек-тамыр хирургиясы ҒЗИ балалар жан сақтау бөлімінің меңгерушісі) қатысты. Ресейлік анестезиолог кардиохирургияның жаңа технологияларын жергілікті мамандарға үйрету үшін ай сайын Ақтау қаласына келеді.

ҚазАқпарат