Анықтама:  Жамал Шоланова 1961 жылы Атырау облысы Жылыой ауданында туылған. 1978 жылы орта мектепті алтын медальмен аяқтап, 1985 жылы Ақтөбе Мемлекеттік Медициналық институтын педиатрия мамандығы бойынша бітірген. 1986-1996 жылдары емханада педиатр, 1996 жылдың қараша айынан Жылыой аудандық балалар емханасында бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарған. 2008 жылы Маңғыстау облысы Қарақия аудандық емханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалған. 2009 жылдың қараша айынан бастап Мұнайлы ауданына қызметке ауысқан. 2011 жылдың қыркүйек айынан аудандық аурухана директорының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы өз межесіне жетіп, ізінше 2016-2019 жылдарға бағытталған «Денсаулық» бағдарламасы бекітілгені белгілі. Аталған көп жылдық жоспар шеңберінде аудан медицинасында нендей өзгерістер орын алды? Ендігі жерде қандай жаңалықтар жүзеге аспақ немесе қолға алынып жатыр? Біз аудандық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жамал Шолановамен осы төңіректе сұхбат құрдық.

−    Жамал ханым, өзге салалар сияқты денсаулық сақтау саласы да алдына қойылған мақсатқа белгілі бір міндеттерді орындау арқылы жетіп келеді. Оның бір мысалы «Саламатты Қазақстан»  бағдарламасы. Осы бағдарлама шеңберінде жүзеге асып жатқан жұмыстарды жазып жүргеніміз кеше ғанадай еді. Бүгін міне, өзгесі іс жүзінде…

− …Әрине. Бұл бағдарлама ауданымыз медицинасына біраз өзгерістер әкелді. 2013 жылдың соңында халыққа медициналық қызметті қолжетімді ету мақсатында  ауысымына 250 келуші қабылдайтын аудандық емхана іске қосылды. Баянды, Қызылтөбе, Қызылтөбе-2, Атамекен, Батыр  ауылдарынан дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. 2015 жылы облыстық аурухана құрамынан жылжымалы медициналық кешен аудандық аурухана балансына алынды. Ауыл аралап, жұртшылыққа кардиолог, УДЗ, окулист, лор, стоматолог, хирург, терапевт мамандары кеңесін ұсынып, ЭКГ, рентген, зертханалық тексеру жүргізу жолға қойылды. Медицина мекемелерінің  материалдық техникалық базасы нығайтылып, білікті мамандармен толықтырылды.

Жаңа бағдарламаға бойынша да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылмақ. Республика, облыс, аудан көлемінде «Жедел коронарлық синдром, жүйке және ми қан айналымы жүйесінің жедел бұзылысы бар науқастарға, жарақаттар кезінде жедел көмек көрсету, онкологиялық науқастарды бақылаудың интеграцияланған басқару әдісін енгізу туралы» Жол картасы жасақталды. Жол картасына сәйкес ай сайынғы жұмыс қадағаланып отырады.

 Өткен жылдан бастап жалпы тәжірибе дәрігерінің (отбасылық) мамандығы енгізілді. Жаңа жүйеге Баянды, Дәулет, Маңғыстау-5 ауылындағы дәрігерлік амбулаториялар 2015 жылы көшті. Атамекен, Қызылтөбе, Басқұдық,  Батыр елді мекендеріндегі бастапқы медициналық көмек көрсету орталықтары мен дәрігерлік амбулаториялар биылдан бастап өтті. Аталған жүйеге байланысты дәрігерлер қайта даярлаудан өткізілді.

Жалпы мұндай медициналық қызмет түрі дамыған елдерде жүйелі түрде жолға қойылған. Бүгінгі таңда Дүниежүзілік отбасылық дәрігерлер ұйымына 102 елдің 300 мыңнан астам отбасылық дәрігері кіреді. Ұйым мүшелері әлем халқының 90 пайызына көмек көрсетеді. Еліміздің отбасылық  дәрігерлер ассоциациясы ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ұйымның мүшесі атанып отыр.

Еліміздегі алғашқы отбасылық дәрігерлер жұмыс істейтін емхана 1989 жылы Алматы қаласында ашылған болатын. Оның ішінде жалпы тәжірибе және отбасы дәрігері бөлімшелері іске қосылып, отбасылық дәрігер медицинасы дами бастады. Қазір мемлекетімізде жалпы тәжірибе және отбасы дәрігерін кәсіби даярлайтын алты медициналық жоғарғы оқу орны бар. 2014,2015 жылдары сондай оқу орнын бітірген оншақты түлекті жұмысқа қабылдадық. Олар бүгінде біздің жас мамандардың қатарын толықтырып отыр.

  −  Мұндай жүйеге көшудің тиімді тұстары неде?

−   Бір  жанұяның денсаулық жағдайын бір дәрігердің бақылап отыруында. Уақыт жағынан да ұтымды. Мысалы, ана бөбегін профилактикалық екпе алдында дәрігер қабылдауына алып келген сәтте өз денсаулығын да тексертіп  кете алады. Бұрынғыдай терапевтке, педиатрға бөлек-бөлек кезек күтіп жүрмейді. Жалпы отбасылық дәрігер педиатр, терапевт, акушер-гинеколог, хирург секілді барлық медициналық қызметтерді бірге атқарады. Ол жанұя мүшелерінің әрбірінің денсаулығын қадағалап, ауру түрлерін зерттейді. Қажет кезінде медициналық көмек көрсетіп, олардағы жүрек қан тамыры ауруларынан асқынудың алдын алу, қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау үшін скринингтік тексерулер, профилактикалық екпелер жүргізеді.

 −    Аудандық орталық аурухананың бүгінгі жалпы жағдайы туралы айтып берсеңіз?

 −    Мұнайлы орталық аудандық ауруханасы құрамына 25 төсек ересектерге, 15 төсек балаларға арналған орталық аурухана, 25 орындық хирургия бөлімше, аусымына 250 адам қабылдайтын орталық емхана, Атамекен, Басқұдық, Қызылтөбе, Даулет, Маңғыстау-5 селоларында бастапқы медициналық көмек көрсету орталықтары, Атамекен, Қызылтөбе-1, Қызылтөбе -2, Баянды, Батыр  ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория, жедел жәрдем, туберкулезге қарсы бөлімшелер кіреді.

Елді мекендердегі емдеу мекемелерінде күндізгі емдеу бөлімдері, лаборатория, ЭКГ, физиокабинет, профилактикалық екпе салатын кабинет, егу кабинеті, «Дені сау бала», «Жанұяны жоспарлау» кабинеті тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Ерте жастағы балалардың дамуы мен және  дұрыс тамақтануын ұйымдастыру жолдару туралы ақпарат беретін ресурстық орталық жұмыс жасайды.

Тәулігіне 12 жедел жәрдем бригадасы кезекшілікке шығады. 3-еуі дәрігерлік, 9-ы фельдшерлік. Жедел жәрдем топтары жылдам көмек көрсетуге керекті дәрі-дәрмекпен, ЭКГ, дифибриллятор  т.б құрал жабдықтармен қамтылған.

Ауыл жұртына медициналық көмек көрсетуге жылжымалы көмек көрсететін жүрмелі медициналық кешеніміз бар. Онда аға дәрігер мен кардиолог, хирург,окулист,стоматолог,  невролог, ультрасонолог,терапевт мамандары жұмыс жасайды. Кешеннің қызметін ұйымдастыруға  ЭКГ, рентген, УДЗ, басқа да құрал жабдықтары қарастырылған.

Сонымен қатар, қызмет көрсету сапасын жақсарту, кезек күтуді және персонал жүктемесінің шамадан тыс болуын төмендету бағытында жергілікті call-орталығы құрылған. Орталық арқылы «30-45-56» телефон нөмірімен маман кеңесіне жазылуға, медицина қызметкерлерге өтініш, тілек, сындар болса «Сенім телефоны» (+77473084375 ) арқылы жеткізуге болады.

  −   Маман тапшылығы мәселесі бар ма?

   −  Бүгінде барлық мекемелерімізді есептегенде ауданда 154 дәрігер: жалпы практикалық дәрігерлер, терапевт, педиатр, гинеколог, хирург, травматолог, эндокринолог, отоларинголог, окулист, уролог, онколог, маммолог, невролог, психиатр, кардиолог, ультрасонолог, инфекционист, жасөспірімдер дәрігері, эпидемиолог, провизор, аудит, статист дәрігері, балалар неврологы, 682 орта буын медицина қызметкері еңбек етуде.

Дегенмен, невролог, балалар кардиологы, инфекционист, психиатр, пульмонолог, ревматолог, гематолог мамандары тапшы. Невролог дәрігеріміз 3-еу, оның бірі бала күтіміне байланысты үйде отырғандықтан 2-еуі қызмет көрсетуде. Негізінде 4 невролог жұмыс жасауы қажет. 1 психиатрымыз да бала күтімімен демалыста. Емханада 2, Атамекендегі БМСККО-да 1 хирург дәрігері болса, халық санының көптігіне орай Басқұдық ауылындағы медициналық мекемеге тағы біреуін қою қажеттігі туындайды.

  −   Тегін дәрі-дәрмекпен қамту жағы қалай болуда?

  −   ҚР ДСМ  04.11.11 жылғы №786 және 12.12.2013ж №726 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрықтарына сәйкес тұрғындар тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады. Бұған кеткен қаражат былтырғы жылы 170 млн 465 мың 127 теңгені құраса, үстіміздегі  жылдың 5 айында 69 млн 286 мың 554 теңге болды. Аталған  дәрілері тек қана рецепт арқылы «Д» есептегі науқастарға беріледі.

 − Біздегі медициналық мекемелердің қайсыларында ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) құрылғылары жетіспейді. Тұрғындар арасында осы мәселе сөз боп жатады.

   − Жүректі УДЗ, ішкі ағзаларды УДЗ аудандық орталық емханада жүргізіледі. Аяғы ауыр қыз-келіншектер жүктілік кезінде скринингке сәйкес 3 рет УДЗ-ден өткізіледі. Құрылғымен аудандық емхана мен Атамекен, Басқұдық, Маңғыстау-5, Баянды, Қызылтөбе ауылдарындағы бастапқы санитарлық көмек көрсету орталықтары жабдықталған. Және онда жүктілік кезіндегі тексерулер ақысыз жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, емханада рентген, флюрография, ЭКГ, офтольмалогиялық аппараттар, тредмил тест, лабораториялық қондырғылары да жұмыс жамсап тұр.

    − Ел байлығы азаматымен десек, ел ертеңі болар дені сау баланы дүниеге әкелетін аналарымыздың жағдайы қалай?

  − Қазір ауданда 61 мың 700 әйел болса, 29 мың 558-і босану жасындағылар. Оның 3,5-4 мыңы  экстрагениталдық аурулармен есепте. Негізінен қаны аздық ( анемия), асқазан, бүйрек аурулары, несеп жолдары инфекциялары. Қант диабеті, жүрек ақаулары бар, қан қысымы жоғарылары некен-саяқ. Аталған аурулардың әрбірінің өзінше қауіптілік факторлары бар. Егер қаны аз әйел сауықтырылмай бала көтерсе анадағы аз қандылық есебінен сәбиінің денсаулығы да әлсіз, иммунитеті төмен болып туылады. Иммунитеті төмен шақалақ әртүрлі ауруға бейім келеді,  соның ішінде  жоғарғы тыныс жолдарының өткір вирустық инфекциясы, жедел ішек аурулары. Бөбек  шетінеп те кетеді. Сондай-ақ жыныс жолымен жұқтырылған инфекцияларда да балада түрлі ақаулар пайда болады. Солардың әсерінен ішкі ұрық кезіндегі өкпенің қабынуы орын алып, уақытына жетпей босану  болады. Уақытына жетпей босанғандықтан өкпесі толық жетіспей туылған сәби әрі қарай дамымай,  өлім жағдайы кездесуі мүмкін.

Жалпы аудан бойынша бүгінде 2 мың 473 нәзікжанды жүктілік есебінде. Ай сайын оның 300-400-і ана атанады. Бұл жақсы, облыс бойынша жоғары көрсеткіш. Әйткенмен, сол аналардың денсаулығы алаңдатады. Көбі уақытылы есепке тұрмай жүріп алады. Ішінде кәмелеттік жасына жетпегендері де, үйде босанатындары да кездеседі. Үйде босанатындар биыл былтырғыдан да артты. Ондай болмас үшін түсінік жүргізіліп, дәрігер қабылдауына келген сайын дабылдық белгілер байқалғаннан дәрігерге жүгіну жөнінде қолын қойып кетеді. Соған қарамастан көбі толғақ піссін деп перзентханаға баруға асықпайды. Ол өте қауіпті, дер кезінде ана мен балаға көмек көрсету мүмкіндігін шектейді. Мұндай қадамға негізінен 2-3 бала тапқан аналар барып жатады.

    −   Болашақ аналардың дер кезінде дәрігер тіркеуіне тұруға көп құлшыныс таныта бермеуінің себебі не болуы мүмкін?

   −   1 жасқа дейінгі есепке тұрмаған балаларды анықтау мақсатында ауыл аралау барысында мамандарымыз сәуір-мамыр айының өзінде 124 есепке тұрмаған жүкті келіншекті анықтады. Басымының жүктілігі 12 аптадан асып кеткен. Мұны көргенде қыз-келіншектеріміздің өз денсаулығына соншалықты немқұрайлылығына таңданбасқа болмайды. Көбі жас аналар. Оларға барлық ақпарат құралдарының қолжетімділігіне қарамастан сондай әрекетке барады. Келуі қиын дейтіндей әр ауылда медициналық мекеме бар. Дегенмен, тағы бір мәселе олардың жалдамалы пәтерден-пәтерге көшіп қонуында. Кейбір жерлерде бір аулада 10-15 жалдамалы пәтерлер салынған. Медициналық тіркеуге тұрмайтын әйелдер солардың ішінде жиі кездеседі. Тағы бір себеп, біз анықтаған 124 ананың 24-інің азаматтығы жоқ. Бірақ еліміздегі Қаулыға сәйкес, олар да тіркеуге тұрып, ақылы көмек ала алады. Кейбірлерінде бірнеше бала бар, әлеуметтік жағдайы өте төмен болады. Ондай аналарды есепке алып, ақысыз көмек көрсеткен кездеріміз де болды. Сондай-ақ осы анықталғандардың ішінде тіркеуде жоқ 37 бала кездесті. Сондықтан Көші-қон полициясы, әкімдік тарапынан қолдау болып, салық төлеуші жалдамалы пәтер иелері үйін жалдағандар туралы ақпарат беріп отыруын жолға қойса аталған кедергілердің алдын алу оңай болар еді.  Өйтпесе әр пәтерге бір көшіп жүрушілерді медициналық бақылауға алу қиындық туғызады.

    −    Жүкті әйелдерге қандай қамқорлық шаралары қаралады?

    − Олар акушер гинеколог дәрігерлер, акушеркалармен қадағалауға алынады. Жүктілік кезінде ультрадыбыстық зерттеуден өткізу үшін акушер гинеколог дәрігерлер қайта даярлау курсынан өткізіліп, әрбір елді мекендегі денсаулық сақтау мекемесіне бекітіліп қойылған. Бұл кезеңдегі тексерулердің бәрі тегін түрде. 10-14, 18-20, 30-34 апталарында тегін үльтрадыбыстық зерттеу жасалады. Бізде жоқ кейбір талдауларды жүргізуге аудандық аурухананың өзге медициналық мекемелермен келісімшарт негізінде қалаға жолдама беріледі. Мысалы жыныстық жолмен тарайтын аурулар мен инфекцияларды ПЦР зертханалық әдісімен тексеруде. Бірнеше жүктілігінде сәтсіздікке ұшырағанда немесе шақалақ өлі туылу жағдайлары қайталанғанда генетикалық тұрғыдан зерттеу үшін облыстық перинаталдық орталықтағы генетикке жібереміз. Келісімшартқа сәйкес бұл қызметтерге болашақ ана тарапынан қаржы талап етілмейді. Сол сияқты қажет болған жағдайда МРТ, КТ үшін «Маңғыстау облыстық ауруханасы», ЭЭГ- «Нейрон», ПЦР қан анализы- «Олимп»  мекемелерімен келісімшартқа отырғанбыз. Пульмонолог, ревматолог, гематолог, кардиохирург, балалар эндокринологы сияқты мамандар кеңесін алу керек болса облыстық ауруханаға жолдаймыз.

                 −    Сұхбатыңызға рахмет!

Шахида ЖҰМАН