Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қоғам белсенділерімен, блогерлермен, журналистермен кездесті. Облыс басшысы тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерді тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Қатысушылар халықтың әлеуметтік жағдайы, медицина саласындағы мәселелер, облыс аумағындағы көлік тасымалы негіздері, кәсіпкерлікті дамыту сынды бірнеше келелі мәселелер төңірегінде сұрақтарын ортаға салды.

Аймақты көгалдандыру, киелі орындарды қорғау, олардың тазалығын қолға алу, қала мен аудан, ауыл арасындағы жол қатынастарын реттеу, жол құрылыстарын қадағалау, медицина саласындағы олқылықтардың орнын толтыру, өңірдегі халық игіліне қажетті нысандардың салынуы сынды түйткілді мәселелер жиынның негізгі арқауы болды.

Ералы Лұқпанұлы айтылған мәселелерді жеке-жеке тыңдап, ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын баса айтты. Мұнда айтылған кей сұрақтардың бұған дейін қолға алынып, шешу жолдары қарастырылғанын да жеткізді.

— Бүгінгі айтылған мәселелердің барлығы міндетті түрде хаттамаға енеді. Оның ішінен ақылға қонымды дүниенің бәрін міндетті түрде жүзеге асырамыз. Сондықтан мен сіздерді осындай елдің басын біріктіретін, халықтың жағдайын көтеруге байланысты мәселелерді талқылауға шақырдым. Осындай елдің, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты нақты шешімі табылатын сұрақтар болса, бірге қарап, шешімдерін табамыз. Қажетті қаражат мәселесін де шешеміз, — деді Ералы Тоғжанов.

Жиында көтерілген мәселелер бойынша толық материалды алдағы уақытта оқитын боласыздар.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН