—  Бүгін ҚР Үкіметінің жанындағы  жер реформасы бойынша комиссия төрағасы, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев журналистерге берген сұхбатында комиссияның бірінші отырысының жұмыс қорытындылары жайлы айтты.

«Бүгін бәрі айтылды деп ойлаймын. 7 сағат талқыланды. 75 адамның 70-і қатысты. 5 адам дәлелді себептермен келе алмай қалды. Бір адам отырысқа қатысудан бас тартты, ол Макс Бокаев («Арлан» үкіметтік емес ұйымның төрағасы). Бірақ ол мүлдем келмеймін деген жоқ. Оның өзінің талабы бар, бірақ ол жеке сипатта. Алайда оған біздің есік әрдайым ашық, ол комиссия мүшесі, оның әріптестері, достары әңгіменің қалай өрбігенін айтқан шығар. Сондықтан, егер келесі жолы келуге ниет танытса, есігіміз ашық. Біз ол кісімен комиссия аясында одан әрі жұмыс істейтін боламыз», — деді Б. Сағынтаев.

Бірінші вице-премьер жеті сағаттың ішінде 63 адам сөз сөйлегенін айтты. «Шектеу болған жоқ. Әркім өз ойын білдіріп, пікірін айтты — бұл жақсы. Әрине, басында билік адамысыздар ғой деген сенімсіздік болды. Ал біз қоғамдық бірлестіктер мен халықтың атынан шығып отырмыз… әңгіме барысында күдік сейілді деп ойлаймын. Бұл менің пікірім, бәрі де бұған қосылады деп ойлаймын», — деп қосты ол.

Оның айтуынша, комиссия жанынан төрт жұмыс тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, атап айтқанда, құқықтық, экономикалық, түсіндіру, қадағалау. Бұл топтардың басшылары осы мүшелер ішінен сайланады. «Келесі жолы   біз  Қазақстан азаматтарына жер сату тақырыбын қозғаймыз. Осы залда әр сенбіде сағат таңертеңгі онда жиналамыз. Шамамен  5-6 отырыстан кейін негізгі блокты пысықтаған соң өңірлерге шығып, әкімдіктер жанынан құрылған қоғамдық кеңес аясында талқылайтын боламыз. Біз бүгінгі мақсатты орындадық — бәрі өз ойын айтты және барлығы комиссия аясында сындарлы жұмыс істеуге әзір», — деп сөзін түйіндеді Сағынтаев.

ҚазАқпарат