Алты алашқа аты мәлім Біржан сал: «… Шын өнердің бағлан басы табалдырықта  қалып, кілең сарай әнші, сарай күйші етігімен төрге оза ма- деп, қорқам…» деген екен. Сондағы шын өнері- қазақтың қара домбырасы, қыл қобызы ма екен?! Шын өнерімізді өлтірмей, өрге сүйреп жүрген, аталар аманатына қиянат жасамай жүрген абзал адамдар сирек бұл өмірде…

Театр… Концерт залына алқа-қотан орналасып үлгерген көңілді көрерменнің көзі сахнада, ерекше қуаныш күткендей елеңдейді. Өйткені, жұрт  сахнадан оркестрді күтіп отыр. Күй әлеміне саяхат жасамақшы. Күй — ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан асыл қазына, қанымызға  сіңген, жанымызды  жадырататын  рух. Рас-ау, қазақ баласы  аламан бәйгеде арғымақтардың  көмбеге жақындаған сәтінде қалай делебесі қозып, қиқу салып, қуаныштан көзіне жас алатын болса, оркестрде орындалған  күй құдіретіне елтіп, дәл солай  шаттана рухтанатыны бар емес пе? Күй — қазақтың жаны, жүрегі, сыры, мұңы және тарихы ғой. Күй арқылы сан ғасырлық тарихымыз халқымызбен бірге жасасып, бүгінге жеткені де сондықтан болар…

Басталды… Жұрт бір сәтте сілтідей тына қалды. Кең сахна төріне жайғасқан  толыққанды оркестр құрамы қаз-қатар тізіле жайғасқан.

4

«Сіздердің алдарыңызда 1993  жылы өткен Республикалық  қобызшылар сайысының лауреаты, 2004  жылғы Н.Тілендиев атында өткен Республикалық дирижерлар сайысының лауреаты, Қазақстан мәдениетінің қайраткері Рахила Құлсариева!» — деген жүргізішінің айдынды алғы сөзінен кейін,  ортаға талдырмаш  ғана денелі дирижёр келді. Көрерменге иіліп тағзым етті де таққа шықты. Баяулап басталған Дина апамыздың күйі – «Әсем қоңыр». Бұдан соң,  «Хан кене», «Серпер», «Сарыарқа», «Адай» қатарлы атақты күйлер арқаны қоздырса,  «Ромео и Джулетта», «Палладио», «Либертанго» қатарлы әлемдік, классикалық туындылар шебер орындалды. Танымал киноларға жазылған саунтректер мен, вальс, хор жанрындағы әуендер әдемі-ақ. Бірде  бүлкілдеп, бірде қоңыр домбыраның үні айқындалып, бірде қыл қобыз бен саз сырнайдың бебеулей шарықтаған әсем әуендері бірінен соң бірі жалғасып жатыр. Әлем классикасынң  әр түрлі жанрларын толық қамтыған  концертте сан алуан музыкалық аспаптардың орындаушыларын бір ғана сиқырлы таяқшамен   басқарып тұрған адам – дирижёр әрі қобызшы Рахила Орынқызы еді. Қазақтың қайсар қызы дәл осы Дина Нұрпейісова атындағы оркестр алғаш Атырау облысында құрылған кезде өзінің ұстазы, атақты күйші, дирижёр Рысбай Ғабдиевтің шақыртуымен қобызшы болып Маңғыстаудан  келген болатын. Міне, содан бері де аттай отыз жыл өтіпті. Бүгінгі концерт — сол отыз жылда атқарған еңбектің жемісі, ақырын жүріп анық басқан арда ғұмырдың айғағы десек те болады. Оркестр  өмірді, табиғатты, мінез-құлықты  суреттейді. Жылайды, күледі, шаттанады, шамданады, қазір қара аспанды төндіріп, дүниені астаң кестең етсе, әп сәтте аспан шайдай ашылып, алтын күн айналаны нұрына бөлегендей, дүние жадырап сала береді. Бірде буырқанып, долданған дүлей дауылға, асау толқынға ұқсаса, бірде демін, ішке тартып, желдей еседі… Шаттық үн көк аспанға көтеріле шарықтау шегіне жетіп, қайта жерге түскендей тына қалады. Міне, осындай құдіретті күйді, сиқырлы музыка әлемін көрерменге сыйлай білген Рахила Орынқызы  Маңғыстаудың тумасы. Ол негізі, кішкентайынан  күйге құмар еді. Алайда, әкесі оны, Қадиша Балапашованың қобыз үйірмесіне  береді. Себебі, ол кезде осы өлкеде қобызшы жоқ еді. Алғаш, Ералиевте құрылған «Маңғыстау маржандары» ансамблінде қобызшы  жоқтығынан  көп қорлық көргенін айтқан  Орын аға:

1

— Әуелі Қадишаны Атыраудағы музыкалық училищеде ұстаз досымыз Раушан Нұрпейісовадан оқытып алдық. Маңғыстауға алғашқы қобызшы болып Қадиша және домбырашы Роза Айдарбаева бәрі бірге  келген еді. Кейін, Қадиша киелі өнерге Рахиланы баулыды. Бәрі де сонау 1982-жылы Маңғышлакта (қазіргі Ақтау қаласы) өткен «Жас музыканттар сайысы» -нан басталды- деді.

 

2

 Сол сайыста Рахила жеңіске жетіп, өмірлік кәсібіне жолдама алды. Рахила  Чайковский атындағы музыкалық училищеге  түсіп сол Раушан апасынан қобызшы мамандығын  игереді. Алғаш Алматыға қобызын арқалап кеткенде тым кішкентай еді. Бұл училище ол кезде Құрманғазы атындағы консерваторияға  студент даярлайтын бірден бір оқу орны болатын. Кейін Рахила консерваторияны  ҚР халық артисі Фатима Балғабаеваның  ұстаздығында  қобызшылық маманды, ҚР мәдениетінің қайраткері  Жалғасбек Бегендіковтің жетекшілігінде дирижёрлық мамандықты ойдағыдай  бітіреді. Консерваторияның соңғы курсында оқып жүрген кезінде, атақты Рысбай Ғабдиевтің өзі Рахиланы Маңғыстауға іздеп келіп, Атырауда  жаңадан құрылып жатқан оркестрге жұмысқа шақырады.

[quote arrow=»yes»] — Рысбай ағай маған өмірде де өнерде де әкемдей қамқор еді, консерваторияда мемлекеттік сынақ тапсырған кезімде туған әкем емес, Рысбай ағай барып,  емтиханымды тыңдаған еді. Ол кісінің сөзін жерге тастай алмадым, әкемнің рұхсатымен Атырауға 1990-жылы келіп, осы оркестрге қобызшы болып орналастым. Жергілікті басшылық  баспана берді. Кейін осы өңірдің апталдай азаматы Ерлан  атты азаматпен дәм-тұзымыз жарасып бас қостық. Бір ұл, екі қыздың ата-анасымыз, шүкір, жолдасым өмірде де өнерде де демеу болып, жан серігім бола білді,-дейді, бүгінде қазақ оркестрінің қарлығашы атанған, Рахила Орынқызы. Расымен, жолдасы Ерлан да өнер десе ішкен асын жерге қоятын, ақкөңіл, мұнай саласында жемісті еңбек етіп жүрген елгезек жан екендігін байқадық.  Д. Нұрпейісова атындағы оркестр құрылғаннан кейінгі ең алғашқы концерт  Дина апамыздың 130 жылдық мерейтойы қарсаңында Орал облысында  берілді.Ұмытпасам, 1991 жылы, 18  ақпанда біз «Икарус» автобусымен  алғашқы гастрольдік сапарға кетіп бара жаттық,- деп еске алды, дирижёр.  Иә, оркестрдің мұндай сапарлары оларға талай ел мен жерді көрсетті.Талай марапат пен құрметке бөледі. Ол үшін, музыканттар да  аянбай еңбек етті. Сол кездегі Оралда берген алғашқы концертте Құрманғазы атындағы оркестрдің  сол кездегі бас дирижёрі, елу жыл тақта тұрған Шамғон Қажығалиев ағамыз Алматыдан келіп қатысып, ақ тілегін айтып кетіпті.Ол кезде Рысбай Ғабдиев бас дирижёр ал, екінші дирижёр Жұмагелді Нәжімеденов ағай болды.( Жұмекен Нәжімеденов ақынның ағасы) Ол кісі өте білімді адам еді, өзі домбырашы. Бір күні ұстазым мені шақырып, үшінші дирижёр болып жұмыстауға ұсыныс білдірді. Алайда мен, қобызшы ретінде керек едім, әрі тәжірибе жинақтауым керек. Сонымен, қобызшы болып тоғыз жыл жұмыс жасағаннан кейін қосымша дирижёрлік жасадым. Ол кезде Тынышбек Естаев деген дирижёр болып, кейін денсаулығына байланысты, Құлсары қаласына көшіп кетті де сонда оркестр құрды.1999  жылдың мамыр айында мұнайдың 100 жылдығын тойлау үшін үлкен дайындық жұмыстары жүрілді. Дәл сол кезде  Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағанбетов еді. Менің дирижёрлік қызметім осы  салтанатты концерттен басталды. Кейін Рысбай ағамыз дүниеден озды, мен қанша дегенмен қыз баласы болғасын, ер адам қажет болып, бас дирижёрлікке Талғат Камаледдинов деген жас жігітті тағайындады.Арада біраз уақыт өткесін, Орақ Жауыров деген ағамыз бас дирижёр болды, ал, Талғат қазір музыка колледжінде ұстаз. Былтыр  Орақ ағай зейнетке шыққан, орнына   бас дирижёр болып  консерватория бітірген талантты, өнерге  бесаспап  жас бала келді. Әрине, дирижёрлық қызмет бірден іліп әкететін мамандық емес, ақырындап тәжірибе жинақтайды ғой, өзі де білімді жігіт, фольклорға керім. Ал, мен  баяғы сол екінші дирижёрлігімді атқарып келем. Құдайға шүкір, осы да маған жетеді,-дейді мамандығына төселген, білікті маман. Онысы да жөн шығар. Әйел адам үшін бұл да үлкен міндет екендігін жалпы еліміз көлемінде әйел дирижёрлар саны өте сирек кездесетіндігінен байқауға болады.  Репертуарында 600-ден астам музыкалық шығармасы бар, еліміз көлеміндегі басты оркестрлер  қатарынан саналатын Д.Нұрпейісова атындағы өзі құрған оркестрді 1994  жылы  Рысбай ағай Түркияға апарды. Оркестр бұл сапарда   бас жүлдені жеңіп алады. Ол кезде шет елге ешкім шықпайтын, елімізде ақша жоқ кез еді. И.Тасмағанбетов әкім Астанаға ауысқаннан кейін 2001  жылдары  оркестрді таныстырып көрсету үшін, Астана қаласына шақыртты. Ол жерде оркестр  Елбасына өнер  көрсетті. Ал, 2002  жылы оркестр   сол кездегі мәдениет министрі Мухтар Құл-Мұханбеттің қолдауымен  Араб еліне, Катарға гастрольдік сапармен барып келгеннен кейін, Р.Құлсариеваға «Қазақстан мәдениетінің қайраткері» атағы берілген. Содан бері де Республика,  облыс дәрежесіндегі мәдениет салаларының, Құрманғазы атындағы консерватория ректорының   алғыс хаттарымен, құрмет граммоталарымен марапатталып келеді. Ал, күні кеше 2013  жылы оркестр    облыс әкімі  Б.Ізмұханбетовтың қолдауымен  «Евро тур» гастролімен Түркия, Германия, Австрия елдеріне барып, өнер көрсеткен. Қазақ оркестрі бұл жолғы сапарында күллі еуропалықтарды қасиетті өнерімен тәнті еткен болатын. 2012  жылы елімізде тәуелсіздіктің 20  жылдығын тойлаған кезде үш  оркестрдің біріккен құрамында осы Д.Нұрпейісова атындағы оркестр Астанада мамандандырылған гала концерт  берді. Сол концертте де қазақ оркестрінің қарлығашындай болып Рахила апамыз өнер көрсеткен болатын. 2000  жылы елімізде «Мәдениетті қолдау жылы » болды. Осы шара аясында Атырау облысының әкімі жан-жақтан өнер майталмандарын шақыртып, оларға үй беріп, жағдай жасады. Олардың қатарында  І.Жақанов, Ш.Қажығалиев сынды өнер тарландары бар еді. Міне, осы кезде Атырау өнері мен мәдениеті бір серпіліп қалыпты. Облыс әкімінің кеңесшісі болып қызмет жасап жүрген, елу жыл тақта дирижерлік жасаған Шамғон ағаның шығармашылық мерейтойына арналған ауқымды шара өтіпті. Осы оркестрдің орындауында  республика көлеміндегі танымал дирижерлардың қатысуымен үлкен шығармашылық кеш өтті. Астана, Алматыдан бергі ірі оркестрлердің дирижёрлері қатарында «Маңғыстаудың маэстросы» атанған, КСР-на еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР мәдениет қайраткері, «Халық ағарту ісінің үздігі», Маңғыстау облысы және Қарақия ауданының «Құрметті азаматы» Орын Құлсариев те бар болатын. Себебі, Орын аға Маңғыстау мәдениетіне әуел бастан-ақ еңбегі сіңген, талай марқасқа өнер иелерін баулыған ұстаз, Рахиладай өнер иесін тәрбиелеген әке еді. Әке жолын қуған өнерлі қызының елу жасқа толу аясында өтіп жатқан бүгінгі  шығармашылық кешінде де осы оркестрдің орындауындағы «Адай» күйіне дирижёрлік етті. Жасы 85-ке келсе де, қайраты қайтпаған әке, қаршадайынан бойына серік еткен өнердің әр иірімін қалт жібермей жадында мықты сақтағаны көрініп тұр. Толағай өнері бар томаршадай сары шалдың өнеріне тәнті болған жұрт  орындарынан тұрып құрмет көрсетіп, ұзақ қол соқты. «Әке көрген-оқ жонар»-деген осы шығар. Рахила Орынқызы тек әкеден ғана емес, қазақтың не бір майталмандарынан дәріс алған. Сол ұстаздарының бірі, Құрманғазы атындағы консерваторияның білікті ұстазы,   Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, көрнекті дирижёр Жалғасбек Бегендіков, Құрманғазы атындағы оркестрдің бас дирижері, Мемлекеттік «Дарын»  сыйлығының иегері, жас та болса бас болған Арман Жидебаев, маңғыстаулық атақты күйші апамыз Роза Айдарбаева қатарлы құрметті қонақтар шығармашылық кешінің көрігін одан әрі қыздыра түсті. Қасиетті өнерді пір тұртқан  қазақ оркестрі қарлығашының өнер кеші аса жоғары деңгейде өтті. Концерттен соң Атырау және Маңғыстау облысы әкімдерінің орынбасарлары атынан, екі облыстың мәдениет басқармалары атынан және Р.Құлсариеваның туып өскен жері Қарақия ауданы әкімінің атынан, Құрманғазы атындағы оркестр атынан жеке-жеке құттықтаку хаттар табысталып, сый-құрмет көрсетілді. Рахиланың ұстазы марқұм Р.Ғабдиев өмірден озарда: «Д.Нұрпейісова атындағы оркестрдің киесі әйел адам — Дина апамыз болғандықтан, Рахила қызыма да дирижерлік  қызметті табыстадым. Әлі, қазақ оркестріндегі аз санды қарлығаштардың бірі боласың, мен саған сенем» — деп, өсиет қалдырған екен. Иә, сол ұстазының да, домбыра тартуға құмар қызды қобызға, дирижерлік мамандыққа оқытқан әкенің де үміті ақталды. Өйткені, Рахила Құлсариева олардың  мақсат  еткен армандарын мүлтіксіз орындап жүр. Елу жас деген не, тәйірі? Рахила жаны жас, өнерге құштар адам.Қазақ оркестріне сіңірер  еңбегі әлі алда.  Жасай беріңіз, өзіңіз таңдаған күй өнерінің, музыка өнерінің шырқау көгіне қарай талмай қанат қаға беріңіз, қарлығаш-апа!!![/quote]

Шынар КЕНДІН
«Қарақия» газетінің редакторы

3