Өткен жылы Мұнайлы ауданы әкімдігіне қарасты бөлімдер мен ауыл, ауылдық округ әкімдіктерінде мемлекеттік көрсетілген қызметтердің 84 түрімен 60 037 қызмет көрсетілген. Оның ішінде мемлекеттік орган арқылы көрсетілген қызметтердің саны – 43759 немесе 73%-ды құраса,  мемлекеттік корпорация арқылы -13721 немесе 22,8%, «электрондық Үкімет» веб-порталы арқылы – 2557 немесе 4,2% болған. Бұл нені білдіреді? Тұрғындар әлі де кейбір қызмет түрлерін электронды Үкімет веб-порталынан алу мүмкіндігін пайдаланудан  мемлекеттік органға жүгінгенді жөн көреме, әлде қалай? Басқұдық ауылындағы халықпен кезекті кездесу осы мәселеге арналды.

Оған  аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша жауапты маманы Р.Мугалова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Ақниязова, жер қатынастары бөлімінің басшысы Ә.Өтегенов, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының м.а. А.Көбегенов, ауыл әкімі Н.Қаржаубаев қатысып, өз мекемелерінің шеңберінде көрсетілетін қызметтерді сөз етті. Жиынның мақсаты — баламалы түрде көрсетілетін қызмет түрлерін мемлекеттік органға жүгінбей-ақ, «Бір терезе» қағидаты және «электрондық үкіметтің веб-порталы» арқылы алу мүмкіндіктер жөнінде халыққа түсіндіру.

Әр адам дүниеге келісімен оған көрсетілетін бірінші мемлекеттік қызмет – туу туралы куәлігін беру. Кейіннен білім алу, ауруханаға бару, үй салу, кәсіп ашу, үйлену, бала өсіру, оларды мектепке апару, жәрдемақы алу, жылжымайтын мүлікті тіркеу және т.б. кездері біз мемлекеттік қызметті алуға жиі-жиі жүгінеміз.  Яғни, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер адам өмірінің айырылмас бір бөлігі. — Қазір мемлекеттік көрсетілетін қызметтің көбісін компьютердің сілтемесін түрту арқылы алуға болады. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін арнайы жағдай жасалуда – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, электрондық үкімет, азаматтарға қызмет көрсетудің бизнес-үрдісі қайта қаралған және бюрократиялық кедергілердің көбісі жойылған. Мысалы, бұрын жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы анықтаманы алу үшін азаматтар өтініш жазу үшін бірнеше сағат кезекте тұрып, жауабын алу үшін бірнеше күн күтуі қажет болатын. Ал қазір жоғарыдағы қызметті электронды үкімет порталы арқылы 20 минут ішінде алуға болады, -деген Р.Мугалова мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі туралы әңгімелеп, тұрғындардан түскен сұрақтарға жауап берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай үлгідегі жиындар алдағы уақытта өзге ауылдарда да өткізілмек.  Сондай-ақ, осы басқосуда ауыл тұрғыны А.Рамазанова ауданның 10 жылдығына орай, аудандық мұражай ашу керектігін айтты. Оның айтуынша, жер телімі мәселесі шешілсе, ғимаратын салуға ынталы кәсіпкерлер де бар көрінеді. Ал ауыл әкімі мұндай бастама Басқұдық ауылында да көтерілгендігін айтып, ауыл басшылығы өз ғимаратынан ауылға арналған мұражай бөлмесін ашуды көздеп отырғандығын жеткізді.

Шахида ЖҰМАН