Бүгінгі таңда елімізде орта білім беру жүйесін жетілдіруде бірқатар жаңашылдық шаралар атқарылуда. Бұл ретте «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының Ақтау қаласындағы филиалында жаңартылған білім мазмұны бойынша мектеп басшылары мен олардың орынбасарларын, аудандық, қалалық әдістемелік орталықтардың мамандары мен әдіскерлеріне арналған қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстары жүргізілуде. Осы мақсатта филиал директоры Қатира Қарасайқызымен жүргізген сұхбатымызда жаңартылған білім мазмұнына орай мұғалімдердің біліктілігін арттыруда жүргізіп отырған жұмыстарымен танысып қайттық.

Жаңартылған білім мазмұнына сай жасақталған бағдарлама бойынша өткен жылы пилоттық мектептердің 1-сыныбында басталып, тәжірибеден өткізілген болатын. Соның нәтижесінде биылғы оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептердің 1-сынып оқушылары жаңартылған бағдарламамен білім алуда. Жаңартылған бағдарлама бойынша білім берудің басымдылығы біліктілік дағдыларын қалыптастыру ғана емес, оқу нәтижелеріне назар аудару болып табылады. Өткен жаз айында филиалда 328 мұғалім  жаңартылған білім мазмұны бойынша біліктілігін арттырды. Қазіргі таңда олардың барлығыда бірінші сыныпқа сабақ беретін жаңашыл мұғалімдер болып жұмыстарына кірісті.

Мұғалімдерді қысқа мерзімде білімін толықтыру келесі жылы да жалғасын табады, яғни орта буында сабақ беретін пән мұғалімдері оқытылмақ, үш тілділікке байланысты мұғалімдердің сабақ беретін пәні бойынша алдыңғы ілегін оқыту жоспарлануда. Қаламыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебі аталған бағдарлама бойынша шәкірттеріне сапалы білім бере білуде. Осы мақсатта мұғалімдер пилоттық мектептерде және аудан, қалалардағы орта білім беретін мектептерде өз іс-тәжірибесімен таныстырып, шеберлік сабақтарын өткізуде, мұның барлығы жаңаша білім берудегі атқарылып жатқан жұмыстар деп білеміз.

Еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде білім беру саласындағы ең бір елеулі жаңалықтар саналатын бұл шаралардың барлығы еліміздің болашағы —жастарымыздың білімді ұрпақ болып қалыптасуына жасалып жатқан сәтті қадамдары деп айта аламыз. 

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА