Жамал-ай тігін

Қабырғасы сонау Кеңес одағы дәуірінде қаланған «Жамал-ай» кәсіпорнының соңғы жылдарғы даму жолы біздің көз алдымызда. Ол уақытта мекеме атаулы мен кәсіпорындар мемлекет меншігінде болатын. Сол жылдары қалыптасқан қатаң ереже бойынша шындықты айтуға болмайды. «Ауруды жасырғанымен, өлім әшкерелейді», демекші, қаншама шындықты жасырғанымен, одақтың экономикалық жағдайы сыр беріп, кәсіпорындарда өзін-өзі ақтау, өзін өзі басқару сияқты жаңа әдістер енгізіле бастаған.
Жеңіл өнеркәсіп министрлігіндегілер батыс елдерінде сәнге айналған әрі аяққа ыңғайлы «мокасиндер» үлгісіндегі аяқ киім өндіруді шындап қолға ала бастаған тұс еді бұл. Билік басындағылар Одақта осындай аяқ киім тігетін екі фабрика ашуды жоспарлап, оның бірін Эстониядан, ал екіншісін Қазақстаннан ашу керек болады. Ресей Федерациясына жақын болғасын ба, әлде аяқ киім тігілетін шикізат сол уақытта сол жерде жұмыс істеп тұрған тері-былғары зауытынан алынуы тиіс болғандықтан ба, министрліктегілер бір фабриканы Орал қаласынан ашуды ұйғарған. Ал фабрика құрылысы «Маңғышлақнефть» өндірістік бірлестігінен қаржыландырылуы керек. Маңғыстаулық басшылар бұған келіспей, бірнеше айтыс-тартыстардан кейін Мәскеуді ақыры иліктіріп, бүгінгі облыс орталығынан осы фабрика салынды.
Одақтың тарау алдында тұрған дағдарыс кезеңіне қарамастан құрылысы сәтті аяқталған фабрикаға заманға сай жаңа жабдықтар сатып алынды. Он бес республиканың әр жерінен білікті де тәжірибелі технологтар, түрлі мамандар келді. Жұмысқа жаңа орналасқан тал шыбықтай бұралған Забираға сол мамандардан үйрену мүмкіндігі туған-ды.

[quote font=»tahoma» font_style=»italic» arrow=»yes»]-Алашбай Баймұрзаев деген азаматқа жаңадан ашылған кәсіпорынды басқару міндеті жүктелді. Фабрикада ұйымдастыру жұмыстары өте жақсы жүрді. Небір білімді, тәжірибесі мол мамандар үздіксіз келіп жатты,-деді өткен күндерді еске алған «Жамал-ай» акционерлік қоғамының директоры Забира Хасанова.[/quote]

[quote font=»tahoma» font_style=»italic» arrow=»yes»]Кәсіпорынға зор үміт артылғандықтан бізге қаржы да молынан бөлінді. Мен құралпы жас мамандарды оқытты. Мен де оқып, мамандардан дәріс алдым. Жұмысымды барынша меңгердім. Біз кілең жастар едік, жұмысқа құлшыныспен кірісіп, өздігімізден іздендік те.[/quote]
Бірақ, жаңа кәсіпорын ұжымының қуанышы ұзаққа бармады. Кеңес одағы тарап, әр республика өз алдына бөлініп жатты. Фабрикада басталған жұмыстан береке қашты. Жан-жақтан жиналған мамандар да өз жөндеріне кетті. Бұл тек қана осы кәсіпорынның емес, сол замандағы барлық салаға келген қиыншылық еді. Алайда, еті тірі еңбекқор Забира фабриканы сақтап қалу үшін қолынан келгенше күресті. Мықты мамандардан алған білімі мен азды-көпті тәжірибесін орынды пайдалана білді. Әйтеуір сүйікті кәсіпорнының қаңырап қалмауы жолында барын салды.
Көптеген әріптестері отбасының қамымен басқа жақтарға кетіп қалып жатқанда ол ешқайда кетпеді. Осында қалып, фабриканы өзі басқарды. Жұмысшылар айлап-жылдап жалақысын ала алмай да жүрді. Сонда да Забира Мұхсанқызының алғырлығы мен алған бетінен қайтпайтын табандылығына сеніп, оның қасында фабрикада қалғандары аз болған жоқ. Олардың барлығы алдағы күнге үміт артты, еліміздің экономикасы алға басып, тұрмыстарының түзелер күнін сабырмен күтті. «Шетелдіктердің бізден несі артық? Біз де өз аяқ киімдерімізді шығара аламыз. Әлі-ақ таныламыз!», дегенді жиі айтатын басшысына сенді.

Қашан да «нар тәуекел» деп, зор үмітпен беріле кіріскен іс жемісін бермей қоймайды ғой. Жылдар бойы тынымсыз атқарған жұмыстардың нәтижесі жаман болған жоқ. Қазір жүз алпыстай адам осы кәсіпорыннан ризығын алып, отбасын асырап жүр. Көңіл-күйлері жақсы. Барлығы бір отбасы сияқты, тату-тәтті. Дегенмен, кейде тапсырыс берушінің төлемді кешіктіруіне байланысты жалақының бір аптадай кешігіп қалатын кездері де болып қалады. Мұндай жайттың кездесу мүмкіндігі жұмысқа жаңадан қабылданатын жұмысшыларға алдын ала ескертіледі.

[quote font=»tahoma» font_style=»italic» arrow=»yes»]-Осы фабрикада жұмыс істей бастағаныма биыл 23 жылдан асыпты,- дейді Ақшагүл Жалабаева деген келіншек. -Басында жұмысшы болып келгенмін, кейін бригадир болдым, қазір цех бастығымын. Осындағы барлық жұмысты үйреніп, бес саусағымдай меңгердім десем де болады. Жалақысыз қалған кездеріміз де аз болған жоқ. Сабырмен шыдадық. 1996-98-жылдары түк ақшасыз жүрдік те. Сонда да сүйікті кәсіпорнымды тастамадым. Үміт еттім. Үмітім ақталды. Мінеки, енді жағдайымыз жылдан жылға жақсара түсуде. 3-4 жылдан бері жұмысшылар тұрақты жұмыс жасауда. Менімен қатар келе жатқан әріптестерім де бар осында.[/quote]
Кәсіпорынның тігін цехында шебер болып жұмыс істейтін Клара Нұрболатова да фабрикадағы жұмыстың жанды жүріп жатқанын айтады.
[quote font=»tahoma» font_style=»italic» arrow=»yes»]-Мен мұнда 16 жылдан бері жұмыс істеймін,-дейді ол.-Жұмысты тігіншіліктен бастаған едім. Кейін бақылаушы болдым, бес жылдан бері шебермін. Бүгінде 1-санатты сегіз жұмысшымыз бар. Олардың алды 25, соңы 15 жылдан бері осында еңбек етіп жүрген кісілер. Біз, тәжірибелі мамандар, жұмысқа жаңа келген жастарды баулимыз. Сөйлей де, ести де алмайтын мылқау қыздарымыз бар цехта. Оларға да білгенімізді үйретеміз. Қазір бұл қыздарымыз да жақсы жұмыс істеп, тәуір табыс тауып жүр.[/quote]
Сонау алғашқы жылдары, фабрика ашылған кезде мұнда «мокасиндер» шығарылғанымен, кейін өндірістің бұл түрі тоқтатылды. Қазақстан нарығында қымбат тұратын бұл аяқ киімдер керексіз боп қалды. Сосын басқа түрлі аяқ киімдер тігілді. Бұлар да шығынды ақтамады. Алайда, іс тетігін таба білетін іскер басшы өзіне қарап қалған жүз шақты шаңырақ алдында өзін жауапты сезініп, талмастан табыс көзін іздей берді. Қарапайым халықтың жағдайын да, нарық талабын жақсы білетін Забира көп ұзамай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен келісім жасап, шекарашылар үшін арнайы киім тігуді қолға алады. Бұл істі ретке келтіре бастасымен мұнай компанияларымен де келісімге отырады. Сол-ақ екен, шаруасы оңынан оралып, «Жамал-айға» береке кіре бастады. Кәсіпорын республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі көрмелерге бірнеше мәрте қатысып, жеңімпаз атанып, жүлделер иеленді. Отандық нарықтан ойып алған орны бар.
-[quote font=»tahoma» font_style=»italic» arrow=»yes»]Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлерге жасаған қолдауының пайдасын айтып жеткізе алмаймын,-дейді директор.-Жұмысымыздың алға басуына көп септігі тиді. Бұрын жалақыларын ала алмай, үйлеріне ұнжырғасы түсіп кетіп бара жатқан жұмысшыларымды көргенде жүрегім езіліп, олардың алдында кінәлі жандай бүрісіп қалатынмын. Ал бүгінде, шүкір, барлық мамандарымыз разы. Олар үшін мен қуанамын. Ешқандай қарызымыз жоқ ешкімге. Осынау жетістігіміз ширек ғасыр толып отырған Тәуелсіздігіміздің арқасы. Біздің өндірісіміз негізінде екі өндіріс, тігінмен де айналасамыз. Кеңес заманында «Ару» деп аталған тігін өндірісі базасында әлі де жұмыс жүріп жатыр. Бір кездері төсек жайма, төсекқап, халат, балалар киімдерін де тіккен едік. Нарықтың өзгеруіне байланысты арнайы киімдер тігуге кірістік. Тапсырыс бар, жұмыс қарқынды. Кейде киімдеріміз өңірімізден тыс жерлерге, Атырау облысына да кетіп жатады. Дегенмен, фабрика бастапқыда қандай мақсатта ашылғанын да ұмытпай, «мокасиндер» үлгісіндегі аяқ киім өндіруге де кіріскенбіз. «Шәркей» деп аталатын жеңіл де ыңғайлы аяқ киімдеріміздің ерлерге де, әйелдерге де арналған түрлері, 33-тен 46-размерге дейін бар. Қазақстанда болып жатқан барлық көрмелерге қатысып, көрсеттік.[/quote]
Бүгінде әлемдік брендтермен бәсекелесе алатын «SHARKEY» брендімен шығарылатын ерлер мен әйелдер және балалар аяқ киімдеріне ұсыныстар түсіп, бірнеше келісім жасалды. Атап айтсақ, Алматы қаласындағы «Интертоп Центральная Азия», Астанадағы «ASTANA Ютария LTD» ЖШС, «Медиа Мир Collection» ЖШС, Қарағанды қаласындағы «Ютария» сауда орталығы, Ақтаудағы «Глоголева» ЖК және осындағы «Мечта» сауда орталығы «Жамал-ай» аяқ киімдеріне негізгі тапсырыс берушілер болып отыр. Қазақстанда жасалған бұл қысқы бәтеңкелердің бағасы 9200 теңгеден басталса, қысқы етіктер бағасы 9800 басталады. Бағасына сапасы сай. Әйтпесе, бұл бұйымдар нарыққа төтеп бере алмас еді.
[quote font=»tahoma» font_style=»italic» arrow=»yes»]-Өндіретін өнімдеріміздің бағасына баса назар ауадарамыз. Егер жұмысшыларымыз алған жалақыларымен өздерін, отбастарын асырай алатындай болса, тауар бағасы қымбаттамайды. Ал егер керісінше болар болса, онда амал жоқ, бағаны да көтеруге мәжбүр боламыз. Бірақ қазір жағдай жақсы ғой,-деді Забира Мұхсанқызы.[/quote]
Бұл—біздің кез келгеніміздің көкейімізде жүретін басты сауалдың жауабы еді. Әрине, өндірушіден тұтынушыға дейінгі жол жеңіл емес. Сол жолда қаншама адам бейнет шегеді. Бірақ адал еңбектің наны тәтті. Өнімің сапалы болса, оған сұраныстың да зор болмағы анық.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

    Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

1

2

3

4

6

7

8

9