Елімізде өткен жексенбіде  отбасы күні тойланды. ҚР Президенті Жарлығымен бұл мереке қыркүйек айының екінші жексенбісі күні тойланатын болды. Оның мақсаты – жанұялық құндылықтарды нығайту. Негізінен, бұрын 15-мамыр халықаралық   отбасы   күні ретінде аталатын. Атаулы күн  1993  жылы  БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу түрлі мемлекеттерде қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған.

Өткен жексенбі күні бұл мереке Қарақия ауданында кең түрде тойланды. Мерекеге орай, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Қ. Бесимбаев, №2 өрт сөндіру бөлімінің басшысы С. Сапаровтардың  бастамасымен, осы мекеме атынан Құрық ауылында тұратын мүжәлсіз отбасына қолдау көрсетіп, мектепке баратын балаларына оқу құрал-жабдықтарын алып берді. Сыралиевтер отбасының мектепке бара алмайтын,биыл 8-сынып оқуы керек қызына, үйдегі  кішкентай балапандарына арнап ойыншықтар табыс етті. Еліміз көлемінде алғаш ресми тойланып жатқан отбасы күнімен құттықтап, жеміс-жидек, мерекелік балкүлше ұсынып, азық-түлік, тұрмыстық тұтыну бұйымдарын тарту етті. Отанасы Сыралиева Күләш апа алғысын білдіріп:

-Отбасы күнінде елеп-ескеріп, мынадай құрмет көрсетіп жатқандарыңызға көп рақмет,еңбектеріңнің жемісін көріңдер! Шүкір дейім,үкіметтен басымызға баспана да берді. Ендігі мақсатым осы балаларымды оқытып, жеткізу. Бұрын ауылдағы  Ерсайдың асханасында жұмыс атқарған едім.Жұмыспен қамту орталығы арқылы қайтадан сол жұмысқа  орналассам,деп отырмын.Бұйырса, ол да болар-деп, өз ойын білдірді.

Сондай-ақ, мұндай игі істер, дәл осы мекеменің Жетібай ауылындағы №11өрт сөндіру бөлімшесінің бастамасымен ұйымдастырылып, Жетібай ауылындағы өрімдей төрт қыздың анасы Жамал Жолдасбаеваның отбасына жасалды.Игі шараның мақсаты көп балалы және мүжәлсіз отбасыларға қолдау көрсету және елімізде тойланып жатқан отбасы күні мерекесімен құттықтап, отбасылық мейрамның маңыздылығын көрсету болатын.Қасиетті құрбан айтқа қарсы өткізілген отбасы мерекесі әр үйдің, әр шаңырақтың қуанышы бола берсін. Бұл тек, бастамасы. Әрі қарай да көптеген отбасына жан жылуын сыйлап, аз да болса қол ұшын беретін қайырымды жандар көп болғай! Отбасы күні әр отбасының,әр шаңырақтың мерейлі қуанышына айналсын!

Қайырымдылық шара жасалды