Қарақия ауданы аумағында орналасқан «Ерсай каспиан контрактор» ЖШС және басқадай инвесторлық компанияларына жергілікті тұрғындарды  кәсіптік мамандыққа оқыту, жұмысқа орналастыру барысында  біршама жұмыстар атқарылып келеді. Тек, биылғы жылда «Ерсай каспиан контрактор»ЖШС мен «Жан-Динг-С» ЖШС Маңғыстау облысы бойынша, 229 адам жұмысқа қабылдаған. Оның 127-сі Қарақия ауданының тұрғындары. Қазіргі таңда 47-сі жұмысқа орналасып, жасап жүр, 21-і орналасу үшін құжаттану барысында. Ал 59 адам тест байқауынан өтіп, 29-қыркүйектен бастап кезекті вахталық жұмысқа шығады. Алдағы қазан айынан бастап жылдың соңына дейін әртүрлі мамандықта, 180 адамды  жұмысқа  қабылдамақ. Егер, осы бос орындарға тек ғана жергілікті тұрғындарды қабылдаса, ауданымызда жұмыссыз адам болмас еді? Сонда жұмысқа орналасып жатқандар кімдер? Негізінен, бұл компаниялар, ең бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдау керектігі жөнінде аудан әкімімен келіскен. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту жөнінде білдей екі мекеме жұмыс жасап отыр. Барлық жұмыссыз тұрғынның түйіндемесі осы мекемелер арқылы инвесторлық компанияларға уақытылы жолданып отыр. Дегенмен, ауданымызда жұмыссыз адам жоқ дей алмаймыз. Түрлі себептермен жұмыстан босап қалған, компанияның талабына жас мөлшері сай емес адамдардың қатары баршылық. Сондай-ақ, аталған компаниялар да жергілікті тұрғындарды жұмысқа өздігінен ала қойғысы жоқ. Түйінделген түйткілдің шешімін таппаған жандар аудан басшылығының көмегіне жүгінді.

Бейсенбі күні аудан әкімі Ә. Дауылбаев, Құрық ауылының  жұмыссыз тұрғындарын қабылдап, олардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады.Жиналған жұртшылықтың айтуынша, осы ауданның аумағында орналасқан инвесторлық компаниялар, соның ішінде «Ерсай каспиан контрактор»ЖШС мен «Жан-Динг-С» ЖШС жергілікті халықты жұмысқа алғысы келмейді, әр түрлі сылтаулармен сынақтан өткізбеу, себепсіз жұмыстан босату сондай-ақ, жұмысқа қабылдау сынағында әділетсіздіктер  орын алған, Атырау, Орал сияқты алыс жақтан келушілерді оңай қабылдайтын көрінеді.

Аталған келеңсіздікке байланысты,аудан әкімі,ауданымыздағы қоғамдық кеңестің комиссиясы, аудандық мәслихат басшысы, құқықтық органдардың басшылары, аудандық «Жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу» бөлімінің басшысы, «Қарақия аудандық жұмыспен қамту орталығы» ММ директоры,  «Ерсай каспиан контрактор» ЖШС мен «Жан-Динг-С» ЖШС өкілдері мен кадр бөлімінің менеджері  және шағымданған жұмыссыздардың қатысуымен, жедел отырыс өткізді. Жедел отырысты аудан әкімі өзі басқарып, орын алған жайды ортаға салып, жұмыссыз азаматтардың барлық арыз-шағымдарын тыңдады. Орын алған келеңсіздікке  байланысты, аудан әкімі мен мәслихаты, құқықтық органдар және қоғамдық кеңес мүшелерінің тарапынан, инвесторлық компания өкілдеріне,тікелей «Ерсай каспиан контрактор» ЖШС, кадр бөлімінің менеджері Қ. Ажғалиеваға, «Жан-Динг-С» ЖШС үйлестірушісі Р. Темірғалиевке сұрақтар қойып, жағдайдың мән жайын түсіндіріп, шағымданушылардың арызына байланысты жауап беруді талап етті. Компания өкілдері:

Егер, біздің тарапымыздан қателік кетсе кешірім өтінеміз, ары қарай мұндай келеңсіздікке орын алдырмаймыз, бірақ, Атырау облысының екі жобасы біздің компанияда жүзеге асырылғандықтан, сол жақтан біраз жұмысшы қабылдағамыз, ол заңды талап.Алайда, ол жобаның аяқталуына байланысты, жұмысшылары кетіп жатыр.Бос орындарға жергілікті тұрғындарды қабылдап отырмыз. Алдағы уақытта да әртүрлі мамандықта 180 бос жұмыс орны ашылмақ. Кезінде қандай мамандықта қанша орын керектігі жөнінде нақты мәлімет береміз. Жергілікті тұрғындар арасында жоқ мамандықтан басқа бос жұмыс орындарға  қосымша қабылдайтын боламыз дегенді айтты.

Жұмыс беруші мен жұмысқа тұрушы және аудан басшылығы, қоғамдық кеңес болып  үш жақты өкіл кеңесе келе, инвесторлық компаниялар әуелгі кезекте жергілікті тұрғындарды қабылдау керектігіне тоқталды.Сондай-ақ, аудан әкімі, «Ерсай каспиан контрактор» ЖШС мен «Жан-Динг-С» ЖШС –не, ауданымыздың қоғамдық кеңесінен, мәслихат депутатынан және жұмыспен қамту мекемесінен бір-бір өкілден барлығы үш адамды, жұмысқа қабылдау жөніндегі тестлеуді өткізетін комиссияның құрамына енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, жиында қаралған барлық мәселе бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеп, оның орындалуын тұрақты қадағалап, келеңсіздікті жою шараларын қолға алуды аудан әкімі өзіне жүктеді. Облыс, аудан әкімдері тарапынан шетелдік инвестор компаниялармен арадағы келісімде  көрсетілген шартты осылай естеріне салып тұрмаса, есіріп кететіні бар сыңайлы, инвесторлардың!

Шынар КЕНДІН

Жергілікті тұрғындар  бірінші кезекте жұмыспен қамтылсын