Күллі мұсылман әлемі аңсай күткен ең ұлық мереке — Құрбан айтты қарақиялықтар зор құрметпен,қуанышпен тойлады. Үш күн бойы аталып өтілетін бұл мейрамның барша мұсылмандар үшін мән-маңызы аса зор. Ауқатты, тұрмысы жақсы адамдар Ұлы Жаратушы Иеміздің  разылығы үшін құрбандық шалып, кедей әрі мұқтаж адамдарға, міскін жандарға қамқорлық көрсетеді.Шүкір делік, елімізде бейбіт заман, тоқшылық. Әр қазақстандық құрбан шалатындай халде. Кейбір жанұяларда мұқтаждық болса да, жоқ-жітік, міскін күйде емес. Алладан ізгі тілектер тілеп, шелпек пісіріп, бақилық болған ата-бабаларының, жақындарының рухына құран бағыштап, берекесі мол дастархан жаюда.

«Құрбан айт құтты болсын!», деп бір-бірінің үйіне айтшылаған жұрттың көңіл күйі көтеріңкі. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбіт заман болсын,-деседі,ауыл қариялары. Иә, береке бар жерде мереке, бірлік бар жерде әрқашан тірлік болары сөзсіз!

Айт күні аудан жұртшылығы ерте тұрып,аудандық мешітке жиналды. Жиналған жамағатты,аудан тұрғындарын ұлық мерекесімен аудан әкімі құттықтап сөз сөйледі. Бұдан соң, мешітте айт намазы оқылғаннан кейін жаңадан тағайындалған имам Қамит Тәбәрәк жиналған қауымға арнап уағыз айтты. Көпшілік қауым бір-бірін айт мерекесімен құттықтады. Мешіт алаңына ақ орда тігіліп, кең дастархан жайылды. Мерекеге арналып, арқан тарту, гир тасын көтеру,қол күрестіру, асық ату сияқты әртүрлі ұлттық спорттан  сайыстар өткізілді. Орталық мешітте аудан әкімінің және басқадай мекеме,жеке адамдардың құрбан малы шалынып, ауыл тұрғындарына, жиналған жамағатқа ас берілді. Ұлық мереке құтты, ұлтымыз ауызбіршілікте болсын!

                                                                                                                                                 Аршын Керей

_mg_1307

%d2%9b%d2%b1%d1%80%d0%b1%d0%b0%d0%bd-%d0%b0%d0%b9%d1%82