1995 жылы Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы құрылған болатын. Содан бері ол еліміздегі ең бір белсенді қоғамдық құрылымдардың бірі боп келе жатыр. 1997-жылы оның Ақтау қалалық филиалы өмірге келіпті. Содан бері филиалды аймағымыздағы ең танымал да беделді кәсіпкерлердің бірі және қоғам белсендісі Сәуле Жақаева басқарып келеді. Ақтау филиалы былтырғы жылдан бастап «Ақтау қаласы және Маңғыстау облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығы» болып қайта құрылды. Құрамында облыс бойынша 200 – ден аса мүшесі бар.  Қазір облыстың барлық аудан, қалаларында, селолық аймақтарда өкілдіктер ашылуда. Бұдан бұрын Жаңаөзенде және Маңғыстау ауданында өңірлік филиалдары құрылса, енді кезек Түпқарағанға да жетіпті.

8-қыркүйекте аудандық әкімдіктің кіші залында ауданымыздағы іскер әйелдердің бір тобы аталмыш облыстық филиал жетекшісі Сәуле Жақаевамен және оның орынбасары Ағлен Таласбаевамен кездесті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев қатысты.

-Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы – еліміздің әр аймағындағы білікті де беделді, танымал  әйелдердің қоғамы. Өмірге деген құлшынысы бар, бір орында тұрып қалуды қаламайтын, өзін де, өзгені де өзгертуге ұмтылатын, ерік-жігері мықты әйелдердің ортасы. Талғамы, жасы, тағдыры әрқалай болғанымен, оларды біріктіретін бір мақсат, бір меже бар: ол- ілгерілеу, өсу, қоғамның, елдің дамуына үлес қосу, -деді алғашқы сөзді алған Ағлен Таласбаева.

Сәуле Жақаева түпқарағандық белсенді әйелдерге тәнті екенін білдірді. Қоғам қайраткеріне айналған Айкүміс Досановаға «өзінің сіңлілеріне ісімен үлгі көрсеткен, белсенді болуға үйреткен, батыл, өжет, шаруақор болуға баулыған және қажыр-қайрат берген» деген баға бере отырып, Сәуле ханым қазір түпқарағандық қыз-келіншектер қай істе демықтылығын көрсетіп келеді деді.

Осы жерде Қауымдастықтың Түпқараған аудандық өкілдігі ресми түрде ашылды. Өкілдік құрамында  бизнес, білім, денсаулық және басқа да салалардың майталмандарынан құралған 21 әйел  бар. Түпқараған аудандық өкілдігінің төрайымы болып Мәнет Шырақбай сайланды. Сонымен қатар,  «Әйел және білім», «Әйел және денсаулық», «Әйел және бизнес», «Әйел және отбасы», «Әйел және салауатты өмір», «Әйел және мәдениет», «Жастар қанаты» секцияларының жетекшілері де бекітілді. Құрам әлі де жастар өкілдерімен  толықпақ. Аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы «Әйелдер істері, отбасы және демографиялық саясат» жөніндегі комиссияның төрағасы Талғат Алтынғалиұлы мен аудандық мәслихаттың хатшысы Айкүміс Досанова әйелдердің жаңа қауымдастығының ашылуымен құттықтап, ақ жол тіледі.

Жаңа ашылған әйелдер қоғамының алғашқы үлкен жұмысы да сол жерден старт  алды. Қауымдастықтың биылғы ірі жобасының бірі- мүмкіндігі шектеулі балалардың ішіндегі танатты балаларды қолдауға  арналған «Үміт бер!» акциясы болатын. Конкурс түріндегі акция қазіргі таңда Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау ауданында өтті. Қыркүйектің 23 жұлдызында Түпқараған ауданында өтпек. Әр аудан, қаланың жергілікті билігі мен кәсіпкерлерін, депутаттар мен  мекеме басшыларын аясына тартқан бұл қайырымдылық шарасы- Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «25 мейірімді іс»  республикалық акциясына қосар біздің үлесіміз.  Қазан, қараша айларында Бейнеу, Қарақия, Мұнайлы аудандары мен Ақтау қаласы бойынша өтеді. Ал қорытынды байқау (облыстық)  Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай,  желтоқсан айының басына жоспарлануда. Оған аудан, қалалар бойынша өткен байқаулардың жеңімпаздары қатысады.

Анар РАХИМБЕКОВА