даму қайырымдылық

      Ақтаулық мүмкіндігі шектеулі жан әрі жас кәсіпкер Максим Исенғалиевқа «Даму-көмек» бағдарламасы арқылы көмек көрсетілді. Екінші топтағы мүгедек (диагнозы бойынша мылқау) Максим Майданұлы көмек сұрап «Даму» Қорының Маңғыстау аймақтық филиалына арнайы барған. Нәтижесінде Максимнің жұмысына қажетті лазерлік нивелир, штатив, бұрғы жиынтығы сатып алынып, салтанатты түрде табыс етілді.
-«Даму» Қорының Маңғыстау аймақтық филиалына көмек көрсетуге өтініш білдіруші мүмкіндігі шектеулі жандардың, сондай-ақ оларға «Даму-Көмек» бағдарламасы бойынша көмек көрсетуші кәсіпкерлердің саны да күн сайын көбейіп келеді. Бұл, әрине қуанышты жағдай. Осы жолы облыстағы жеке кәсіпкерлер Ж. Бектұрғанова, «Mirror» компаниясы және «Ventis (Вентис)» ЖШС үшеуі бірігіп, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Максим Исенғалиевқа демеушілік көмегін көрсетті. Бізге хабарласқан мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің сұранысы сай қажетті заттарын сатып алу үшін демеуші іздейміз. Бізге үнемі қолдау көрсетіп, бағдарламаға атсалысуға ниет білдерген кәсіпкерлерге алғысымды айтқым келеді. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады,-дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» бағдарламалар бойынша біліктілікті арттыру менеджері Абай Момбеков.
Жоба арқылы жұмысын жалғастыруға көмек алған Максим он жылдан бері қала тұрғындарына сантехникалық қызметтер, яғни құбырларды, крандарды ауыстыру, кір жуғыш машиналарды қосу сияқты қызмет түрлерін көрсетеді. Өз ісін тиянақты атқаратын жігіттің тапсырыс берушілері де күн санап көбейіп келеді. Сондықтан да ол жұмыс сапасын жақсарту үшін заманауи, жаңа техникаларды алуды жөн санапты. Тапқан табысы күнделікті күнкөрістен артылмайтын болған соң «Даму» Қорының Маңғыстау аймақтық филиалына келіп, көмек сұраған.
-Кәсіпкерлердің көмектесетіні жөнінде мен газет беттерінен оқыдым. «Даму-көмек» бағдарламасы жөнінде ұлыма айтып едім, ол да қуанып кетті. Келіп, хат жаздық, жағдайымызды айттық. Енді міне, ұлымның жұмысына қажетті дүниелерді алып отырмыз. Жастайынан құлағы естімейтін әрі сөйлей алмайтын ұлымның дерті де менің жаныма да батады, бірақ тағдырға не шара. Қуанатыным, мүгедекпін деп қол қусырып отырған жоқ. Еңбек етіп, табыс табуға, отбасын асырауға ұмтылып жүр. Ұлыма тапсырып келіп түссе, әкесі тапсырыс берушінің жұмысын қабылдап, Максимге жөндеу ісінің мән-жайын, орналасқан жерін түсіндіреді. Максимнің он жылдан бері атқарып жүрген сантехникалық қызметтеріне ешқандай шағым болман жоқ. Қайта тапсырыс берушілер кейін келіп, алғысын айтып, ризашылығын білдіріп жатады. Ұлым отбасылы, екі ұлы мен жұбайы бар. Келінім-тігіншілікпен айналысады. Оған да тігін машинасын сұрап «Даму» қорына хат жаздық. Осы жолы ұлымның өтінішіне немқұрайлы қарамай, көмектесіп жатқан азаматтарға аналық алғысымды айтамын,-дейді Фая Исенғалиева.
Айта кету керек, «Даму-көмек» бағдарламасы шеңберінде осы уақытқа дейін өңірде 69 мүгедек-кәсіпкерлерге демеушілік көмегі көрсетілген.

Венера МИРЛАН